Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.
Кеше өзен арнасындағы мұз кептелістері салдарынан су деңгейі көтеріліп, Сырдария өзенінің ескі арнасы толып, ПМК-29 саяжайының ішкі каналына көп мөлшерде су ағуынан тұрғын жайдың ауласына су жайылған.
Жалпы, ПМК-29 саяжайы өзен арнасындағы су деңгейі жоғарылау кезінде су жайылатын аймақ болғандықтан тұрғындарға алдын ала ескертпе хаттар таратылған.
Саяжайда барлығы 36 тұрақжай бар. Оның ішінде адамдардың қысы-жазы тұрақты тұрып жатқаны — 2 отбасы.
«Осыған байланысты бекітілген жауапты мекемелердің арнайы техникаларын (6 жүк көлігі, 1 трактор, 1 экскаватор) жұмылдыра отырып, су жайылудың алдын-алу мақсатында топырақпен бекіту жұмыстары жүргізілуде. Саяжайды су басу қаупі туындаған жағдайда алдын алуға жұмылдырылатын барлық күштер мен құралдар дайын», — деді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Серік Сермағамбетов.