Азаттық тілшісінің хабарлауынша, судья адвокаттардың Матаевтарды әрқайсысына 500 айлық есептік көрсеткіш (бір айлық есептік көрсеткіш — 2121 теңге) көлемінде кепіл төлеп үйқамақтан босату, сот процесін Матаевтар тұратын Алматыда өткізу және сот-экономикалық сараптама тағайындау туралы өтініштерін қанағаттандырмады.
Адвокаттардың бұл өтінішіне прокурорлар А.Абаев пен Е.Құрақбаев та қарсы болған.
Судья бүгін түске дейін басталған соттың алдын ала тыңдауында Матаевтар адвокаттарының сотқа кардиолг дәрігердің Сейітқазы Матаевтың денсаулығын бақылап отыру үшін қатыстыру және процеске адвокаттарлы ноутбукпен кіруіне рұқсат ету өтінішн қанағаттандырған.
Биыл 22 ақпанда «мемлекет қаржысын жымқырған» және «салықтан жалтарған» деген күдікпен ұсталған Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев 24 ақпаннан бері үйқамақта отыр. 28 наурызда оның ұлы, ҚазТАГ ақпарат агенттігі бас директоры Әсет Матаев та үйқамаққа алынған. Әкелі-балалы Матаевтар өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарып, «келген зиян» туралы айыптау толыққанды аудиторлық тексеру жүргізілместен тағылғанын айтады.
Мамыр айында Сейітқазы Матаевтың адвокаттары оған тағылған айып "қызмет өкілетін пайдаланып өзіне артылған сенімді теріс мақсатқа пайдаланды" деген ауыр бапқа өзгергенін хабарлаған. Әсет Матаевқа қатысты айып та осыған ұқсас өзгертілген.