2024 жылы баршамыз жер сілкінісі, су тасқыны сынды табиғи апаттардың куәсі болдық. Одан бөлек атышулы қылмыстық істердің ашық сотын бақылап, құқықтық сауатымызды аштық. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты бірқатар шындықтың беті ашылды. Артынан әскердегі әлімжеттік мәселесі де кеңінен ашыла бастады. 2024 жыл несімен есте қалды? Caravan.kz медиа порталы жылды қорытындылап, шулы оқиғаларға шолу жасайды.
Биыл 23 қаңтарда Алматыда көпті дүр сілкіндірген 5 баллдық жер сілкінісі болды. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жерасты дүмпуі Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 264 шақырым жерде, Қазақстен мен Қырғызстан шекарасы аумағында болды. Желіде тараған видеоларда халықтың суық ауа райына қарамастан сыртқа шығып, қаладан қашуға беттегендерін көруге болады. Бұдан бөлек алматылықтар үйлеріндегі жиһаздардың теңселген видеоларымен де бөлісті. Қала көшелерінде көлік кептелісі, жанармай құю станцияларында көлік кезегі байқалды.
1 наурыздан бастап Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне ауыcты. 2024 жылғы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні, сағат 00:00-де Астана, Алматы, Шымкент, Абай, Ақмола, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстары жергілікті уақытты 1 сағатқа артқа жылжыды. Осылайша, еліміздің барлық өңірі UTC+5 уақыт белдеуіне ауысты. 15 өңірдегі тұрғындардың барлық гаджетіндегі уақыт автомат түрде бір сағатқа кері шегерілді. Бұл шешімді шенеуніктер халық денсаулығына пайда деп түсіндірді. Алайда уақыт өте келе қазақстандықтар жаппай қарсылық білдіре бастады. Көпшілік уақыттың тез өтіп, ерте қас қараятынын айтып наразылық білдірді. Екі айда петицияға 50 мыңнан аса қол жиналды. 10 млн халық уақыт белдеуін қайта қайтаруды талап етті. Алайда Олжас Бектенов уақыт белдеуінің ауыспайтынын айтты.
2024 жыл бұрын соңды болмаған ірі табиғи апатпен де есте қалды. Елімізде соңғы 80 жылда орын алған ең ірі су тасқыны болды. Наурыз айынан 10 сәуір аралығында Қазақстанның 17 облысының 10-ында төтенше жағдай жарияланды. Мыңдаған адам баспанасыз қалды, апат салдарынан қираған инфрақұрылым ауқымды қалпына келтіру жұмыстарын қажет етті. Алайда, мемлекеттік құрылымдар, гуманитарлық ұйымдар мен жеке сектор арасындағы нақты үйлестіру мен үйлестірілген жұмыс нәтижесінде Үкімет апаттың салдарын барынша азайтып, зардап шеккендерге жедел көмек көрсете алды. Зардап шеккен он облыстың су басқан аймақтарынан 100 мыңға жуық адам, оның ішінде 31 600 бала қауіпсіз жерге көшірілді. Еріктілер су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинады. 29 мыңнан астам ерікті эвакуацияға қатысып, гуманитарлық көмекті жинап, сұрыптап, халыққа ақпараттық қолдау көрсетті. Бұл апат еріктілер мен қарапайым халықтың ерлігін тағы бір рет көрсетті.
Су тасқынымен күрес жалғасып жатқан кезде атышулы Қуандық Бишімбаевтың соты басталды. Бұрынғы ұлттық экономика министрі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен 2023 жылы 9 ұарашада ұсталған еді. Бұл қылмыстық іске қатысы бар деген күдікпен мейрамхананың директоры Бақытжан Байжанов та тұтқындалды. Тергеуден соң 27 наурыздан 10 мамырға дейін сот отырысы ашық форматта өтті. Нәтижесінде екі күдікті де кінәлі деп танылып, Бишімбаев 24 жылға, ал Байжанов 4 жылға сотталды. Қуандық Бишімбаевтың ісінен соң, қоғам белсенділері мен заңгерлердің жан айқайы Президенттің құлағына жетіп, тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы заң қабылданды. Әйелдер мен балалардың құқықтарын қоғау бойынша заңа заңнама енгізілді.
Қуандық Бишімбаевтың ісі әйелдердің өз мәселелерін ашық айта бастауына жол ашты. Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшінің кеңесшісі Сәкен Мамаштың әйелі Карина Мамаш күйеуінің тарапынан жүйелі түрде соққыға жығылатынан айтып, видеоүндеу жолдады. Артынша Карина Мамаш Қазақстанға оралып, арнайы орталыққа орналасты. Карина Мамаш 10 жыл бойы зорлық көріп келгенін жеткізді. Сәкен Мамаш Қазақстанға шақыртылып, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру бойынша 15 тәулікке қамалды.
Шенеуніктердің былықтары мұнымен доғармады. Шымкенттің экс-әкімі Мұрат Әйтеновтің ағасы Марат Әйтенов бұрынғы әйелі мен балаларын үйден қуып шыққан видеосы әлемжеліде тарады. Бұл уақытта полиция оқиғаны көшеде бақылап тұрған. Кейін Дана Әтешова Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа өзіне және балаларына көмектесуін өтініп, үндеу жасады. Бұл оқиғадан кейні Астана полициясы отбасын үйінен қуып шыққан шулы бейнеден кейін тергеу жүргізілгені туралы хабарлады. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттер дерегі бойынша әйелдің бұрынғы жұбайы Әйтеновке қатысты әкімшілік іс қозғалды. Кейін Әйтеновтың балаларына тек 50 мың теңге алимент төлейтіні белгілі болды. Әйтенов кінәлі деп танылып, 5 тәулікке қамауға алынды.
