Бұл туралы депутат Нартай Сәрсенғалиев мәлімдеді. Аталмыш заң жобасы мәжілісте екінші оқылымда қабылданды, деп хабарлайды Сaravan.kz медиа порталы.
Депутаттың пікірінше, қазынаның қаржысына қол салған және салғанда да мол салған талайдың тәбеті қайтарылады. Бюджеттен спортқа бөлінген ақша діттеген жеріне жетуін қамтамасыз етеді.
Заң жобасына депутаттар бірқатар маңызды түзетулерді енгізді. Мәселен, министр өзі бекітіп жіберген, аттарын ағайын білмейтін спорт түрлерін қазына қаржысын қағу үшін нақты шешім қабылданды. Заңға жоғары жетістіктер спорты деген жаңа түсінік енгізілді. Салаға бөлінген мемлекеттің қаржысы енді соларға ғана бағытталады. Жоғары жетістіктер спортына олимпиада, паралимпиада, сурдлимпиада, Азия және паразия, ұлттық спорт түрлері ғана кіретін болады.
Бұған дейін министрлік 180 спор түрін тіркеп, барлығына қаржы бөліп келген. Енді олардың саны 3 есеге қысқарады. Енгізілген нормаға сондай-ақ легионерлерге мемлекеттің бюджеті есебінен де, квазимемлекеттік сектордың бюджеті есебінен де қаржы бөлуге тыйым салынады.
Спортқа бөлінген қаражат есебінен қаржыландырылатын бағыттар нақты көрсетілетін болады. Олар:
Біріншісі, жоғары жетістіктер спорты мен басым спорт түрлері.
Екіншісі, мемлекеттік ұйымдардың жұмыс істеуіне.
Үшіншісі, бұқаралық спортқа.
Төртіншісі, спорттық инфрақұрылымды дамытуға.
Қабылданған тағы бір маңызды норма, федерациялардың аккердитация алу нормалары өзгертілді. Сәйкесінше, енді елдегі барлық спорттық федерациялар ұлттық спорт түрі болып өзгеруі керек. Яғни 1 спорт түрі бойынша 1 ұлттық спорт федерация ғана аккредиттеледі.
”Мемлекеттік дене шынықтыру – спорт ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау» ұғымы енгізілді, сондай-ақ мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау институты енгізілді.
Бірінші топтағы мүгедектігі бар спортшыны алып жүретін адамның спорттық іс-шараларға баруға байланысты шығындарын өтеу бойынша заңнамалық талап белгіленді.
Спортпен шұғылдану және спорттық жарыстарға қатысу үшін ең төменгі жасты бекіту жөніндегі нормалар қабылданды.
Дене шынықтыру және спорт субъектілері, сондай-ақ дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік мекемелер ұсынатын ақылы қызметтердің тізбесі нақтыланды.