Жарияланды: 460

"Союз ТМА-13" ғарыш кемесінің негізгі және қосалқы экипажының мүшелері Байқоңырға келді

Байқоңыр. 30 қыркүйек. "Қазақстан Бүгін" -"Союз ТМА-13" ғарыш кемесінің негізгі және қосалқы экипажының мүшелері кеше Байқоңырға келді, деп хабарлайды агенттік тілшісі ғарыш айлағындағы ақпарат көзіне сілтеме жасап.

Бортында экипаж мүшелері және Ю. Гагарин атындағы ғарышкерлерді дайындау орталығының мамандары бар Жұлдыздар қалашығынан ұшып шыққан ұшақтар араларына бірнеше минут салып "Крайний" аэродромына келіп қонды. Ғарышкерлерді "Байқоңыр" Федералдық ғарыш орталығының, қала әкімшілігінің, ғарыш айлағының басшылары, Қазақстанның ғарыш құрылымының өкілдері қарсы алды. Байқоңырға ұшу алдындағы дайындық үшін "Союз ТМА-13" негізгі экипажы - Халықаралық ғарыш станциясының бортинженері, "Союз ТМА-13" командирі - Юрий Лончаков (Ресей Федерациясы), ХҒС командирі, "Союз ТМА-13" бортинженері - Эдвард Майкл Финк (АҚШ), ғарыштық ұшырылымның қатысушысы - Ричард Гэрриот (АҚШ), сондай-ақ, дублерлер - Геннадий Падалка (Ресей), Майкл Баррет (АҚШ), Ник Халик (Австралия) келді. Дайындық жоспарына сәйкес, экипаждар барлық дайындық кезеңін ғарыш айлағында өткізеді. Экипаждар "Ғарышкер" қонақ үйіне орналастырылды. Ертеңнен бастап жоспарланған жаттығуларын орындап, №254 алаңның монтаждық-тексеру корпусында "Союз ТМА-13" ғарыш кемесінде жаттығу жасайды. Жаттығу барысында негізгі және қосалқы экипаж мүшелері скафандрларды киіп көріп, ұшу-қону орындықтарын, байланыс жүйелерінің жұмысы мен ғарыш кемесіндегі құралдардың орналасуын тексеріп көреді. Ғарышкерлер экипажының 18 экспедициясын "Союз ТМА-13" пилотты ғарыш кемесімен ғарыш айлағының №1 ұшыру алаңынан Халықаралық ғарыш станциясына ұшыру 2008 жылдың 12 қазанына Астана уақытымен 13.01-ге белгіленген. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть