Спорттық жекпе-жектерді байқап қарасаңыз, көрермендер қашанда ауыр салмақтағы жігіттердің сайысын асыға күтіп отырады. Мұнымен ешкімнің таласы жоқ шығар. Осы орайда ММА- әлемінде өз орнын тапқан «Алаш Прайд» қазақ жерінде тұңғыш рет «Әлем алыбы» айдарымен Гран-При өткізгелі отыр.
Төрт-төрттен екі топқа бөлінген алып делеі сарбаздар осы кеш олимпиадалық жүйе бойынша сынға түседі. Олардың екеуі «Алаш Прайд» жауынгерлері. Салмағы 115 келі, бойы 193 см-лік Шахмарал Жетпісовке украйналық Александр Столяров қарсы шығады. Киевтен келе жатқан жігіттің бойы мен салмағы да оңай емес. Қоян-қолтық жекпе-жектен әлем чемпионы атанған Столяровтың салмағы 130 келі тартса, бойы 2 метр 05 см. «Алаш Прайдтың» екінші өкілі Мұрат Хантөреевтің қарсыласы гүржі елінің батыры Ион Куцелаба болмақ. Қалған екі жұпта өзбекстандық Азамат Бахадурзода мен тәжік Сухроб Хайдаров және қырғыз Зәмірбек Сырғабаев пен тағы бір грузин Давид Швелидзе кездеседі.
Жеңгендері жарысты жалғастыра береді. Ал, мынау көздің жауын алатын кубоктер финалға шыққан жігіттерге бұйырады. Жарыс ережесі бойынша негізгі топтағы сарбаздардың бірі жарақат алған жағдайда оларды қосалқы жұптағы жігіттер алмастырады. Мұндай рольге қазақстандық Евгений Егембердиев пен ресейлік Владимир Макаров таңдалыпты. Осы кеш спорт сүйер қауым «Алаш Прайдтың» өзге мықтыларын да көре алады. Бірден айтайық олардың қарсыластары де шетінен мықты. Ендеше Алматыдағы спорттық кешті көрген де көрмеген де арманда.
Әлемдік бокс сериясының чемпионы “Астана Арланс” жаңа маумдағы қарсыластарын білді. Біздің боксшыларымыз алғашқы бәсекеде әзербайжанның азулы командасы “Баку Файерспен” кездеспек.
Швейцарияның Лозанна қаласында өткен жеребе нәтижесі бойынша “Арландар” В тобында Mexico Guereros, Cuba Domadores, Baku Fires, Russian Boxing Team және Hussars Poland командаларымен жұдырықтасады. А тобының басты фавориттыры украиналық “атанмандар”. Биыл алғаш бақ сынағалы отырған кубалықтардан бөлек басқа командалармен біздің жігіттер қолғап түйістірген. Естеріңізге сала кетсек өткен маусымның финалында “Астана Арландары” 6:5 есебімен “Украина атанмандарын” жеңген болатын.
Польшада жағажай волейболынан әлем чемпионаты өтуде. Әзірге екі ойын күні нәтижесі бойынша жерлестеріміз екі рет жеңіліп, екі рет жеңіске жетті.
Әлемдік додаға қазақстандық үш жұп қатысуда. Бірінші болып жарыс жолына шыққан Татьяна Машкова мен Ирина Цимбалова америкалық жұп Дженнифер Форм мен Брук Свитқа есе жіберді. Алайда екінші күні олар 2:1 есебімен Парагвайлықтардан басым түсті. Енді олар өз тобының көшбасшысы голландиялықтармен кездеспек. Ерлер құрамасы чемпионатты сәтті бастады. Алексей Сидоренко мен Александр Дьяченко алғашқы бәсекеде ресейліктердің алдын орады.