Жарияланды: 430

Спорт жаңалықтары

Павлодарда бес бірдей елдің үздік акробаттары 5 дүркін әлем чемпионы Евгений Марченконың жүлдесін сарапқа салды. Дәстүрлі турнир биыл ерекше жоғары деңгейде өтіп, жылда қатысушы Ресей елі биыл 14 бірдей командасын жарыс жолына қосты.

Қатысушылардың саны жылдағыдан әлдеқайда асты, оған қоса спортшылардың спорттық дәрежесі де жаман емес. Тұрақты қатысушылар Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және еліміздің әр аймағының акробаттары. Дебютант та жоқ емес, ол Түркменстан құрамасы. Ертіс бойындағы залда спорттық акробатиканың  үш стилі бойынша жарыс өтті- батут, секіру және кілемдегі сайыстар. Павлодардағы турнир Халықаралық гимнастика федерациясының бағдарламасына енгенін айта кеткен жөн. 

Соңғы жылдары елімізде спортқа ерекше мән беріліп, еліміздің түкпір-түкпірінде  заманауи спорт нысандары бой көтеруде. Әсіресе  ауыл спортының дамып келе жатқандығы қуантады. 

Республика бойынша жалғыз Қызылорда облысында ғана ауылдық жерлерде спорт нұсқаушылары жұмыс істейді. Облыс әкімінің шешімі бойынша 2011-13 жылдар аралығында облыстың барлық ауылдарында шағын спорт алаңдарын ашу көзделіп отыр. Осы уақыт ішінде 208 шағын спорт алаңдарын салуға облыс қазынасынан қомақты қаржы бөлінген. Осы ретте Досбол би ауылында футбол, волейбол және жүгіру алаңы бой көтерді. Футбол алаңына жасанды көк төселген, әлемдік талаптарды қанағаттандырады.  Кешеннің ашылуына орай, волейбол, футбол және жүгіруден Шымкент пен Қызылорда командаларының арасында жолдастық кездесулер болып өтті.

Англияның  көгалды корттарында бастауын алған Уимблдон турнирінің алғашқы ойындарының өзі тартысқа толы болуда. Әлемнің үздік теннисшілері жеңістен бастады.

Испандық Рафаэль Надаль америкалық Майк Расселмен күш байқасты. Әлемнің бірінші ракеткасы 6:4, 6:2. 6:2 есебімен үздік шықты. Аса тартысты матч өткізгендердің қатарында Энди Маррей бар. Испандық Даниэль Гимено Травермен кездескен ағылшын алғашқы сетте 4:6 нәтижесімен есе жіберді. Дегенмен  кейін 6:3 есебімен жеңіске жетіп, тағы екі сетте 6:0 есебімен таза жеңіске жетті. Әйелдер арасында да үздіктер әзірше сүрінбей келеді. Турнирдің  екінші  ракеткасы Вера Звонарева америкалық Элисон Рискені тізе бүктірді. Есеп - 6:0, 3:6, 6:3. Біраз үзілістен соң жеңісті көздеп келген Винус Уильямсқа алғашқы ойында ортаңқол қарсылас түсті. Өзбек қызы Ақгүл Аманмұрадованы ол 6:3, 6:1 есебімен қапы қалдырды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін