СҚО-да эпидемиологтар стихиялық сауда орындарынан азық-түлік сатып алмауға шақырды - kaz.caravan.kz
  • $ 445.66
  • 474.58
+19 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
СҚО-да эпидемиологтар стихиялық сауда орындарынан азық-түлік сатып алмауға шақырды

СҚО-да эпидемиологтар стихиялық сауда орындарынан азық-түлік сатып алмауға шақырды

Солтүстік Қазақстан облысында санитар дәрігерлер стихиялық сауда орындарымен күресіп жатыр. Рұқсатсыз сауда инфекциялық аурулардың таралуына әкеледі. Белгіленбеген орындарда сауда жасау әкімшілік құқық бұзушылық болып есептеледі және 5 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

  • 11 Маусым 2021
  • 19
Фото - Caravan.kz

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, стихиялық сауда орындарында көкөністерден бастап, балық пен сүт өнімдеріне дейін кез-келген нәрсені сатып алуға болады. Алайда бұл – денсаулық үшін аса қауіпті.

«Стихиялық немесе рұқсат берілмеген сауда дегеніміз не? Бұл гигиеналық норматив талаптарын бұза отырып, шыққан жері белгісіз және сапасы күмәнді өнім мен қауіпсіздігін куәландыратын құжаттарсыз тамақ өнімдерін сататын орын. Ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізілмей және ілеспе құжаттарсыз құс еті, сүт және сүт өнімдері, жұмыртқа және басқа да мал шаруашылығы өнімдері сатылады», — дейді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тамақтану объектілерін бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Наталья Беляева.

Петропавлда стихиялық сауда негізінен «Коммуналдық базар», «Корона» сауда кешені, «Караван» сауда үйі маңында жүргізіліп келеді.

«Көшедегі жаймадан алынған азық-түліктен уланып, инфекциялық аурулар тарауы мүмкін. Стихиялық сауда орындарында өнімдер көбінесе антисанитариялық жағдайда сатылады, сүт пайдаланылған пластикалық бөтелкелерде саудаланады, сүт, жұмыртқа тез бұзылады, соған қарамастан күн көзінде жатады. Сатушылар медициналық тексеруден өтпеген. Сондай-ақ, стихиялық сауда орындарының көпшілігі жол жанында орналасқан, тамақ өнімдері шаңмен, автомобильдердің пайдаланылған газдарымен ластанған. Бірақ сатушылардың ешқайсысы осы өнімнің сапасына жауап бермейді, ал сатып алушылар оларды күтіп тұрған қауіп туралы ойламайды», — дейді Наталья Беляева.

Инфекциялық ауруды жұқтырғандардың басым бөлігі астан улануды стихиялық сауда орындарында жеке тұлғалардан сатып алынған өнімді пайдаланумен байланыстырады.


«Көшедегі жаймада сатылған азық-түлік салыстырмалы түрде арзан бағамен сатып алушыларды тартады. Бұл алғашында үнем болып көрінуі мүмкін. Алайда кейін емделу үшін дәріге қомақты қаражат жұмсалатынын ұмытпау керек. Базарда сатылатын ет, балық өнімдері, шикі жұмыртқа – сальмонеллез, бруцеллез, ауыр паразиттік ауруларға; саңырауқұлақтар, көкөністер, үйде консервіленген ет – ботулизмге; барлық тез бұзылатын тамақ өнімдері – жіті ішек инфекциясына және тамақтан улануға әкеледі», — дейді санитар дәрігер.

Наталья Беляеваның айтуынша, белгіленбеген орындарда сауда жасау әкімшілік құқық бұзушылық болып есептеледі. Заңмен 5 АЕК мөлшерінде, яғни 14,5 мың теңге айыппұл салынады.

Соңғы жаңалықтар