Жарияланды: 460

СПОРТ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

Қазақстандық су добы шеберлері Шанхайда өтіп жатқан әлем чемпионатында сәтсіз өнер көрсетуде.Өз тобындағы алғашқы матчта ірі есеппен Испаниядан ұтылған еліміздің ерлер құрамасы екінші бәсекеде Венгрияға жол берді. Есеп  5:16. Қыздарымыздың да аяқ алысы нашар. Алдымен 6:21 есебімен Венгриядан жеңілген жерлестеріміз, екінші матчта 3:13 есебімен Голландия құрамасынан мүлт кетті.

Тур де Франста соңғы екі кезең бойы норвегиялық велошабандоздар ерлеп тұр. Бір күн бұрын Тор Хушовд топ жарса, таулы аймақ арқылы өрбіген 17-ші кезеңде оның отандасы Эдвальд Баоссон Хаген үздік шықты.

Франциядан шыққан велокеруен бұл күні Италияны бетке алды. Ұзындығы 179 шақырымды құраған кезеңде өзінің жеке басының шеберлігін танытқан Эдвальд Хаген пелотонға жеткізбеген күйі мәреге бірінші келді. Жеңімпазға 40 секунд ұтылған голландиялық велошбандоз Баук Моллема екінші, ал француз Санди Касар үшінші нәтиже көрсетті. Таулы аймақ арқылы өрбіген бүгінгі жарыс жолында сары жейдеге көз тіккен үміткерлер тағы да өзара бәсекеге түсіп көрді. Бірақ бүгінгі кезеңдегі тартыс жалпы есептегі жағдайға анау айтқандай әсерін тигізе қойған жоқ. Үстіне сары жейде киген  француз Томас Феклер көш бастап тұрса, аустралиялық Кадель Эванс оған 1минут 18 секунд ұтылуда. Мәртебелі доданың үш дүркін жеңімпазы Альберто Контадардың аяқ-алысы жаман емес. Ол генералдық тізімде әзірге алтыншы орында.    

Америка кубогының финалдық жұбы белгілі болды. Аргентина жерінде өтіп жатқан кубоктың ақтық айқасында Уругвай мен Парагвай құрамалары өз ара мықтыны анықтамақ.

Жартылай финалда Венесуэланы пенальтиден ұтқан Парагвайлықтар ендігі кезекте финалдық бәсекеге дайындалуда. «Мальвинас Аргентинас» стадионын лық толтырған жанкүйерлер негізгі уақытта соғылған голдарды көре алмады. Бұл турнирде қарсылас шыдатпаған қос құрама көбінесе қорғанысты мықтауды ойлапты. Аз күшпен алма кезек шабуылдаған футболшылар тас қамал қорғаушылардан өте алмады. Нәтижесінде ойынның негізгі уақыты тең аяқталды. 30 минуттық қосымша уақытта Венесуэла құрамасы жеңісті жұлып әкететін бірнеше мүмкіндікті уысынан шығарып алды. Бір-бірін ала алмаған қарсыластар, жеңімпазды пенальтидан анықтады. Бұл сында қарсыластарына қарағанда мергендік танытқан парагвайлықтар 5:3 есебімен жеңіске жетті. Енді Парагвай құрамасы шілденің 24-і күні Уругвай аяқдоп шеберлерімен Америка кубогын сарапқа салады.

Әйгілі қытайлық баскетболшы Яо Минь үлкен спортпен қоштасты. Шанхайда өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық баскетбол қауымдастығында өнер көрсетіп келген гулливер осылай деп мәлімдеді.

Атақты баскетболшы бірнеше ауыр жарақат алғаннан кейін осындай шешімге тоқтаған екен. 2002 жылдан бері «Хьюстон Рокетс» клубы сапында бақ сынаған Яо Минь, бір ойында орта есеппен 19 ұпай алып отырған. Жеті жыл қатарынан жұлдыздар матчына қатысқан 30 жастағы баскетболшы осы жылдар ішінде Ұлттық лигадағы ең мықты спортшылардың біріне айналды. Алайда соңғы жылдары жарақаттың кесірінен қытайлық шебер 250 кездесуді сырттай тамашалауға мәжбүр болды. Бойы 2 метр 29 см-ді құрайтын бойшаң жігіт ендігі кезекте қытайлық клубтардың бірінде менеджер қызметін атқармақ. Естеріңізге сала кетсек «Форбс» журналы Яо Миньді әлемдегі ең ауқатты қытайлықтардың санатына кіргізген.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін