Сот сараптама орталығының басшылары мәйітхананы пайда көзіне айналдырған
|
Сатылған мүрделер! Астанада мәйітханадағы марқұмдардың денелерін туыстарына сатқан сот-медициналық сараптама орталығының басшысы мен бөлім жетекшісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Ар-ожданнан жұрдай сот сараптамасының басшылары мәйітті жерлеуге алып кетеміз деп келген туыстардың әрқайсысынан ірі көлемде ақша талап етіп отырған. Яғни, мемлекеттік бағасы 9 жарым мың тұратын бальзамды 30 мың теңгеден сатқан. Медицина қызметкерлері марқұмдардың неден өлгенін бұрыс жазып, жалған анықтама беруді де қып-қызыл ақша көзіне айналдырыпты. Шамасы Астанада бір ғана сот-медициналық сараптама орталығы болғандығын пайдаланса керек, дәрігерлер осындай бассыздыққа жол берген. Ең сорақысы сол - олар бай-манаптардан емес, мәйітханаға келген қарапайым тұрғындардың қалтасын қаққан. Сондықтан, ақшасы жоқ адамдарға тіпті мәйітті бермей бос қайтарған кездері де болыпты. Адам басындағы қайғыны ысырып тастап, құлқын қамыт күйттеген орталықтың бұрынғы басшысы Роллан Үсіпханов сот санкциясымен қамауға алынды. Оған сондай-ақ қызмет бабын асыра пайдаланды деген айып тағылып отыр. Үсіпханов мырза өзі басқарған 2009 және 2012-інші жылдар арасында 12 жұмысшыны түрлі қызметтегі жалған жұмысқа алып, оларға 7 млн.теңгені еңбекақы ретінде есептеген. Ал, оның сыбайласына қатысты тексеру жұмыстары жүріп жатыр.
Шолпан Ташетова, Астана қалалық ЭСЖҚКД баспасөз хатшысы:
- Тергеу барысында орталықтың қызметкерлерімен мемлекеттік кәсіпорынның кассасынан тыс мәйіттерді бальзамдау бойынша қызметтерді көрсетудің 15-тен астам фактісі анықталған. Аталған қызметтер Үсіпхановтың тікелей нұсқауымен жасалған және 30 мың теңге сомасындағы алынған табыс Орталықтың лауазымды тұлғалары арасында бөлініп отырған.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін