СПОРТ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ - kaz.caravan.kz
  • $ 470.46
  • 543.1
+12 °C
Алматы
2026 Жыл
5 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
СПОРТ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

СПОРТ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

Футболдан Еуропа чемпиондар лигасының топтық кезеңіне аяқ басқан командалар алғашқы турдың ойындарын артқа тастады. Сәрсенбі күні  қалған сегіз матчтың нәтижесі белгілі болды.

  • 21 Қыркүйек 2012
  • 450
Фото - Caravan.kz

Бәрін айт та бірін айт демекші, сәрсенбідегі елді елең еткізген қызық  әйгілі “Камп Ноу” стадионында  орын алды. Аутсайдер деген  Мәскеудің “Спартагы”,  сәл болмағанда айды аспанға шығара жаздады.  Барселонадағы кездесудің 14- минутында Кристиан Теллоның алыстан шиіре тепкен добы  қарсы қақпаның алыс төменгі бұрышынан табылып, стадион толы көрермен бір желпініп қалған. Бірақ қызықтың бәрі алда екен.  Осы тұста спорттық мінез танытқан  мәскеулік футболшылар реті келгенде “Барселонаны” ойынды ортадан бастауға мәжбүр етті. Бұл эпизодта абайсызда аладопты  өз қақпасына қиып жіберген Дани Алвэс  көзге түсті. Екінші таймда “Спартактың”қарсы шабуылы сәтті шығып,  алаң иелері  екінші рет опық жеп қалды. Дегенмен сапында Месси есімді әлемнің үздік футболшысы өнер көрсететін  Барселона, түбі жеңісті жұлып кетті.  Қатарынан екі  доп соққан  Лионель Месси каталондықтарға жеңіс сыйлады.

Дэвис кубогының биылғы жеңімпазы анықталмай жатып, келесі маусымның жеребесі тасталып қойды. Естеріңізге сала кетейік,   мәртебелі кубоктың биылғы иегерін Чехия мен Испания арасындағы матч анықтап береді. Финалдық сын қаршаның 16-сы мен  18-і аралығында Прагада өтеді.

Лондондағы жеребе тастау рәсіміне тоқталсақ, Дэвис кубогының былтырғы жеңімпазы Испания алғашқы раундтың ойынын Канадаға қарсы өткізетіні белгілі болды.  Жақында ғана аймақтық плей-офф кезеңінде Өзбекстанды ұтып, әлемдік топқа жолдама алған Қазақстан құрамасы  бірінші раундта Аустриямен күш байқасады.  Италиялық теннисшілер Хорватияны сынаққа алатын болса, Новак Джоковия бастаған Сербия құрамасы Бельгиямен сынға түседі. Сондай-ақ соқыр жеребе  АҚШ-Бразилия, Швейцария-Чехия және Аргентина мен Германияның басын қосып берді. Алғашқы раундтың ойындары 2013 жылдың ақпан айында өтеді.   


Салмақ дәрежесіне қарамастан әлемнің абсолютті чемпионы деп танылған филиппиндік кәсіпқой боксшы Мэнни Пакьяо, кезекті жекпе-жекке дайындалуда. Оның келесі қарсыласы өзіне жақсы таныс  мексикалық  шебер Хуан Мануэль Маркес. 

Екеуі де күреске тоймайтын боксшылар болып шықты. Өйткені олар өзара  осымен  төртінші мәрте кездеспек.  2004-жылғы  алғашқы бәсекеде таразы басы тең түссе,  2008 және 2011 жылдары ұйымдастырылған қос кездесудің нәтижесі төрешілер шешімімен филиппиндік боксшының пайдасына шешілген еді.  Алдағы жекпе-жек 9-желтоқсан күні Лас-Вегастағы әйгілі  MGM Grand Garden аренасында орнатылған шаршы алаңда өтеді. Нью-Йоркте алдағы матчқа орай  боксшылардың қатысуымен алғашқы баспасөз-мәслихаты өткізілді.

Қазақ күресінен “КТК” телеарнасы мұрындық болған  Республикалық “Қазақстан Барысы” турнирі   биыл екінші рет өткізілгелі отыр.  Астанада өтетін ақтық дода алдында, сүйікті каналдарыңыз бас бәйгеден  үмітті деген белді палуандармен таныстыруын  жалғастырады.

Айбек Нұғымаров. Шығыс Қазақстан облысы. Бойы 188 см. Салмағы 132 келі.

Айбек Нұғымаров, қазақ күресінен әлемнің екі дүркін чемпионы:

— Біріншіден өзіңнің мықты екеніңді дәлелдеу, екіншіден Абай жерінің намысын қорғау. Ал мақсатымыз тек ұту. Жеңіске жетіп жатсақ,  бәйгеге тігілген ақша да жеңімпазға бұйыратыны белгілі жәйт қой.