Үстіміздегі жылдың 9 қыркүйегінде Астана қаласында Үкіметтің және "Атамекен Одағы" Ұлттық экономикалық палатасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасын құру туралы бірлескен шешімі қабылданған болатын. Аталған ұйымның өңірдегі филиалы қазанның 21-інде тіркеліп, Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің құрамы бекітілді. Палатаға аудандардан — 13, облыс орталығынан 20 кәсіпкер кірді. Алқа отырысында Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алдына қойылған міндеттер ескеріле отырып, елімізде қолайлы бизнес ахуалын қалыптастыру мәселелері төңірегінде әңгіме өрбіді.
Абылай Мырзахметов облыста енді құрылған кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің мүддесін қорғау және бизнестің дамуына себепші болуы тиістігін атап көрсетті.
Отырыс соңында облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы сайланды. Бұл міндетті атқару "ПАМЖЗ" акционерлік қоғамының жетекшісі Қуаныш Бишімовке жүктелді. Оның кандидатурасын кеңес мүшелері бірауыздан мақұлдады.