Сотталғандарды индустрияландыру жобаларын жүзеге асыруға «жегу» керек - республикалық басылымдарға шолу
«Қарашаның 6-ы күні көп айтылып, жиі насихатталып жүрген құнды қағаздар рыногындағы жаңа бастама - «Халықтық IPO» бағдарламасының табалдырығын аттадық. Үкімет шешімімен мұзды жарған кемедей жол бастау «ҚазТрансОйл» компаниясына жүктелді. Күні бүгінге дейін «Халықтық IPO» деген не, қатысушыға одан тиімділік қандай, қатысудың жолдары мен талап-тәртібі қайсы деген бағыттарда алғышарттары насихатталып келген халық арасына енді өз |
акцияларын жарнамалау үшін «ҚазТрансОйл» компаниясының басшылары келді»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында «ҚазТрансОйл» басшылары жұртшылықпен кездесті» атты материалда. Ақтауда өткен роуд-шоуда «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры Қайыргелді Қабылдин «ҚазТрансОйл» АҚ акцияларын Қазақстан азаматтарының арасында тарату, «ҚазТрансОйл»-дың экономикалық әлеуеті жайында айтып, компания туралы егжей-тегжейлі таныстырған көрінеді.
Осы басылымда Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы Игорь Роговтың «Демократия дамуының жаңа деңгейі» атты мақаласы басылыпты. «Үстіміздегі жылы Қазақстанның құқық қорғау саласында, ең кем дегенде, екі ірі оқиға болды. 13 наурызда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық Комиссиядағы (Венеция комиссиясындағы) мүшелігі туралы» Жарлыққа қол қойды. Мемлекет басшысының бұл актісі Қазақстанның тиісті өтінімін қанағаттандыру туралы Еуропа Кеңесі Министрлер Комитетінің шешімінен кейін қабылданды, ал бұл Қазақстанның құқық үстемдігін нығайту саласындағы жетістіктерін халықаралық қауымдастық мойындағанын білдіреді.12 қарашада Нью-Йорк қаласында БҰҰ Бас Ассамблеясының 67-сессиясы барысында БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 2013-2015 жылдарға арналған жаңа мүшелерін сайлау болып өтті. Осы сессияда Кеңес құрамына барлығы болып жаңа 18 мүше ел, солардың қатарында Қазақстан да сайланды. Бұл шешім адам құқықтарының мызғымастығы мен үстемдігін қамтамасыз етудегі еліміздің жетістіктерін сөзсіз айғақтайды»,-деп жазылған онда.
***
«Айқын» басылымының жазуынша, сотталғандарды Үдемелі индустрияландыру жобаларын жүзеге асыруға «жегу» қажет. Кеше Астанада өткен Жергілікті билік органдарының ұлттық форумында қызықты ұсыныс жасалды. Ол Парламент өкілдері тарапынан қолдау тапты. Бір айта кетер жайт, тіпті өзін қазіргі заманауи өркениеттің көшбасшысы санайтын АҚШ-та да ірі инфрақұрылымдық жобалардың құрылысын салуға, әсіресе, егер олар шөл дала сияқты адам төзбес, ауыр жағдайларда жүретін болса, аса ауыр қылмыстары үшін бас бостандығынан айырылғандарды тарту тәжірибесі бар. Ал Қазақстанда болса, Ұлттық форумға қатысушылардың байламынша, үлкен адами ресурс пайдаға жаратылмай жатыр. Бұл мәселе жөнінде газет «Сотталғандарды сапалы жұмысқа «жегу» керек» атты мақалада жазды.
***
«Алаш айнасы» газетінің 14 қараша күнгі санының тұрақты Ой-көкпар айдарына «Шетелде білім алып келген жас мамандардың потенциалын дұрыс пайдаланып отырмыз ба?» деген тақырып талқыға түскен. «Болашақ» бағдарламасы аясында ең алғаш 1994 жылы бір топ қазақстандық студент білімдерін жетілдіру үшін шетелдік жоғары оқу орындарына аттанды. Алғашқы жылдары студенттеріміз әлемнің 13 елінде білім алса, бүгінде үміткерлерге әлемдегі 32 елдің алдыңғы қатарлы 630 оқу орнында оқи алатындай мүмкіндік қарастырылған. Осы уақыт ішінде мыңдаған студенттеріміз мемлекет көмегімен шетелдің алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алды. Әйтсе де бүгінгі күні олардың қаншасының мемлекетке қызмет етіп жатқаны белгісіз. Қоғамда шетелде білімін жетілдіріп келген жастар жайлы тартысты пікір де көп. Сондықтан дәстүрлі айдарымызда «Шетелде білім алып келген жас мамандардың потенциалын дұрыс пайдалана алып отырмыз ба?» деген сауал мамандар талқысына түскен.
***
Қарашаның соңына дейін қаржы полициясының қызметкерлері Петропавл әкімдігінің шенеуніктерінен құралған қылмыстық топ жөніндегі қылмыстық іс бойынша тергеуді аяқтауды көздеп отыр. Мамандардың есептеуіне қарағанда, бес жылдың ішінде олар 1 млрд. теңгеден астам қаржыны жымқырған көрінеді. Бұл жайында «Экспресс К» газетінің бүгінгі санындағы «Как чиновники «лимоны» с рынка таскали» атты материалда толық баяндалған.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін