Сот Hyundai Motor Company автоконцернінің Алматы-таксидің үстінен түсірген шағымын қанағаттандырды - kaz.caravan.kz
  • $ 519.61
  • 610.13
0 °C
Алматы
2025 Жыл
17 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Сот Hyundai Motor Company автоконцернінің Алматы-таксидің үстінен түсірген шағымын қанағаттандырды

Сот Hyundai Motor Company автоконцернінің Алматы-таксидің үстінен түсірген шағымын қанағаттандырды

Алматы қалалық соты Кореяның "Hyundai Motor Company" автоконцернінің "Алматы-такси" ЖШС тарапынан автокөлік өндіруші концерннің санаткерлік меншік иемдену құқығын бұзғаны жайындағы шағымын қанағаттандырды. Бұл туралы бүгін, 11-мамырда Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Кореялық компанияның Қазақстандағы өкілдері құлағдар етті,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

  • 11 Мамыр 2005
  • 730
Фото - Caravan.kz

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, «Hyundai Motor Company» автоконцерні 2004-жылдың мамыр айында Қазақстандағы өз өкілі мен республиканың кеден мекемелеріне Қырғызстан аумағынан Қазақстанға «Hyundai» маркалы сапасыз автокөліктердің енгізіліп сатылу қаупі бар екені жайында хат жазып хабарлады.

«Спейс моторс» компаниясы Қырғызстанда сату үшін әкелген 1088 автокөлікті Оңтүстік Кореяның сақтандыру компаниялары АҚШ-қа көлік тасымалдаған кемедегі өрттен кейін пайдалануға жарамсыз деп тапқан болатын. Сатып алу және сату жөніндегі келісімнің шарттарында «Спейс моторс» компаниясы, біріншіден, тұтынушыға автокөліктердің тарихы туралы хабардар етуге, екіншіден, ақаулы автокөліктерді Қырғызстан аумағынан басқа жерде сатпауға міндеттеме жүктеген.
Өнім өндіруші компанияның талпыныстарына қарамастан, ақаулы автокөліктер Қазақстанға енгізілді. Автокөліктерді Қазақстанның «Алматы-моторс» компаниясы Қырғызстаннан сатып алған. Өнім өндіруші компанияның тауарлық белгілерін пайдаланған «Алматы -моторс» сапасыз автокөлікті жаңа деп көрсетіп, демпингтік бағаға сатуға кіріседі.
2004-жылдың желтоқсан айында «Hyundai Motor Company» автоконцерні «Алматы-такси» ЖШС-нің іс-әрекеттеріне қарсы сотқа шағым түсірді. Онда ақаулы автокөліктерді республика аумағына енгізіп сату «Hyundai» брендінің беделіне нұқсан келтіретіні алға тартылды. «Алматы-такси» ЖШС Кореялық компанияның таққан айыптарын мойындаудан бас тартты.
2005-жылдың 3-мамырында сот «Hyundai Motor Company» автоконцернінің шағымын толық қанағаттандырып, жарамсыз деп танылған партиядан «Hyundai», «Hyundai Лого», «Sonata», «Tiburon», «Santa Fe», «Terracan», «Accent», «Coupe», «Gets», «Trajet», «Matrix», «H-I» тауарлық белгілерін пайдаланып Қазақстанда автокөліктер сату, ұсыну, енгізу және сатуға тыйым салды.
Сотта «Hyundai Motor Company» автоконцернінің мүддесін қорғаған АҚШ-тың «McGuire Woods» заңгерлік фирмасының өкілі Юрий Болотовтың айтуынша, Қазақстандағы сот тәжірибесіндегі осынау тұңғыш процесс республикада авторлық құқықты қорғау тетіктерінің жұмыс істеп жатқанына дәлел болмақ. Оның пікірінше, патенттік құқық саласындағы заңнамалық базаның кейбір ақтаңдақ тұстарына қарамастан, бұл дерек өркениетті сот төрешілігінің нышаны болып табылады.
«Hyundai Motor Company» автоконцернінің Қазақстандағы өкілі Серік Айтбаевтың айтуынша, бұл процесс арқылы Кореялық компания «Алматы-такси» ЖШС-нің әрекеттері салдарынан шеккен шығынның орнын толтыруды мақсат етіп қойған жоқ. Автоконцерн үшін бірегей жолмен әділеттілік орнату маңызды болды, дейді ол. «Соттың шешімінен кейін»Hyundai Motor Company» автоконцернінің тауарлық белгілерін заңсыз пайдаланғысы келетін компания табыла қоймас деп ойлаймын»,- деді ол. Алайда егер алда-жалда ондай оқиға бола қалса, келесі шағым талабы тым қатаң болады. Ондай жағдайда шеккен шығын мен болашақ шығынды бірдей өтеуді талап ететін боламыз»,- деді С.Айтбаев.
Алматы қалалық сотының шешімі 19-мамырда күшіне енеді. «Алматы-такси» ЖШС 18-мамырға дейін соттың шешіміне қарсы аппеляциялық шағым түсіре алады. Кореялық компания өкілінің ақпаратына сәйкес, Қазақстанда өрттен зардап шеккен партиядан 180 автокөлік сатылған. Кейбір сатып алушылар сапасыз автокөліктерді сатқан «Алматы-такси» ЖШС-іне қарсы сотқа шағым түсірді.

Перейти к новостям спорта