«Су саясатқа айналды» - республикалық басылымдарға шолу
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, бұл сұхбат жайындағы алдын ала келісім Президент Н.Ә.Назарбаевтың Австрия Республикасына сапары барысында жасалған еді. «Қазақстан делегациясының құрамында болған «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеевпен біз Венаның Хофбург сарайындағы келіссөздерден кейін қысқа қайырым сөйлесіп қалғанбыз. Сонда Өмірзақ Естайұлынан «Халықтық IPO» бағдарламасы жайында |
газет оқырмандарына әңгімелеуін сұрағанбыз. «Самұрық-Қазына» басшысы бағдарлама басталысымен алдымен «Егемен Қазақстанға» сұхбат беретінін айтқан. Міне, сол күн де келді: 2012 жылғы 6 қарашада Қазақстанда «Халықтық IPO» бағдарламасы іске қосылды. Дәл қазір жұрттың бәрінің аузында тұрған сөздің бірі - ІРО. «Не істедің? Ақшаңды салдың ба? Содан не түседі екен өзі?» дейді бір-біріне. Бұған дейін, бір жыл бойы, Үкімет пен «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының тарапынан аталған бағдарламаны халықтың арасында кеңінен насихаттап, түсіндіру жұмыстары жүргізілген болатын»,-деп жазады басылым. Сарапшылардың айтуынша, бүгінгі таңда «Халықтық IPO» бағдарламасы туралы жұртшылық толықтай хабардар және шамамен 500 мың адам осы бағдарламаға қатысуға ниет білдіріп отыр. Дегенмен, мұндай маңызды істің мәнісін тағы да түсіндіре түскеннің еш артықтығы жоқ. «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының Басқарма Төрағасы Өмірзақ Шөкеевпен әңгіме негізінен осы маңызды мәселе төңірегінде өрбіді. Сұхбат «Өмірзақ ШӨКЕЕВ: Бұл бағдарлама баршаға берілген мол мүмкіндік» деген тақырыппен берілген.
Осы басылымда «Британиялық Фемида атышулы қылмыскердің іс-әрекетін айыптады» атты мақала жарық көрді. Англияның апелляциялық соты Әбіләзовті түрмеге қамау туралы шешімін күшінде қалдырды. Бұл шешімде сот Әбіләзовтің іс-әрекетін қатаң түрде айыптады: «Сот қаулысына Әбіләзовтей үлкен арсыздықпен және қағидатсыздықпен іс-әрекет танытқан қатысушыны көз алдыңа елестетудің өзі қиын». Өткен аптада Лондонда БТА банктің Әбіләзовке қатысты талап-арызы бойынша негізгі тыңдаулар басталды. Онда оған шамамен 7 млрд. долларды заңсыз иеленді деген айып тағылған. Осылайша, Британия соты кіммен бетпе-бет келгенін түсінген сыңайлы. Ал егер бұған өзінің отандастарынан ұрланған ақша қайда жұмсалғаны туралы ақпаратты қосатын болсақ, Британия апелляциялық сотының шешімінде одан да қатаң түсіндірулер пайда болар еді. Бұл жайында толық білгіңіз келсе аталған мақаланы оқып шығыңыз.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, қазіргі кезде су тек өмір нәрі ғана емес, үлкен саясат құралына айналды. Әсіресе, Орталық Азия елдері үшін су - өте құнды тауар, стратегиялық ресурс. Өйткені уақыт өткен сайын суға деген қажеттіліктің артуы, климаттың өзгеруі оның тапшылығын айқын сездіріп келеді. Соңғы онжылдықтарда Арал теңізі құрғауының салдарынан бұл мәселе, тіпті қиындады. Орталық Азия су ресурстарына бай болғанымен, оның таралуы біркелкі емес. Суға деген қажеттілік жыл маусымына, елдің орналасқан аумағына, оның экономикалық өндірісінің дамуына байланысты. Орталық Азияда орналасқан Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан арасында су ресурстарын тиімді пайдалану үшін әр елде «Су ресурстарын біріктіре басқару» жоспары қабылданған болатын. Осы орайда Қазақ-неміс университетінің ұйымдастыруымен мамандар бас қосып, аталмыш бағдарламаның жүзеге асуы мен дамуын талқылады. «Қазақстандағы жерүсті суларының жартысына жуығы шекаралас елдерден келетін өзендер суынан қордаланады. Ел аумағындағы 8 су бассейнінің біреуі ғана ішкі сулардан толығатыны еліміздің бастауын көршілерден алатын өзендерге қаншалықты тәуелді екенін көрсетеді. ЕҚЫҰ-ның Астанадағы орталығы басшысының орынбасары Жаннет Клетцер су шаруашылығындағы дер кезінде шешілген мәселелер түрлі қақтығыстардың алдын алады деп пайымдайды»,-деп жазады басылым бүгінгі санында. Мақала «Су саясатқа айналды» деген тақырыппен берілді.
Осы басылымда «Текетірестің төркіні неде?» деген тақырыппен мақала жарияланды. «Ел Парламентіндегі депутаттар Үкіметтегі темекі алпауыттарының лоббиіне қарсы дүр көтерілді. Осыдан біраз бұрын Экономикалық даму және сауда министрлігі заң шығарушы билікке қолданыстағы ұлттық салық заңнамасын өзгертетін жаңа заң жобаны енгізген болатын. Бұл құжатты әзірлеушілер оған «қызықты» бір бап қыстырып, ол арқылы темекі өнімдерін экспорттаушыларды акциз алымдарынан толық босатудың қамын жасапты. Шенеуніктер «Парламент мұны әдеттегідей үн-түнсіз өткізе салады» деп үміттенгенге ұқсайды, бірақ үлкен қарсылыққа кезікті»,-деп жазады газет. Жақында қос шатырлы Парламенттің Төменгі палатасы «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталатын осы заңның жобасын бірінші оқылымда (яғни тұжырымдамасын) мақұлдады. Бүгінде Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті бұл құжатты екінші оқылымға әзірлеуде. Кеше осыған орай палатада құрылған жұмыс тобы құжатты тағы бір пысықтады. Ал алдағы бейсенбі күні Үкімет өкілдері осы жаңа заң жобаның Сенатта таныстырылымын өткізеді деп күтілуде. Жалпы, Жоғары палатаға жеткенше, Мәжілістегі талқылаулар барысында бұл жоба ендігі қаптаған жаңа баптармен толығып үлгерді.
Оның біразы әлеуметтік сипатта. Мәселен, депутаттар Н.Логутов пен Н.Нестерова жаңа заң жобасының 1-бабына жаңа 3-тармақ ұсынды, оған сәйкес, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар 18 жасқа толғанға дейін жер салығын және басқа да төлемдерді төлеуден босатылуға тиіс. Қазіргі кезде бұл
бап пысықталуда.
***
Алматы онкологиялық орталығында қатерлі ісіктің диагностикасы мен емдеуіне байланысты инновациялық әдістер енгізілуде. Бұл жайында «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында орталықтың бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Диляра Қайдарова айтты. Оның сөзінше, бізде қатерлі ісікті бұрынғыдай емделмейтін дерт ретінде қабылдап жүргенде, дамыған елдерде оны ем арқылы қайтаруға келетін және онымен өмір сүріп, жұмыс істеуге болатын ауру тұрғысында қарастырады. Медицина саласындағы осы жетістіктер жайында «Современные методы плюс вера в излечение»
атты сұхбатта берілген.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін