Жарияланды: 430

Сот отырысы енді Челахтың қатысуынсыз жалғасады

Владислав Челах бүгін тура сот залында өз-өзіне қол салмақ болды. Арқанкерген бекетінде қызметтестерін өлтірді деп айыпталған шекарашы өзі отырған орындықтың сынығымен күре тамырын кескілеген. Тек қарауылдардың бірі дер кезінде қимылдап үлгерді. Ал кетерінде сот процесіне қатысып жатқандардың барлығын қырып саламын деп айқайға басты. Адвокаты мұны шекарашының тергеу барысында жүйкесінің жұқарғандығымен түсіндіріп отыр. Сондықтан Челахты қайта психиатриялық тексеруден өткізуді сұрады.

Дүйсенбіде шатақ шығарып тілшілерді желкемнің шұқыры көрсін деп сот залынан аластатқан Челах бүгінгі сотта тағы қылық шығарды. Процесс бастала салысымен мемлекеттік айыптаушылар бес ай бойғы тергеу барысында Челахтың абақтыдағы қарекеттері мен айтқан сөздері жазылған бейнетаспасын көрсетуді сұраған. Тіптен жасырын бейнекамералардан алынған жазбалар да бар екен. Осыны ести салысымен Челах сот залында отырған жерінен өз-өзіне қол салмақ болды.

Тәртіп сақшылары еңкейіп барып тамырын кеспек болған Челахқа қас пен көздің арасында бас салды. Қолын қайырып сот залынан алып кетті.

Әнуар Сабыржанов, Алматы облысы ІІД бөлім бастығы:

- Сот залындағы орындықтың бір шетін сындырып өзінің тамырын кесіп жібермек болды. Бірақ онысынан түк шықпады. Сақшыларымыз оның еңкейген сәтінде дереу кабинаға кіріп оқыс оқиғаның алдын алды.

Артынша дәрігерлер келіп айыпталушыны тексерген. Қанша талпынғанмен, айтарлықтай жарақат салмапты денесіне.

Аслан Қалибеков, Алматы облыстық ауруханасының травматологы:

- Қолы аздап қызарып қалыпты. Өз-өзіне қол салғысы келгенмен ауыр жарақат алмаған, дәрігерлік көмек көрсетілді жағдайы қазір жақсы.

Челахтың өз-өзіне қол салғанын да адвокат Серік Сәрсенов тергеу барысына жапты. Оны қинаған, содан жүйке жүйесі қажыған деп. Тіптен жаңадан психиатриалық тексеру жасауды да сұрады. Челахтың өзі болса, мемлекеттік айыптаушылар мен судья құқығымды аяқ асты таптады деп, сот процесіне қатысудан бас тартты. Сәлемдемесін адвокатынан айтып жіберген. Енді сот ісі әрі қарай айыпталушының қатысуынсыз жалғаспақ. Бірақ қайта қатысамын десе судья оған рұқсат беретінін алдын-ала айтты. Ал Челахтың бүгінгі әрекеті жәбірленушілердің ашуын қоздырған сыңайлы. Арыстай ұлдарынан айырылып, қара жамылған ата-аналар айыпталушы әдейі бейнежазбаларды көруден бас тартты, өйткені арты қуыс деп салды.

Ардақ Әмірғалиев, марқұм Бекзат Әмірғалиевтың ағасы:

- Челах өзінің кім екенін көрсетті. Біріншіден тығылып отырды, соттың отыратын орнында. Бізге шындықты айтқан жоқ, өзінің жолдастарын бензин құйып өртегенін мойнына алды, ешкім оны қинаған жоқ. Челах бүгін отырған жеріндегі пластикті сындырып неге қашып кетеді егер ол адал болатын болса.

Ахметжан Шудабаев, марқұм Рүстем Ақылбаевтың атасы:

- Ол бәрін өлтірді өзі бәрін мойындады. Менің баламның ақшасын, ұялы телефонын, әмиянын алды. Басқа балаларды да сөйтті. Сосын ізін жасыру үшін бекетті жақты.

Өз-өзіне қол салып жауаптан құтылам деді ме, әлде айыптаушылардың аяушылығын шақырамын деді ме мақсаты белгісіз боп қалды Челахтың. Бірақ қанша шатақ шықса да бейнетаспалар түстен кейін көрсетілді көпшілікке. Онда айыпталушының тергеу изоляторында қасындағы азаматқа қылмысты қалай жасағанын тәптіштеп түсіндіріп жатқаны түгел жазылған.

- Мені пайдаланғысы келді бәрінің, бірақ өзімнің арымды таптататын адам емеспін. Енді ана дүниеде құмарлары қансын. Сол күні кезекші болдым. Қару- жарақ қоймасы бәрінің кілті менде болды. Барлығын атып бастағанымда мені ішке кіргізбей казарманы жауып алды. Айналып есіктен кірдім. Тарсылдатып атып салдым барлығын. Соңында тек өлі денелері қозғалмай жатты. 

Бүгін сондай-ақ Бас прокуратура Серік Сәрсеновтың шулы мәлімдемелерін жоққа шығарды. Адвокат кеше Арқанкерген бекетінде 15 емес, 18 адамның мәйіті табылды, ол қылмыстық істе жазылған деген болатын.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін