Былтырғы маусымда саясаткер Ермұрат Бапидың ЖСДП мүшесі Тазабек Сәмбетбайға стакан лақтыруымен есте қалған «Неге?» бағдарламасы жаңа маусымын бастағалы отыр. Иә, кейде тұтас команданың тыңғылықты, жүйелі жұмысынан қандай да бір есте қаларлық оқиға елге артығырақ танылып кетеді.
Саяси тақырыптарға батыл баратын, жүргізушісінің сұрағы өткір, студиясына өзге ешбір телеарна шақыра бермейтін спикерлерді шығаратын «Неге?» бағдарламасы «стакан лақтыру» оқиғасынан соң, ел аузында жүрді десек те болады. «Ей, көпес!», «стақанды сындырып жіберем» деген сияқты түрлі МЕМдер шығып, әлеуметтік желіде осы бір эпизод түрлі роликтерге арқау да болды. Бірақ, елдегі басты саяси пікірталас бағдарламаның бірі саналатын «Неге?» одан гөрі маңызды дүниелерді эфирге көп шығарған еді. Сол себепті ток-шоудың жаңа маусымынан көрерменнің үміті мол.
«Неге?» өткен маусымда не тындырды, несімен есте қалды? Қысқаша шолып көрсек. Алғашқы хабарын «Неге?» «Парламентке оппозициялық партия неге керек?» деп бастап, оған президент сайлауынан соң ел ішінде аты жағымсыз реңкте аталатын Әміржан Қосанов пен фейсбук белсендісі Дина Елгезекті шақыруымен есте қалды. Қосановқа «елдің сенімімен неге ойнадыңыз?» деген сұрақ қойылды. Ток-шоу ары қарай да әр хабарында саяси тақырыптарды осы бағытта тереңінен қазып отырды. Митингтер не шешеді? Министрлер мен әкімдер Президенттің тапсырмасын қалай орындайды? Билік өзгерістерге дайын ба? Түрлі-түсті революциялардан нәтиже бар ма? Жері бай елдің халқы неге кедей? Жемқорлыққа вакцина табыла ма? Қазақстан «Боратстан» ба? деген сияқты талқылаулар ток-шоудың беделін көтерген трендті тақырыптар болды.
Тренд демекші, «Неге?» хабары үнемі әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып, трендте жүреді. YouTube-те жекелеген хабарларды 100 мың, 200 мыңнан астам адам көреді. Хабардың кейбір үзінділері Whatsapp-та қолдан қолға өтеді. Бұған ток-шоуда көтерілген тақырыптар да себеп. Мәселен, наурыз айында Алматы қаласында феминистер шеруі өткен кезде, соның ізін ала «Неге?» ток-шоуы феминизмге қатысты хабар жасап, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Ел ішінде үнемі дінге қатысты да талқылаулар жүреді. Ал ток-шоу «Қазақстанға салафизмнен қауіп бар ма?» деген тақырыпты жасағанда оған да қоғам тарапынан қызығушылық өте жоғары болды.
Ток-шоудың ерекшелігі, жоғарыда айтылғандай, өзге телеарналарға шыға бермейтін спикерлер шақырылады. Оның ішінде оппозицияда жүрген азаматтар, қоғам белсенділері, бұрын эфирге шығып көрмеген, бірақ өз саласының кәсіби мамандары да болуы мүмкін. Хабардың «фишкасының» бірі сол.
Ток-шоу жүргізушісі – бұған дейін «Информбюро» арқылы елге кеңінен танылған Ерқанат Көпжасар. Ерқанаттың кәсіби жүргізушіге тән шеберлігі объективті болу, барлық жаққа тең қарау, бейтарап позиция ұстану сияқты нағыз халықаралық журналистика талаптарына сай келетін ұстанымдарынан байқалады. Ерқанат биылғы маусымды да өзі жүргізіп жалғастырады екен. Соған қарағанда, «Неге» ток-шоуында стакан сынбаса да, әлі талай «ақпараттық бомбалар» жарылатын сияқты.
Бомба демекші, хабардың жаңа маусымы «Қазақстанда АЭС салса, жарылып кетпей ме?» деген тақырыппен ашылады.