Сaravan.kz медиа порталының тілшісі прокуратура әшкерелеген сұмдық шындық туралы хабарлайды.
Қазақстанда қамқоршылық жүйесі ақсап тұр. Ақмола облысы прокуратурасы жариялаған ақпарат тікелей балалар мен ересектердің тағдырына әсер етеді. Сорақы фактілер жүйедегі қордаланған мәселелердің көрінісі.
Прокуратура анықтаған мәліметке сүйенсек, уәкілетті органдар заң бойынша мұндай міндет атқаруға мүлдем құқығы жоқ адамдарды қамқоршы етіп бекіткен.
Мысалы, бір жағдайда әрекетке қабілетсіз екі адамға бұрын кісі өлтіргені үшін сотталған ер адам қамқоршы болып тағайындалған.
Басқа бір істе қамқоршы ретінде «шизофрения» диагнозы қойылған азамат тіркелген.
Бұдан бөлек, облыстық органдар ең қарапайым бақылаудың өзін жүргізбеген. 28 қайтыс болған адам жұйеде әлі күнге «әрекетке қабілетсіз» ретінде есепте тұрған.
Мұндай өрескел қателіктерге қалайша жол берілді?
Қарапайым деректерге қарасақ, мұның бәрі жеке қателік секілді көрінуі мүмкін. Бірақ тереңірек үңілсек, мәселе әлдеқайда күрделі. Заң бойынша сотталғандар да, психикалық ауруы бар адамдар да қамқоршы бола алмайды. Бірақ тексеру тым формалды түрінде қалып отыр. Мемлекеттік органдар үміткер әкелген қағаздарға ғана сүйенеді, ал ведомствоаралық толық тексеру жасалмайды. Яғни үміткер сотталғанын айтпаса, оны ешкім тексермейді. Дәл сол сияқты психикалық есеп туралы ақпарат та сұралмайтын болып тұр.
Елде қамқоршылар жетіспейді. Әкімдіктер үшін қамқоршылық аса маңызды әлеуметтік жұмыс емес, «бос орынды толтыру» міндеті болып кеткен. Сол себепті табылған үміткерді жоғалтып алмау үшін кейде оларды толық тексермей бекітіп жібереді. Осылайша жүйе нақты қауіпсіздікті емес, қағаз жүзіндегі «жабылған мәселені» таңдайды.
Қамқоршы бекітілгеннен кейін ешқандай бақылау болмайды. Оның денсаулығы өзгеруі мүмкін, жаңа құқықбұзушылық жасауы мүмкін, тұрмысы нашарлауы мүмкін. Бұл жағдай тексерілмейді.
Қайтыс болған адамдардың тірі ретінде есепте тұруы тіпті ақылға қонымсыз. Бұл екі үлкен проблеманы көрсетеді:
— ЗАГС, әлеуметтік қызметтер және қамқоршылық органдарының базалары бір-бірімен байланыспайды;
— жүйе қамқорланушылардың жағдайын мүлдем бақыламайды.
Жүйеде адамның өлі-тірісін білмей отырса, қамқоршының жағдайын бақылау туралы қалай айтуға болады?
Мұндай жерде есеп беру басты орынға шығып, жауапкершілік екінші орынға ығысты. «Есепке қою», «қамқоршы тағайындау», «құжатты жабу» ғана маңызды көрсеткішке айналды. Ал адам құқығы, оның шынайы жағдайы, қамқоршының адалдығы мен қауіпсіздігі назардан тыс қалып отыр.
Прокуратура мұны неге дәл қазір анықтады? Әдетте мұндай жағдайлар тек үлкен тексеріс кезінде немесе туыстар, еріктілер шағымданғанда, басшылық ауысқанда, не жоғарыдан әлеуметтік саланы қатаң бақылау тапсырылғанда белгілі болады. Қамқоршылық тұрақты тексерілетін сала емес, сондықтан қадағалауды күшейткенде, жылдар бойы жиналған қателер бірден ашылады.