Әскери сарбаздардың өлімі де биыл өзекті мәселеге айналды. Биыл орын алған жағдай бүкіл отандасымыздың ашу-ызасын туғызды. Ұлттық ұланның жауынгері Ербаян Мұхтар басынан алған жарақаттан бес ай бойы ес-түссіз жатыр. Жауаптылар «Ербаян дәретханаға құлап, жарақаттанды» дейді. Бұған кім сенеді? Жарақаттың салдарынан сарбаздың басының жартысын алып тастауға тура келген. Енді оған тұрақты күтім қажет. Қазір ата-анасы Ербаянды Түркияға алып кетті. Халық қолдау білдіріп, 218 миллион теңге шамасында қаржылай көмек көрсетті. Әскердегі әлімжеттік мәселесі 2022 жылдан бері көтеріліп келеді. Алайда жағдай түзелмек түгілі, ушығып жатыр. Сарбаздардың әскерде жарақат алып, тіпті қайтыс болуы тоқтар емес. Соңғы үш жылда әскерде 270 сарбаз қайтыс болған. 86 суицид тіркелген, 20 әскери адам өз-өзіне қол салуға оқталған.
4 қазанда тағы бір қанды қылмыс орын алды. Алматы облысы Талғар қаласында 16 жастағы Шерзат Болат бір топ азаматтардың қолынан қайтыс болды. Түнде жасөспірімнің дүкенінде келіспеушілік туындап, жанжал төбелеске ұласқан. Шерзат төбелес кезінде басынан мылтықпен соққы алып, пышақталған. Әкесі ауруханаға жеткізгенімен жас жігітті құтқарып қалу мүмкін болмады. Құқық қорғау органдары күдіктілерді қамауға алып, қылмыстық іс қозғалды. шерзаттың отбасы тергеудің әділ әрі ашық өтуін талап етіп, Талғар әкімдігінің алдында жиналды. Кейін Шерзат Болаттың үйін біреулер өртеп кетті. Облыс әкімі жағдайды бақылауға алып, үйді қалпына келтіруге уәде берді. Алайда бүгінгі күнге дейін бұл уәде орындалмады, зардап шегушілердің үйі қалпына келтірілген жоқ. Оқиғаға «Хутор» деп аталатын қылмыстық топтың қатысы бар деген ақпарат тарады. ІІМ орынбасары Бауыржан Әленов күдіктілердің қылмыстық топпен байланысы жоқ екенін мәлімдеді. 9 желтоқсанда Талғар маңынан 30 жастағы ер адамның денесі табылды. Ол Шерзат Болаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев екені анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша ол өз-өзіне қол жұмсаған. Алайда марқұмның туыстары мен Қаржаубай Нұрымов суицид екеніне сенбейді. 10 желтоқсанда Еңбекшіқазақ ауданының Азат ауылында болған жерлеу рәсімі кезінде автокөлік иесіне материалдық залал келтірген Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке қамалып, 25 желтоқсанда босап шықты. Ал оның әпкесі елден қуылуы мүмкін. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Қазір тергеу жалғасуда.
Биылғы жыл жемқорлықпен де есте қалады. BizBirgemiz қайырымдылық қорының жетекшісі Перизат Қайрат су тасқынынан зардап шеккендерге жиналған 1,5 миллиард теңгені жымқырды деген күдікке ілінді. Ол екі айға қамауға алынды. Одан кейін Палестинаға жиналған қаражаттан тағы 200 миллион теңге жымқырғаны айтылды. Перизат Қайрат туралы тың деректер күн сайын шыға бастады. Оның анасы да ақша шығаруға көмектескені үшін күдікке ілінгені айтылды. Перизат Қайраттың тұрғылықты жерін тінту барысында қайырымдылыққа жиналған қаражатқа сатып алынған қымбат техника, Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada және т. б. сияқты танымал әлемдік брендтердің киім, аяқ киім, зергерлік бұйымдар, сөмкелері табылып, тәркіленді. Тәркіленген мүлік заттай дәлелдемелер ретінде танылып, іс материалдарына қосылды. Тәркіленген заттар бойынша сол анықтайтын болады. Тергеу жалғасып жатыр.
Жылдың соңында жантүршігерлік ұшақ апаты орын алды. 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бағыт алған Әзербайжан әуе компаниясына тиесілі жолаушылар ұшағы құлады. Ұшақ ішінде 62 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған. Салдарынан 38 адам қаза тапты. Ішінде 6 қазақстандық болған еді, олардың ешқайсысы аман қалмады. Алдын ала болжам бойынша ұшаққа құстар соғылған. Сол себепті Ақтау әуежайына қонуға рұқсат сұраған. Дегенмен ұшақ әуежайға жетпей құлап, бір бөлігі толықтай жанып кетті. Қазір қаза тапқан 38 адамның денесі сот-медициналық сараптама орталығына жеткізілді. Euronews Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақ ресейлік зымыраннан атылғанын мәлімдеді.