Жарияланды: 250

СПОРТ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

Биылғы жыл қазақстандық  Astana TAK Group командасының пилоты Даниэль Джункадэлья  формула-3 додасында абсолюттік нәтиже көрсетті. Еуросерия мен Еуропа чемпионатында  олжа салған Даниэль Даниэль Джункадэлья, осы маусымнан бастап  автожарыстардың алды саналатын корольдік дода формула-1 бойынша сынға түсетін болады. 

Осыдан бір апта бұрын, Германияның “ Хоккенхаймринг ” трассасында оза шығып бәйге алған шабандозымыз,  болар істі кейінге қалдырмай  бірден ең мәртебелі автодода формула- 1 қожайындарымен келіссөздерді бастап жіберген. Нәтижесінде  жыл қорытындысы бойынша  формула- 3-тен алдына жан салмаған Astana TAK Group командасының өкілі, корольдік автожарысқа жолдама алды.  Бұл күндері техникалық және басқа да шарттар бойынша екі жақты келіссөздер жүргізіліп, құжаттарды бекіту мәселелері талқылануда. Болашағынан  зор үміт күттіретін 22 жасар  пилот  жақын күндері   Қазақстанға  келіп кетуді жоспарлап отыр. Корольдік додаға қатысты  толығырық мағлұматты пилоттың өзіннен еститін боламыз.  

2012 жылдың үздік теннисшісі-Серена Уильямс!  Уильямстердің кішісі Стамбулда мәресіне жеткен жылдың қорытынды додасында алдына жан салмады.  Серена  турнирдің ақтық сынында “ойын кезінде айғайға салатын” орыс теннисшісі Мария Шарапованы тізерлетті.

“Үлкен дулыға” аясындағы жарыстардың 15 дүркін жеңімпазы Серена Уильямс, ресейлік теннисші үшін алынбайтын қамалға айналған сыңайлы.

Лондон олимпиадасының финалында Марияны ойнап жүріп ұтқан Серена,  ескі қарсыласын бұл жолы шыдатпады.  1 сағат 29 минутқа жалғасқан екі сеттегі бәсеке 6:4 және 6:3 есебімен аяқталды. Стамбулдағы жылдық доданың нәтижесі бойынша  әлемнің екінші ракеткасы Мария Шарапованың  есебіндегі жалпы ұпай санын 10045 жеткізсе,  үшінші орынға жайғасқан  Серена Уильямстің еншісінде  9400 ұпай.

Биылғы маусымда ішкі біріншілікте жеңіліп көрмеген “Бавария” өз жанкүйерлері алдында Леверкузендік “Байерге” 2:1 есебімен жол берді. 23 жылдан  бері Мюнхенде жеңіске жете алмай келген  “Байер”, сәті түсіп осы жолы  сырт алаңнан үш ұпай олжалап қайтты.

Алғашқы минуттан өткір шабуылдаған алаң иелері допқа иелік еткенімен қонақтар қорғанысын бұза алмаған. Бірінші таймның соңына қарай қарымта шабуылда Штефан Кисслинг “Байерді” алға шығарды. Алайда үзілістен кейін ширақ қимылдаған мюнхендіктер таразы басын теңестіріп кетті. Әуелеп жеткен допты қақпа төрінде тулатқан Марио Манджукич болатын. Ал матч аяқталуға үш минут қалғанда Сидней Сэм Леверкузендіктерге маңызды жеңіс сыйлады. “Бавария” бұл сәтсіздікке қарамастан 9-шы турдан кейін 24 ұпаймен көш бастап тұр. 20 ұпай еншілеген “Шальке” екінші орынға жайғасса, “Айнтрахт” үштікті түйіндеп тұр.

Футболдан Голландия чемпионатының 10-шы туры тартысты бәсекелерге толы болды. Бұл айналымның орталық матчында “Фейноорд” “Аяксты” қабылдады.

Төреші ысқырығы естілісімен шабуылға көшкен қонақтар Кристиан Эриксеннің көмегімен есеп ашты. Бірақ “Фейноорд” ойыншылары қарап қалмады. Жан-Поль Боэтиюс 23-ші минутта таразы басын теңестірді. Екінші таймды сәтті бастаған “Аякс” 48-ші минутта Сим де Йонг соққан голдан кейін алға шыққан. Бірақ соңғы минутта Грациано Пелле шеберлігімен көзге түсіп өз командасын жеңілістен құтқарды. Әзірге Голландия чемпионатында “Твенте” көш бастап келеді. Оның ізін ала “ПСВ” мен “ Витесс” тиісінше екінші үшінші орында.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін