Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
«Құқығым мен ұстанымдарым шектелді» деген арудың айтуынша, «Жайдарман» ойындарын тамашалауға барған ол орамалына қатысты біраз әуреге түскен.
«Астана қаласында Әзербайжан Мәмбетов атындағы театрда Жайдарманның Ұлттық лигасының турлары болып жатыр. Өзім осындай жиындардан, концерттерден қалмаймын. Әдеттегідей бүгін Жайдарманға келдім. Менің орным төрешілердің артқы қатары болатын. Мен орнымда отырсам, маған бір оператор келіп, «кешіріңіз, алда бос орындар бар, жылжып отырасыз ба», — деді. Мен құрбымды күтіп отырғанымды, ауыспайтынымды айттым. Одан кейін тағы екінші оператор келіп мен отырған орында қызыл киіммен отыруға болмайтынын айтты. Менің жанымда қызыл жейдеде тағы бір қыз отырды. Неге сол қызға айтпайсыз деді. Содан соң үшінші оператор келді. «Кешіріңіз, төрешілердің артында қызыл киіммен отыруға болмайды», — деді. Орамалға қатысты сіздер осылай айтып жатырсыздар ма дедім. «Ия, орамалға қатысты. Телевизияға орамалмен бірінші қатарда отырған видеоңыз өтпеу керек», — деді. Мен «осы жерде отырамын, менің құқығымды ешкім шектей алмайды» дедім. Басталайын деп жатқанда, төрешілер кіріп келе жатқанда тағы бір адам келіп, «өтініш, жылдам орныңызды жанға қарай, камера түспейтін жерге ауыса аласыз ба», — деді. Мен «сіздер қандай заңға сүйеніп мені ауыстырғыларыңыз келіп жатыр» дедім. Оператор айтты, бастық бұйырды деп жауап берді. Жайдарман бітті, мен шығып, телевизияға арнап түсіретін және оны арнаға тапсыратын кісімен сөйлестім. Ол кісі «Сіз білесіз, заң сондай, жазылмаға заңдар да болады. Ешқайда салып шулатпаңыз», — деді. Мен шулатқанда қалай шулатамын деп жауап бердім. Бұл — менің азаматтық құқығымды және менің ұстанымдарымды шектеу болып табылады. Заңда, еш жерде жазылмаған. Сұмдық жағдай болып тұр. Осындай жағдайға ұшырағаным бірінші рет емес. Сөзім жоқ», — дейді хиджабтағы ару.
Желдей тарап жатқан видеоға желі қолданушылары түрлі пікір жазуда.
«Мүлде кіргізбеу керек», «Тек ұрыс-керіске дайын тұрады екен. Орамал таққаны міндет пе», «Иран, Ауғанстан жаққа кетсей, бірінші қатар емес төрге шығарып қояды», «Дұрыс, хиджаб кигендерді артқа отырғызу керек», — деп жазды олар.
Бүгін, 6 мамырда заңгер Нұрсұлтан Орынбеков Есен Елеукеннің «орамалым үшін құқығым шектелді» деген Динарам Сайлаубектен кешірім сұрағанын айтып, жазба жариялады.
«Жайдарман достық мекені. Екі күнге созылған түсінбестіктің соңы екі тараптың татулығымен аяқталды.
Есен ағамыз үлкендік танытып, көрегендік көрсетіп мәселеге өзі араласып нүкте қойды. Динарам қарындасымыздан кешірім сұрап ағалық жасады. Қысқасы, достық жеңді! Қазақстан-татулыққа, толеранттылыққа, теңдікке негізделген демократиялық ел. Әр адам өзін еркін сезіну керек», — деп жазды ол.