Еурокубоктық бәсекелерге баса мән берген кеншілер ішкі чемпионаттағы жағдайын нашарлатып алған. Сондықтан “Шахтер” мен “Қайрат” үшін де бұл матчтың маңызы зор болды. Кездесуді ширақ бастаған қонақтар “Қайрат” қақпасына бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырып үлгерді. Алайда 33-ші минутта алаң иелері Мамаду Сисейдің көмегімен алға шықты. Көп ұзамай Станислав Покалатилов қақпасына екінші гол кірді. Алғашқы голдың авторы Сисейден пас алған Виталий Ли есепті еселеді. Ал алыстан жойқын соққы жасаған Артур Едигарян есепті 3:0 ге жеткізді. Тек осыдан кейін ғана есін жиған Виктор Кумыков шәкірттері қарсы қақпаға қауіп төндіре бастады. 83-ші минутта Андрей Финонченко айып алаң сыртынан Лория қақпасын дәл көздеді. Арада төрт минут өткенде “Шахтер” капитаны тағы бір мәрте көзге түсті. Төреші қосқан қосымша уақытта да үлкен күшпен шабуылдаған қарағандылықтар ақыры өз дегеніне жетті. Қақпа алдында Давид Лориядан айласын асырған Игорь Зенкович өз командасын жеңілістен құтқарды. Қортынды есеп 3:3.
Шайбалы хоккейден Астананың “Барысы” Құрлықтық лиганың шығыс конференциясында көш бастауын жалғастыруда. Кезекті ойын күні екетенбургтың “Автомобилист” командасын қабылдаған Ари-Пекка Селин шәкірттері 7:2 есебімен жеңісті тойлады.
Алғашқы минуттан ойын тізгінін алған “Барыс” ойыншылары сәт сайын қарсы қақпаны нысанаға алумен болған. Бірақ қорғаныстағы қателіктен кейін қонақтар екі мәрте Ари Ахонен қақпасынан саңлау тапты. Мұндайды күтпеген айдын иелері көп ұзамай Роман Старченконың голымен жауап қайтарды. Ал алғашқы кезеңнің соңына дейін Талғат Жайлауов таразы басын теңестіріп кетті. Үзілістен кейін Құрлықтық Лиганың үздік сұрмергені Найджел Доус астаналықтарды алға шығарды. Осыдан кейін айдында толықтай үстемдік орнатқан “Барыс” хоккейшілері Федор Полищук, Михаил Рахманов, Роман Старченко мен Талғат Жайлауовтың голдарынан кейін 7:2 есебімен лайықты жеңіске жетті. “Барыс” келесі кездесуін 26-шы қыркүйекте Донецкта жергілкті “Донбассқа” қарсы өткізбек.