Солтүстікте астық ору кешеуілдеп жатыр - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+12 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Солтүстікте астық ору  кешеуілдеп жатыр

Солтүстікте астық ору кешеуілдеп жатыр

Солтүстік Қазақстан облысында толассыз жауған жаңбырға байланысты астық ору науқаны кешеуілдеп жатыр. Егіс алқаптарына комбайнның табаны тимегеніне екі аптадан асты. Оның үстіне жаз бойғы жауынның салдарынан көптеген танаптардағы астық әлі піспеген.

  • 26 Қыркүйек 2015
  • 409
Фото - Caravan.kz

Қызылжар ауданына қарасты мына серіктестік биыл 900 гектарға бидай сеуіпті. «Қыркүйектің басындағы жаймашуақ күндерді пайдаланып, астықтың үштен бірін ғана орып үлгердім»- дейді диқан. Енді міне екі аптадан бері су жаңа комбаиндар қаңтарылып тұр.

Иван Глужневский, шаруа қожалығының басшысы:

-Бидайдың түсімі жақсы. Бірақ бәрі ылғал болып тұр. Алқап басы балшық. Комбаин кіре алмайды. Әйтпесе биыл гектарынан 18-20  центнерге  дейін өнім беретін еді. Әдетте, жылдың бұл мезгілінде егін орағын толық  аяқтайтынбыз.

Әдетте шенеуніктер шаруаларға тас жолдың бойын жағалай егілген бидайды бірінші орып алуға тапсырма береді. Ондағысы өткен-кеткен атқамінерлердің көзіне сүйел болмасын дегені. Бірақ ауа райы оған да мүмкіндік бермеген.

-Жаз бойы төпеп жауған жауын астықтың дер кезінде пісуіне мұрша берген жоқ. Мына алқаптағы бидай әлі көкпеңбек. Алайда оның  сарғайып пісуін күтетін шаруада уақыт жоқ.

Шаруа бұл бидайды тіпті көктей орып алуға да дайын. Тек жаңбыр жаумаса болғаны. Жалпы биыл қызылжарлық диқандар 3 миллион 200 мың гектар жерге бидай сепкен екен. Үш мыңнан астам ірілі- ұсақты шаруашылықтардың тек 6 пайызы егін орағы науқанын толық аяқтапты.


Қайрат Омаров, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

-Ауа-райына қарамастан биылғы  қарқынымыз жаман емес. Қазір алқаптардағы бидайдың  65 пайызы дестеге түсірілді. Жанармай жетеді. Шаруалар бір бірімен техника алмасып, жанталасып жатырмыз.

Былтырғы орақ науқаны шаруа үшін сұмдық болған еді. Төпеп жауған жаңбырдың арты кенеттен қарға ұласып, комбайндар тура ақ ұлпаның  үстімен астық орды. Қыстап шыққан бидай көктемде жиналып масқара болғаны тағы бар.  Биыл да осы жағдайдың қайталануы мүмкін деп тіпті Ауыл шарушалығы министрінің өзі кесіп айтқан-ды. Алайда, синоптиктер алдағы бір аптада жауын-шашын болмайды деп диқанның уайымын  аз да болса сейілтті. 

Соңғы жаңалықтар