«Жобада қарастырылған негізгі нысандар салынып бітті. Енді 6-12 айдан кейін біз Арал теңізіндегі су деңгейінің көтеріле бастау құбылысына көзайым болып, жобаның нәтижесін өз көзімізбен көретін боламыз»,- дейді Л.Брефор. Жобаның жалпы құны 85,79 млн. долларды құрайды. Жобаны жүзеге асыруға арналған қаржының бір бөлігі — 64,5 млн. доллар Әлемдік банктің несиесі есебінен, ал 21,29 млн. долларды құрайтын қалған бөлігі ҚР бюджеті есебінен бөлініп отыр. Жобаның мақсаты — Солтүстік Аралды сақтап қалу және Сырдария мен Арал теңізі өңіріндегі экологиялық ахуалды сауықтыру болып табылады.
Л.Брефордың айтуынша, жобаны жүзеге асыру осы өңірдегі әлеуметтік және экономикалық ахуалға әжептуір оң әсерін тигізді. «Сырдарияның төменгі сағасындағы айрықша маңызды су шаруашылығы нысандарын қалпына келтіру соңғы жылдардағы су тасқындарының техногендік әсердің зияны мен шығындарды азайтып қана қоймай, сонымен бірге елдің осы өңіріндегі суармалы егін шаруашылығын қайтадан жандандыруға жәрдемдеседі»,- деді ол.
ҚР ауылшаруашылығы министрлігінің су шаруашылығы комитетінің төрағасы Анатолий Рябцевтің айтуынша, жоба аясындағы ең негізгі нысандардың бірі болып табылатын жаңа Әйтек гидротехникалық нысаны пайдалануға берілді. «Құны 11,6 млн. долларды құрайтын нысан Сырдарияның су өткізгіштік қабілетін біршама арттырып, елді мекендер мен ауылшаруашылық алқаптардың су астында қалу қаупін азайтып, 16 мың гектар суармалы алқапты сумен қамтамасыз ету жағдайын жақсартты»,- деді ол.
Сонымен бірге А.Рябцевтің айтуынша, Солтүстік Аралда Ақлақ гидроторабы атты жаңа тоған салу мен Солтүстік Арал маңындағы өзендерді қоректендіретін каналдардағы сегіз бас нысандарды салу жұмыстары биылғы күзде аяқталуы тиіс. «Шардара су бөгетіндегі жөндеу жұмыстары, Сырдария өзеніндегі бөгеттерді салу мен Қазалы және Қызылорда гироторабындағы арнаны түзеу және қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын»,- деді ол.
«Қазір Әлемдік банкпен бірлесе отырып жобаның екінші кезеңінің жай-жапсары анықталуда. Оны жүзеге асыру құны 100 млн. долларды құрайды»,- деді А.Рябцев.
«Екінші кезеңде Ақлақ гидроторабында суэнергетикасы станциясын салу, Қызылорда облысының Қазалы және Сырдария аудандарында екі көпір салу, Қараөзек гидроторабын салу және дарияны бойлай орналасқан өзендерді қалпына келтіру шаралары қарастырылған»,- деді ол.
Жоба 2007-жылдың 28-ақпанында толық жүзеге асырылады.