БҚО жұмылдыру әзірлігі, азаматтық қорғаныс, апаттар мен дүлей зілзалалардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасының бастығы Кәрім Жақыповтың айтуынша, өткен жылғы су тасқынын ескере отырып, биыл екеудің орнына төрт мұз жарғыш бригада тартылып, олар аса қауіпті аудандарда тәулік бойы кезекшілік атқаратын болады. Бұған бюджеттен 3 миллиондай теңге қарастырылған. Жедел ақпарат алу мен қауіп төне қалған жағдайда адамдарды құтқару үшін «Еуро Азия Эйр» компаниясының тікұшағы жететін болады. Төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою үшін 16 миллиондай теңгеге жанар-жағар май, 40 мотопомпа, 47 мың қап, 6 электр стансасы әзір тұр. Бұдан басқа «Батыс Қазақстан метеорология орталығы» мекемесімен шарт жасау үшін бюджеттен 2,4 млн. теңге ойластырылған. Осы шартқа сәйкес аталмыш мекеме өңірдегі 22 және көршілес Ресей жеріндегі 7 гидрологиялық бекеттен мәліметтер беріп отырады.
Биыл өңірде, әсіресе, оңтүстік аудандарда қар қалың, мәселен, Бөкей ордасы ауданында қар қабатының биіктігі 26 см-ға жеткен, бұл қалыпты мөлшерден 7 см-ға жоғары, қардағы су қоры 109 мм, бұл 87 мм-ға көп. Бәрі де көктемгі ауа райына, қардың қалай еруіне байланысты болмақ.
«Қазсушар» РМК БҚО филиалы директорының орынбасары Мұқан Серқалиевтің сөзіне қарағанда, дайындық жұмыстары үшін кәсіпорынға 178,8 млн. теңге бөлінген. Қазіргі кезде Оралдың іргесіндегі Шаған гидробекетін монтаждау жұмыстары аяқталып келеді. Мұнымен Набережные Челныдан келген мамандар айналысуда.