Мына алқаптағы астық өткен аптада бастырылыпты. Талай күн жауынның аяқталуын күтіп отырған шаруа үшін түндегі қар төбеден жай түсіргендей болды. Енді үсіген бидай мал азығына ғана жарайды.
Евгений Яхимович, бригадир:
-Бидай түсімділігі жақсы алқаптарға әлі орақ та түскен жоқ. 4 күннен бері тырп етпей күннің ашылуын күтіп жатырмыз. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, орақ науқанының қазан соңына дейін созылатын түрі бар.
Биыл қызылжарлық диқандар 3 миллион гектардан артық алқапқа егін еккен. Астықтың түсімі шамамен гектарынан 15 центнерден айналып жатыр. Былтыр осы мезгілде орақ науқанын аяқтап сабантой тойлап жатушы едік дейді шаруалар. Ал биылғы жағдай алаңдатарлықтай болса да, механизаторлардың үміті зор секілді.
Евгений Дмитриенко,механизатор:
-Күн райы комбайндарымызды алқапқа айдап шығуға мүлдем мүмкіндік бермей жатыр. Айдың басы ғана ғой, мүмкін күн әлі ашылар. Астықтың алқапта қыстап қалғаны обал ғой. Күн жылынатын шығар деп отырмыз.
Алайда метеоролог мамандары ауа-райына сенім жоқ дейді. Олардың болжамынша, ай соңына дейін күн құбылмалы болады.
—Солтүстік Қазақстан облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сай, өңірде астықтың 85 пайызы орылып біткен. Алайда бұл қағаз жүзіндегі мәлімет дейді диқандар. Олардың айтуынша, бидай әлі тең жартысы алынбаған күйі алқаптарда тұр.