Жарияланды: 370

СПОРТ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

Футболдан чемпиондар лигасы аясында мадридтік “Реал” өз жанкүйерлері алдында дормундтық “Боруссияны” ұта алмады. Топтық кезеңнің үшінші айналымында корольдік клубты 2:1 есебімен тізерлеткен Юрген Клопп шәкірттері “Сантияго Бернабеуде” 2:2 есебімен тең тарқасты.

Кездесуді ширақ бастаған қонақтар 28-минутта Марко Ройстың көмегімен есеп ашқан. Алайда жауап голы ұзақ күттірген жоқ. “Реал” қорғаушысы Пепе ала допты қақпа төрінде тулатты. Ал бірінші таймның соңғы минутында “Боруссия” есепте қайта алға шықты. Абайсызда автогол иесі атанған Альваро Арбелоа. Мұндайды күтпеген мадридтіктер үзілістен кейін үлкен күшпен шабуылға көшті. Сауатты қорғана білген қонақтар жеңісті есепті ұстап қалуға барын салды. Бірақ матчтың соңғы минутында Месут Өзіл “Реалды” жеңілістен құтқарды. Бұл квартеттегі өзге кездесуде “Аякс” сырт алаңда “Манчестер Ситимен” 2:2 есебімен тең ойнады. 

Лондондағы жылдың қорытынды додасында өнер көрсетіп жатқан Роджер Федерер, америкалық Иван Лендлдің рекордын жаңартты. Маусым нәтижесі бойынша үздік сегіз теннисші қатысатын қорытынды жарыстарға 12 рет жолы түскен Иван Лендл, 39 кездесуде жеңіске жеткен екен.

Өз тобындағы алғашқы ойында серб Янко Типсаревичті айқын ұтқан Роджер Федерер, осы жеңістен кейін Лендлдің 21 жыл сақталған рекордынан асып түсті. Ендігі жерде Федерердің есебіндегі жеңістер саны-қырық. Қорытынды додаға нағыз бабында келген швейцариялық, былтырғы чемпиондық атағын қорғауға сақадай сай. Осы «В» тобындағы екінші бәсекеде испандық Давид Ферер аргентиналық Хуан Мартин дель Потродан басым түсті. 2 сағат 17 минутқа созылған корттағы ойын 6:3, 3:6, 6:4 есебімен аяқталды. Жүлде қоры 2 млн 227 мың евроны құрайтын мәртебелі турнирдің жеңімпазы 12 қарашада белгілі болады. 

Қарағанды облысында Қазақ күресінен республикалық турнир болып өтті. Боз кілемнің көркін қыздырған білектілер бірнеше салмақ дәрежесі бойынша кім мықтыны анықтады.

Жарысқа қатысушылар арасында әлем және азия чемпионаттарында жүлде салып жүрген палуандар аз емес. Әсіресе 74 келіге дейінгі салмақта Бауыржан Ысқақов қарсылас шыдатпады. Тәжірибелі қарағандылық палуан финалда Медет Адыхановтан басым түсті. Ал аса ауыр салмақта әлем кубогының иегері Қанат Сағындықовты жеңген Бекзат Ахметбеков бас бәйгені жеңіп алды. Енді бұл палуандар 17-желтоқсанда Қарағандыда өтетін әлем кубогына дайындалмақ.    

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін