Сүйінші! Астана ЕХРО-2017 өткізу астанасы болып таңдалды
![]() |
Халықаралық көрмелер бюросының 161 мүше-мемлекеттері өкілдерінің жасырын дауыс беруі барысында әсем Астана бельгиялық Льеж қаласын басып озып, ЕХРО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу астанасы болып таңдалды. |
Астананың өтінімін Халықаралық көрмелер бюросының 103 қатысушы-елі қолдады, 44-і - «қарсы» дауыс берді.
2017 жылы ЕХРО мамандандырылған көрмесін өткізу құқығының финалдық кезеңінде Қазақстан елордасы - Астанамен бірге бельгиялық Льеж қаласы үміткер болды. Бельгия өзінің өтінімінде «Адамдарды біріктіре отырып» деген тақырып ұсынды. Қазақстан елордасы ұсынған тақырып - «Болашақтың энергиясы» - энергияның баламалы көздеріне және «жасыл» технологияларға арналған.
Астанадағы ЕХРО-2017 Орталық Азия аймағы мен ТМД елдерінде өткізілгелі отырған алғашқы халықаралық көрме болмақ. Астанадағы ЕХРО көрмесі 3 айға - 2017 жылғы 10 маусымнан 10 қыркүйекке дейін созылады. Оған әлемнің 100-ге тарта елі және 10-ға жуық халықаралық ұйымдар қатысады деп күтілуде. Көрмеге 5 миллионнан астам адам келеді. Бұл Қазақстанның халықаралық ілгері жылжуы жолындағы үлкен қадам болмақ. ЕХРО-2017-ні өткізу елорданың, сондай-ақ тұтастай алғанда республиканың экономикалық және инфрақұрылымдық дамуын қосымша ынталандыруға қызмет ететін болады.
Елорданының және оның маңындағы аймақтардың шағын және орта бизнесінің дамуы ерекше серпін алады, ең алдымен, халыққа қызмет көрсету, қонақ үй бизнесі және ішкі туризм салаларының ұтары мол. Бұл шара елорданың көрме нысандары мен инфрақұрылымы құрылысына елеулі көлемде жеке инвестициялар тартуға, оларға қызмет көрсетуге ондаған мың жұмыс орындарын құруға, ішкі туризмді дамытуға және елге шетелдік туристер ағынын ұлғайтуға, Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік ресурстарын шоғырландыруға мүмкіндік береді.
Көрмелер нысандары құрылысына инвестициялар тартудан басқа күтілетін экономикалық тиімділік мынада: ЕХРО ауқымында салынатын нысандар болашақта Қазақстанды және оның астанасын ірі халықаралық, көрме және ақпараттық-таныстырылымдық алаң ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
Көрме әлемді қазақстандықтардың көпұлтты мәдениетімен, ежелгі тарихымен, өнерімен, дәстүрлерімен, қонақжайлылығымен таныстырады, әлемдік қоғамдастықтың алдында Қазақстанның туристік тартымдылығын және танымалдығын арттырады.
Елорданың мәдени дамуының да маңызы зор. ЕХРО өткізу кезінде Астанада әлемнің түпкір-түпкірінен әртүрлі мәдениеттер үні шырқалады. Көрме аумағында күн сайын концерттер, ұлттық күндер және басқа да ойын-сауық шаралары өткізіледі.
ЕХРО-2017 ірі коммерциялық емес жоба, ол аймақтың және тұтастай алғанда елдің дамуының қуатты катализаторы болмақ. Құрылысқа, туристік инфрақұрылымға, қонақ үй бизнесіне салынатын инфестициядан түсетін кірісті былай қойғанда, көрменің зияткерлік мұрасы Қазақстанды жаңа деңгейге көтеретін болады. Әсем Астананың одан әрі қарыштап өсуіне және бұрынғыдан да өршіл мақсаттарын жүзеге асыруға жаңа серпін алады. Ал қазақстандықтар өз күштеріне және өз елінің мүмкіндіктеріне тағы да көз жеткізе алады.
«Мен үлкен қуанышпен осы қазір ғана еліміз үшін кезекті өте үлкен жеңіске жеткеніміз белгілі болғанын жеткізгім келеді. Дауыс беру ЕХРО мүшелерінің басым көпшілігі Астананы жақтағанын көрсетті. Біз 103 дауысқа ие болдық. Сөйтіп, Астана ЕХРО-2017 сияқты осыншама ауқымды шаралар өткізе алатын қала ретінде әлемдік танымалдыққа ие болды», - деп мәлімдеді Мемлекет басшысы.
Н.Назарбаев бұл Қазақстан үшін үлкен құрмет және үлкен қуаныш екенін атап көрсетті. Өйткені елге 100-ден астам мемлекеттердің өкілдері келіп, осы көрмеде өздерінің павильондарын салады. «Негізгі салмақ бізге түседі, бірақ олар құрылыстар салады, соның бәрі біздің елде қалады», деп атап өтті ҚР Президенті.
«ЕХРО-2017 көрмелерінде барлық мемлекеттер өздерінің таңдаулы технологиялық, ғылыми және мәдени жетістіктерін көрсетеді. Олар жаһандық дамудың жаңа күн тәртібін қалыптастырады. Мұндай шараларға барлық құрлықтардан ондаған елдерден миллиондаған адамдар келеді. Астананың бәәсекелестік күресте жеңіске жетуі - кездейсоқ емес.
Біріншіден, бұл біздің астанамызды әлемдік деңгейдегі оқиғаны қабылдауға лайықты орталық деп танығандық. Екіншіден, Астананы таңдау біздің мемлекетімізге берілген жоғары баға және оның дамуы - бүкіл еуразиялық аймақтың дамуы персективаларын атап көрсетеді. Үшіншіден, жеңіске біз ұсынған - «Болашақтың энергиясы» тақырыбының өзектілігі көмектесті. Ақырында, бастысы - Астананы таңдау бүкіл қазақстандық халықтың күш-жігерінің жемісіне айналды», - деді Мемлекет басшысы.
Осыған байланысты ҚР Президенті отандастарымызға үндеу жолдап, оларды жеңіспен құттықтады. «Енді біздің алдымызда басқа міндет - ЭКСПО-ны лайықты деңгейде өткізу міндеті тұр. Бұл ел үшін ғана сынақ емес. Көрме біздің жасампаздық әлеуетімізді ашуға мүмкіндік береді. Астанадағы ЕХРО-2017 республиканың инновациялық дамуына қозғау салады», - деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.
Президент сонымен қатар еліміз осы жоғары миссияны абыроймен атқарады деген сенімін білдірді.
Астанадағы ЕХРО-2017 көрмесі ҚР елордасының үздік брендтерінің бірі және аса әдемі нысан болады - Н.Назарбаев
«Болашақтың энергиясы» - бүгінгі күні маңызды тақырып. Бұл көрме әлемдік экономика дамуының күн тәртібін анықтайтын болады, біз бұл міндетті шешуге тиіспіз. Біз Астанада ЕХРО-2017-ні саламыз, оны заманауи технологиялармен жарақтандырамыз. Бұл өте әдемі нысан болады - біздің жаңа елордамыздың үздік брендтерінің бірі болады. Бұл бүкіл мемлекет, барлық қазақстандықтар үшін жақсы оқиға, Қазақстан тағы да бүкіл әлемге танымал болады және біздің мүмкіндіктерімізді көрсетеді. Міне, осыған орай барлық қазақстандықтарды тағы да құттықтаймын», - деп атап өтті Н.Назарбаев.
Астананың ЕХРО-2017 астанасы ретінде таңдалуы Қазақстанның үлкен және жаһандық міндеттерді шеше алатынын көрсетеді.
Бұл туралы қазақстандық елорда сенімді жеңіске жеткен ЕХРО-2017 өткізу орнын таңдау бойынша дауыс беру нәтижелері жарияланғаннан кейін журналистерге Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті.
«Отанымыздың елордасы - Астананы ЕХРО-2017 өткізуге ілгері жылжыту жөніндегі үлкен жұмысымыз зор және сенімді табыспен, жеңіспен аяқталды. Бұл Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында әлеуметтік-экономикалық саясатты өте табысты жүргізгенінің дәлелі екені сөзсіз. Бұл осы беделді ұйымның көптеген мүше-елдерінің біздің өтінімімізді және тақырыбымызды қабылдағанының куәсі. Бұл Қазақстан ірі халықаралық шараларды, соның ішінде халықаралық көрмені өткізуге қабілетті екенінің көрінісі екені даусыз. Сондықтан да біз бүгін өте үлкен және жаһандық міндеттерді шеше алатынымызды дәлелдедік деп санаймын. Мен барлық астаналықтарды және қазақстандықтарды осы жеңіспен шын жүректен құттықтаймын», - деді Астана әкімі И.Тасмағамбетов.
