Жарияланды: 530

СПОРТ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

Бұл күндері елордамыз Астанада жасөсіпірімдер арасында бокстан әлем чемпионаты өтуде. Әзірге қазақстандық жас өрендердің аяқ-алысы жаман емес. Шаршы алаңға шығып үлгерген боксшыларымыздың алды түгел жеңіске жетті. Астанадағы Әлем біріншілігінің жеңімпаздарын 31-шілдеге жоспарланған ақтық жекпе-жектер анықтап береді.

Бүгін Астанада теннистен Президент Кубогы жолындағы халықаралық турнир жалауын көтерді. Былтырмен салыстырғанда жүлде қоры екі есеге өскен дәстүрлі жарыста, биыл 30 мемлекеттің теннисшілері өнер көрсетіп жатыр. 

Екінші бір үлкен жаңалық, бұған дейін Астанадағы турнирде тек ерлер жағы бақ сынасып келсе, биылғы турнирдің ортасынан теннисші қыздарды да көретін боламыз. Жүлде қоры 225 мың долларды құраған додада швейцариялық Марко Кьюденели, словак Карл Бэк, израильдік Дуди Села, жапон Юнри Намигата, және бір топ ресейлік теннис жұлдыздары бақ сынамақ. Ал Қазақстан намысын Андрей Голубев, Михалил Кукушкин, Зарина Диас және Галина Воскобоева қорғайды. Жеңімпаздар бір аптадан соң анықталмақ. Бір айтары, Астанадағы турнирде алынған ұпайлар теннисшілердің рейтинг кестедегі жағдайына өз әсерін тигізеді. Өйткені бес жылдан бері Қазақстан Президенті Кубогы жолындағы жарыс, әлемдік тур «ATP Challenger» шеңберінде өткізіліп келеді. 

Жанат Тілеуқұл, ҚР Теннис федерациясының баспасөз хатшысы:

-Мақсат біреу, тек қана жеңу! Андрейді білесіздер. Андрей Голубев екі жыл қатарынан Президент кубогында жеңіске жетті. Әрдайым турнирге теннисші қатысса, оның мақсаты - жеңу.

34 жастағы аустралиялық велошабандоз Кадель Эванс, велоспорт әлеміндегі ең мәртебелі көпкүндік супердода “Тур де Франстың” бас жүлдесін еншіледі. Париж алдындағы жеке сыннан өткен кезеңге дейін  көш бастап келген Анди Шлек, үшінші жыл қатарынан екінші орынды місе қылды.

Оның туған ағасы Франк Шлек тұғырдың үшінші сатысына көтерілсе, “Тур де Франстың”үш дүркін жеңімпазы Альберто Контадор биылғы доданы төртінші орынмен аяқтады. Әдеттегідей спринтерлердің бәсекесіне ұласқан Париж төріндегі соңғы кезеңде британиялық жүйрік велошабандоз Марк Кавендиш топ жарды. Биылғы турда көп команданың бірі болған отандық велоклуб “Астананың” сапында ең үздік нәтиже көрсеткен француз Реми Ди Грегорио болды. Ол 39-шы орыннан табылса, жерлестеріміздің арасынан ең жоғары тұрған Андрей Зейц бұл тізімде 45 ші тұр. Ал, қалғандары алғашқы жүздікке ілінбеді. Максим Иглинский 105 ші қатардан орын тепсе, Дмитрий Фофонов одан бір саты  төмен жайғасыпты.  

Бүкіл Аустралия жұртшылығы биылғы “Тур де Франстың” жеңімпазы Кадель Эвансты басын көтеріп жатса, Алматыда Александр Винокуровтың үлкен спортпен қоштасуына орай «Астана» клубы жанкүйерлері арнайы веложорық  ұйымдастырды.     

Суперкөпкүндік велодода “Тур де Франстың” соңына жетпей ауыр жарақат алған «Виноға» қолдау білдірушілердің арасында жас та кәрі және шетелдік  қонақтарды да кездестірдік. Бір жағынан бүгінгі шара велоспортты жанына серік еткен әуесқойларға өзара тығыз байланыс орнатуға мұрындық болды. 

Дәулет Сапажанов, Велоспорттан республикалық олимпиадалық даярлау орталығының директоры:

-Өкінішке орай жерлесіміз “Тур де Франстың” аяғына дейін қатыса алмады.

Елімізде спорттың осы түрін дамытуда ерекше үлес қосып жүрген қазақстандық бренд «Астана» велоклубы, болашақта республикамыздың  бірнеше аймақтарынан жаңа жаттығу алаңдарын ашуды жоспарлап отыр. Ал  шайтан арбамен жер бетін шарлап, велоспорт жайлы деректі фильм түсіріп журген ерлі-зайыпты француздар көппен бірге бүгінгі шараға  қатысқандарына дән риза. Олар қазақ жерінен әлі талай әлемді мойындатар велошабандоздар шығатынына кәміл сенімді.

Анна Бенжамин, шетелдік саяхатшы:

-Біз осындай керемет іс шараға қатысқанымыз үшін қуаныштымыз. Әрине Винокуровтың жарақат алып қалғаны өкінішті, бірақ осындай шын берілген жанкүйері бар спортшы менің ойымша бақытты.

Алматының орталық көшелерін басып өткен веложорық өз сапарын Орталық стадион алдында аяқтады. Шара соңынан жиналғандар даңқты спортшыға арнайы сәлем жолдады. “Тур де Франстың” соңғы күндерін ауруханада өткізген жерлесімізге жиналғандар осылайша қолдау білдірді.

Ақтық сында Парагвайдың қақпасына жауапсыз үш гол соққан Уругвай, осымен 15- мәрте Америка кубогының жеңімпазы атанды.  

Алғашқы минуттардан Парагвайдың қақпасына қауіп төндіре бастаған Уругвай көп ұзамай-ақ есеп ашып алға шықты. Бұл эпизодта Луис Суарес көзге түсті. Оның тепкен добы алдымен қорғаушыға одан соң бағанаға тиген бойы қақпада домалап қалды. Кездесудің 42-минутында былтырғы мундиальдың үздік футболшысы Диего Форлан мергендік танытты. Ойын аяқталуға санаулы минуттар қалғанда Кавани мен Суарес ұйытқы болған комбинацияны голға ұластырған тағы да сол Форлан финалдық матчқа нүкте қойды.

Француз Жиль Симон Гамбургтегі дәстүрлі турнирдің бас бәйгесін олжалады. Ол 2 сағат 38 минутқа жалғасқан финалдық бәсекеде 6:4, 4:6 және 6:4 есебімен  испаниялық теннисші Николас Альмагродан басым түсті.

Бір қызығы Гамбургтегі турнир соңғы 25-жылдан бері француздар үшін алынбайтын қамалға айналып келген. Осы үрдісті бұзған Жиль Симон өз жағдайын бір шама жақсартып алды. 230 мың еуроға байып шыға келген француз сонымен қатар өз есебіне 500 ұпай жазды. Оның қарсыласы Николас Альмагро да құр алақан қалған жоқ. Ол рейтингілік 300 ұпаймен бірге қалтасына 105 мың еуроны басты.   

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін