Су тасқыны: Жағдай өте күрделі - kaz.caravan.kz
  • $ 442.05
  • 474.14
+11 °C
Алматы
2024 Жыл
30 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Су тасқыны: Жағдай өте күрделі

Су тасқыны: Жағдай өте күрделі

Су тасқынына қатысты ахуал әлі де күрделі. 5 өңірде қарғын судың екінші толқыны болуы мүмкін.

  • 15 Сәуiр
  • 37
Фото: ашық дереккөзден

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыған байланысты Республикалық штаб отырысын өткізіп, өңірлердің дайындығын пысықтады. Зардап шеккендердің шығынын өтеу жұмыстары басталып кеткен. Президент үйін тастап кетуге мәжбүр болғандардың құжаттарын түгендеп беруді, елдегі эпидемиологиялық ахуалды да бақылауда ұстауды тапсырды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Қарғын судың қаупі әлі сейілмеді. Жақын күндері Атырау, Батыс, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынының екінші толқыны болады деген болжам бар. Осылай деген Президент қазіргі басты міндет тұрғындарды дер кезінде қауіпсіз жерге көшіру екенін еске салды. Сонымен бірге, зардап шеккендерге материалдық әрі моралдық көмек көрсету маңызды. Мемлекет басшысы Үкіметке үйін тастап шыққандардың құжатын түгендеп, шығынын толық өтеп беруді тапсырды.

Зардап шеккен аймақтардағы азық-түлік қауіпсіздігі мен баға да ерекше бақылауда. Президент әуе және темір жол билеттерінің қымбаттауына жол бермеуді тапсырды. Қазір Үкімет мүшелері тасқыннан зардап шеккен өңірлерде жүр. Олар судың беті қайтып, жағдай тұрақталғанша елмен бірге болады. Ал зардап шеккен халыққа шығынды өтеу жұмыстары қазірден басталып кеткен. Үкімет басшысы әр отбасыға 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем жасалынатынын айтты. 

Бұл бүлінген жиһаз және басқа да тұрмыстық мүліктің шығынын өтейді. Үйі жарамсыз деп танылған азаматтарға жергілікті әкімдіктер баспана сатып алып немесе жөндеу жұмыстарын жүргізуге міндетті. Қазір Қостанай, Қарағанды, Ақтөбе облыстарының әкімдіктері бұл іске кірісті.

Ақтөбе облысы бұл шығынды коммуналдық шаруашылық қорының есебінен өтейді. Ал Қостанай облысында тасқыннан зардап шеккен 27 отбасы бүгінде Арқалық қаласынан баспана таңдап алған. Олар көшуге дайын. Бұған Үкімет 405 миллион теңге бөлді. Жалпы қазір қауіп сейілген аймақтардың барлығы шығын құнын есептеп жатыр. Үкімет басшысының есебінше, су басқан өңірлер бұл жұмысқа судың беті қайтқан соң кіріседі. Эпидемиологиялық ахуал да бақылауда. Денсаулық сақтау министрінің есебінше, әзірге қауіп жоқ. 

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, су басқан аймақтарда 504 медицина қызметкері тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Оның 151-і – дәрігер. Әрі 55 психолог бар. 8 мың төсек орны қарастырылған. Егер жұқпалы аурулар тараса, қосымша 3 мың төсек қоса аламыз. Қазір төсек-орынның 69 пайызы ғана пайдаланылуда.

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов қазір Орал қаласында жүр.  Мұнда тасқынға қарсы барлық жұмыс жүріп жатыр. Бөгеттер салынды. Әуелде техникамен қиындықтар болған. Қазір бұл мәселе шешілді. Судың бірінші толқыны әуелі БҚО-да деген болжам бар. Сондықтан қауіп сейілген Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Павлодар облыстарындағы техниканы осы өңірлерге жіберіліп жатыр.

Соңғы деректерге қарағанда, еліміздің жеті өңіріндегі тасқын салдарынан 5 711 бас мал қырылған. Мұндай мәліметті ауыл шаруашылығы министрлігі таратты. 

— ірі қара мал – 1 137; 

— ұсақ мал – 4 051;

— жылқы – 457 және басқа да үй жануарлары; 

— 1013 бас малдың өлексесі өртелді;

— 60,0 мыңнан астамы қауіпсіз учаскелерге көшірілді.

Осы тұста Президент мал қорымдарын су шайғаны жөнінде тараған тексерілмеген хабарламалар ел арасында алаңдаушылық туғызғанын айтты. Бірақ, бұл ақпарат расталған жоқ. Соған қарамастан, эпидемиологиялық ахуалға байланысты барлық мәселелер Денсаулық сақтау министрлігінің жіті бақылауында болуы керек. Премьер-Министр де бұған назар аударуы тиіс. 

Өзге өңірлер су астында қалғанын көрген Алматы тұрғындары да өз қауіпсіздігіне алаңдап отыр. Дегенмен мамандар дәл қазір төніп тұрған қауіп жоқ дейді. Өйткені өзен бастауындағы мұздықтар тек мамыр айында ери бастайды. 

Ұзындығы 26 шақырымға созылған Ақсай өзені, негізі сел қаупі өте жоғары өзендердің қатарына жатады. Себебі жоғарғы жағында 25 мұздық пен 20 көл бар. «Қыс-көктемде уақытта бір қалыпты тұрғанымен, күн жылынған кезде сел жүруі мүмкін» — дейді мамандар. Ал өзеннің төменгі жағында біраз демалыс орны мен төрт-бес ауыл бар.

Сол мұздықтар еріген кезде суын сүзгіден өткізіп, тастарды ұстап қалу үшін осыдан төрт жыл бұрын бөгеттің құрылысы басталған. Құжат бойынша биыл толық аяқталуы керек. Бірақ былтырдан бері құрылысы тоқтап тұр. Мердігер компания жұмысты жартылай жасап, 800 миллион теңге алғанын күні кеше Қаржы мониторингі агенттігі мәлімдеді. Бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу жүріп жатыр. Ал бөгет құрылысын қашан аяқтайтыны әзірге белгісіз.

Соңғы жаңалықтар