Астананың EXPO-2017 көрмесін өткізу құқығын жеңіп алуы Қазақстанның әлемдегі жоғары беделін білдіреді.
Бұл туралы журналистерге EXPO-2017 өтетін қалаға дауыс беру қорытындылары жарияланған соң ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қайрат Келімбетов хабарлады.
«Есепті өздеріңіз көріп отырсыздар (103 дауыс - Астанаға, 44 - Льежге - автордан). Астана өтініміне 100-ден астам ел дауыс берді. 2017 жылы біз Астананың 20 жылдығын мерекелейміз және бұл Елбасы жүргізіп отырған салиқалы саясатты және еліміздің жоғары беделін бүкіл әлемнің мойындауының тағы бір көрінісі», - деді Қ.Келімбетов.
Оның айтуынша, Астананың қарсыласы мықты болғанына қарамастан, орнықты экономикалық өсімге, минералдық қазбаларға бай бола отырып, «жасыл экономиканы» құруға бағытталған қазақстандық саясатқа көрсетілген құрмет.
«Ең бастысы, EXPO дамыған елдер осы бағыттағы өз тәжірибелерімен бөлісе отырып, көптеген дамушы елдер үшін бұл құндылықтарды жеткізе алатын жақсы алаң болады», - деді Қ.Келімбетов.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қазақстан алдына қойылған үлкен міндеттерді шеше алатынын және EXPO халықаралық көрмесі секілді жаһандық оқиғаларды өткізе алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді деп атап өтті.
Бұған дейін ҚазАқпараттың хабарлағанындай, Халықаралық көрмелер бюросының 161 мүше-мемлекеті өкілдерінің жасырын дауыс беруі барысында Астана бельгиялық Льежді артқа тастап, EXPO-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу құқығын жеңіп алды.
Қазақстан Президенті Халықаралық көрмелер бюросы (ХКБ) Бас Ассамблеясының 152-сессиясына қатысушыларға ЕХРО-2017 көрмесін өткізу құқығына финалдық дауыс беруден бір сағат бұрын бейнежолдаумен сөз сөйледі.
Мемлекет басшысы атап өткендей, бұдан екі онжылдық бұрын біздің еліміз әлемде онша таныс емес еді. «Бүгінде Қазақстан халықаралық қоғамдастыққа берік ықпалдасты. Біз инвесторлар, әріптестер және заманауи технологиялар үшін ашықпыз», деп атап өтті Н.Назарбаев.
Оның айтуынша, энергетикадағы сапалы төңкеріс бизнес және өмір сүру деңгейі жөніндегі бұған дейінгі ұғымды өзгертеді. Сонымен қатар экономиканың тиімділігін жақсартады, әлеуметтік стандарттарды көтереді, өмір сүру ортамыздың бұзылуын тоқтатады.
«Осыны сезіне отырып, Қазақстан көрме тақырыбына «Болашақтың энергиясын» ұсынды. ЕХРО-2017-ні біздің елімізде өткізу бізге болашақты бұрынғыдан да бірегей етуге мүмкіндік береді. Сіздер білетіндей, Қазақстанда дәстүрлі ресурстардың - мұнайдың, газдың, көмірдің, уранның мол қоры бар. Сонымен қатар біз баламалы энергия көздерінің қуатты әлеуетін ашуға ұмтылудамыз. Қазақстан экономиканы жасылдандыруға бағыт ұстап отыр», - деді Н.Назарбаев.
Ұлт көшбасшысы бұдан 14 жыл бұрын Еуразия құрлығының нақ кіндігінде ежелгі Жібек жолының бойында жаңа қала - Астана бой көтерді, деп атап көрсетті. Оның құрылысына ең озат технологиялар қолданылды. «Біздің елордамызда бір рет болған адам, Астана рухын мәңгі бақи ұмытпайды», - деді Н.Назарбаев.
"Бүгін біз үлкен толғаныспен сіздердің шешімдеріңізді күтудеміз. Астананың өтінімі бүкіл қазақстандық халықтың жан-жүрегінен қуат алған. Егер сіздер олардың үмітін қолдасаңыздар, «Болашақтың энергиясы» жай қарапайым көрме болып қалмайтынына сендіруге рұқсат етіңіздер. Сіздердің алдарыңызға шығармашылық ой-өрістің, инновациялық шешімдердің және жоғары жауапкершіліктің тоғысар жері ұсынылып отыр», деп түйіндеді ҚР Президенті Н.Назарбаев.
Алдыңғы жаңалық
Парижде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Штаб-пәтерінде ЕХРО 2017 Халықаралық мамандандырылған көрмені өткізу құқығын алуға үміткер-қалалардың тұсаукесері басталды. Бұл туралы Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл бұған дейінгі дауыс беру мен жеңімпаздарды жариялаудың қорытынды шарасы. ЕХРО 2017 астанасы мәртебесін алуға үміткерлер ішінде Қазақстанның жас елордасы - Астана мен Бельгияның Льеж қаласы бар.
Әрбір үміткер елге таныстырылымын жасау үшін 30 минуттан берілген. Осы берілген уақыт ішінде оның қатысушыларына Қазақстан және оның елордасы Астананың ЕХРО өткізетін орын ретіндегі әлеуетін көрсететін бейнероликтер көрсетіледі. Қазақстанның вице-премьері Қайрат Келімбетов пен Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов сөз сөйлеп, соңынан Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнежолдауы қорытындылайды.
Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Халықаралық Көрмелер бюросының Президентіне, атқарушы комитеттің Бас хатшысы мен оның мүшелеріне қарата былай деді:
«Біз қандай ауқымды іске, алпауыт жүкке қол созғанымызды жақсы түсінеміз. Шынайы сезінеміз. Өйткені, біз төрткүл дүниеге ой-дария болған ЕҚЫҰ Саммитін, сарықұрлыққа тең жария болған Азия Олимпиадасын абыроймен өткізген елміз. Ендігі жерде сол бір шарболаттай сенім бізді бұрын соңды болмаған осынау ұлық бастама мен жаһандық жобаға жетелеп отыр.
Қазір бүкіл адамзат өмірлік ортасының орайын сақтауға, тіршілік тақтасының қуатын баптауға зәру. Ал оның шешімі біреу - айналаға зиянын болдырмайтын, сарқылмайтын қуат көзін қордалайтын «Жасыл экономика» жолы.
Бұл ЭКСПО-ның ғаламдық мүддесіне жақын жол. Сондықтан да біз келешек ЭКСПО-ны жер аумағы әлемде тоғызыншы тұрған, ерлік-дастан еңбегімен болашағын құрған апайтөс елге, берекелі жерге шақырамыз.
Астана - алғаш атқан таңынан бастап жақсылыққа тұмар, жаңалыққа құмар болған ерекше шаһар. Осы арқылы біз ЭКСПО-ның үкілі үмітін Еуразия төрінен ақтауға, арман-тілегін Жер кіндігінен бастауға керемет мүмкіндік береміз.
Біз бұл әлемді қайта жаңғыртуға қашанда даярмыз!
Міне, Астананың осынау шын мәнінде аламан жобаға қатысуының басты себебі осы».
И. Тасмағамбетов Астанада болашақ ЭКСПО-орталығының құрылысын жүргізуге елорданың инфрақұрылымын дамыту жолына сәйкес жер учаскесінің таңдалып қойғандығын мәлім етті.
«Біз ЭКСПО кешені үшін бүтін қаланы бөлектемейтін, инфрақұрылымы мен көлік қатынасы жағынан кемшілік көрмейтін ерекше жерді таңдадық. Ондағы басты мақсатымыз - әр шаһарға өзекті, әрбір адам жанына керекті жайлы да жасампаз жағдай жасау», - деп атап көрсетті Астана әкімі.
«Бұл орайда, ЭКСПО-ны өткізу біз үшін бойымыздағы күш-қайратты шыңдау ғана емес, бүкіл әлемге біздің қаламыздың кез-келген шешімі қиын міндеттің үдесінен шығып, күресінен қиятынын дәлелдеу», - деді И.Тасмағамбетов.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының штаб-пәтерінде өтіп жатқан Халықаралық көрмелер бюросының 152-ші Бас Ассамблеясында дауыс беруге бір сағат уақыт қалғанда EXPO-2017 көрмесін өткізуге үміткер қалалар - Астана мен Льеждің тұсаукесері өтті.
2017 жылы EXPO-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу құқығын алу үшін ақтық кезеңде Қазақстан елордасы - Астана мен бельгиялық Льеж қаласы таласқа түсті. Өзінің өтінімінде Бельгия «Адамдарды біріктіре отырып» тақырыбын ұсынды. Қазақстандық тараптың «Болашақтың энергиясы» тақырыбы энергияның жаңғырмалы көздері мен «жасыл» технологияларға арналады.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қайрат Келімбетов «Астана ЕХРО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу өтінімі Қазақстан тәуелсіздігі тарихындағы экономикалық қалыптасу кезеңінің ең маңызды жобаларының бірі деп атап өтті.
Халықаралық сарапшылардың мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан Қытай және Катармен бір қатарда әлемнің ең қарынды дамушы рыноктарының үштігіне кіреді. «Біздің қарқынды экономика ұзақ мерзімді перспективаларды жоспарлап, «Болашақ энергиясы» тақырыбы бойынша келешектің жобаларымен жұмыс істеуге мүмкіндік береді», - деді Қ.Келімбетов.
Оның айтуынша, халықаралық аренада Қазақстан белсенді позицияға ие. Біздің ел ядролық қаруға қарсы жаһандық қозғалысқа және планетаны сақтап қалуға өзінің елеулі үлесін қосты. Біз алғаш болып әлемдегі ең ірі полигонды жаптық және ғаламдағы 4-ші ядролық әлеуеттен өз еркімізбен бас тартқан тұңғыш елміз.
«Жасыл экономика» жолында жасаған келесі қадамымыз - Қазақстан Республикасы Президентінің «Жасыл көпір» бастамасы. Дамыған және дамушы елдер арасында тәжірибе мен технология алмасу үшін жағдай, инфрақұрылым қалыптастыру жөніндегі бұл бастама «Рио+20» конференциясында қолдауға ие болды.
«Болашақ энергиясы» тақырыбымен ЕХРО-2017 өткізу біздің Президенттің планетаны сақтауға бағытталған жаһандық бастамаларының логикалық жалғасы болып табылады. «Болашақ энергиясы» тақырыбын ұсына отырып, біз Қазақстанның «жасыл экономиканы» дамыту бағытында іс жүзінде қозғалуы үшін барлық қажетті шараларды қабылдадық», - деп атап өтті ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.
Қазіргі таңда болашақ энергиясы саласын зерттеуді қолдау мақсатында Қазақстанда ЕХРО-2017 қоры құрылды, дамушы елдердегі ғылыми зерттеу жобаларын қаржыландыру басталып та кетті. Аталмыш жоба 69 елге қаржылық және техникалық қолдау көрсетуге есептелген.
«Біз Астанадағы ЕХРО-2017 ең жоғары технологиялық көрмелердің бірі болатынына үміттіміз. Көрме аумағы жаңғырмалы қуат көздері арқылы энергиямен қамтамасыз етіледі. Осылайша, Астана жұртшылық назарына «Болашақ қаласы» кейпінде ұсынылады», - деді Қ.Келімбетов.
«Біз үшін EXPO-2017 тек Астананың ғана емес, бүкіл Қазақстанның экономикалық өміріндегі өте маңызды кезең, ал «Болашақ энергиясы» тақырыбы - бұл планетамызды келешек ұрпаққа қалдыру жолындағы маңызды қадам», - деп түйіндеді Қ.Келімбетов.
Өз кезегінде, ХКБ-ға мүше-мемлекеттердің өкілдері алдында сөз алған елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов Астана өтінімі адам мен әлемдік прогресс арасындағы байланысты паш етеді деп атап көрсетті. И. Тасмағамбетов Астанада болашақ ЭКСПО-орталығының құрылысын жүргізуге елорданың инфрақұрылымын дамыту жолына сәйкес жер учаскесінің таңдалып қойғандығын мәлім етті.
«Біз ЭКСПО кешені үшін бүтін қаланы бөлектемейтін, инфрақұрылымы мен көлік қатынасы жағынан кемшілік көрмейтін ерекше жерді таңдадық. Ондағы басты мақсатымыз - әр шаһарға өзекті, әрбір адам жанына керекті жайлы да жасампаз жағдай жасау», - деп атап көрсетті Астана әкімі.
Қазіргі уақытта ХКБ-ға қатысушы 161 елдің өкілдері EXPO-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі өткізілетін қаланы таңдау бойынша жасырын дауыс беру процедурасын бастап кетті.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін