Қызылордада сұмдық оқиға болды. Жантүршігерлік оқиға туралы белсенді Дина Тәңсәрі мәлімдеді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Қазір бұл зорлық туралы қоғам белсенділері, заңгерлер мен журналистер жаппай жазып жатыр. Себебі зорлық көрсеткен еркектердің екуі ғана күдікті ретінде ұсталған. Оқиғаның мән-жайына тоқталайық.
Қызылордада 16 жастағы қызды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген оқиғаға қатысты сұмдық деректер жария болды. Зорлық жарты жыл жалғасқан. Қызына көмек сұраған анасын мектеп пен полиция ата-ана құқығынан айырамыз деп қорқытқан. Зорлаған мың еркектің арасында ұлттық комитет қызметкері де бар дейді анасы.
Жасөспірімнің жасы 16-да болғанымен, арық, нәзік , не ет, не майы жоқ 12-13 жастағыдай көрінетін деп қосты ана.
Жәбірленушінің анасы қызын бұл қылмыстық схемаға сыныптас құрбысы тартты деп мәлімдеді. Ол үйге жиі келіп, биге бірге барып жүрген. Ата-анасы күдіктіні қызының құрбысы деп санаған, араласуға тыйым салмаған.
Сонда Сыр бойында педофилия “дамып” тұр ма?
6 айдан соң бас миы шайқалып құр сүлдері қалған байқұс қыздың үсті көкала қойдай көгерген, жара, денесі биттеп кетіпті. Мына мың еркектің хайуаннан айырмасы не?
«Зорлыққа қатысы бар сыныптас құрбысынан бастап, құмарын қандырған соңғы еркекке дейін бәріне қатаң жаза талап етейік, халайық! Үн қосып, жазбаны таратыңыз! Бәріміз үкілеп қыз өсіріп отырған анамыз, әкеміз: бала зорлығына жол жоқ. Әзірге 2-ақ адам күдікті есебінде қамауға алынды, қалған 998-і қашан қамалады?», — деп дабыл қақты журналист Гүлмира Әбіқай.