«Мерекені атап өту барысында осы адамдардың бәрі де «Ұлы Жеңіске — 70 жыл» мерекелік медалімен марапатталады. Қазірдің өзінде оларға берілетін 207 923 медаль әзірленіп, ардагерлерге табыс етілуі үшін әкімдіктерге жіберілген. Қазір әкімдіктерде медальдарды тапсыру жүргізіліп жатыр. Бір жолдық материалдық жәрдем көрсету үшін республикалық бюджеттен 5 млрд. 800 млн.-нан астам теңге қарастырылған. Бұл жәрдемақылардың бәрі сәуір-маусым айларында толық төленетін болады», делiнген мақалада.
«Атыраудағы мұражайға танымал тұлғалардың домбыралары тапсырылды», деп жазады «Егемен Қазақстан» «Құнды жәдiгер» атты келесi бiр мақаласында.
Атыраудағы тарихи-өлкетану мұражайының әдебиет және мәдениет залында құнды дерек өте көп. Бұған дейін аталған залға белгілі актер Нұрмұхан Жантөриннің «Моцарт пен Сальери» спектаклінде киген костюмі, Мұхтар Бақтыгереев пен Сәтімжан Санбаев сынды актерлердің, Әбу Сәрсенбаев пен Хамит Ерғалиев, Жұмекен Нәжімеденов пен Фариза Оңғарсынова, Зейнолла Қабдолов пен Тауман Амандосов, Берқайыр Аманшин мен Ғабдол Слановтай қаламгерлердің тұтынған бұйымдары, Құрманғазы мен Динаның, Жүсіпбек Елебеков пен Нұрғиса Тілендиевтің, Әзидолла Есқалиев пен Қаршыға Ахмедияровтың, Рысбай Ғабдиев пен Шамғон Қажығалиевтің, Нариман Үлкенбаев пен Ғатау Ібішовтің, Шәміл Әбілтаев пен Алтынбек Қоразбаевтың, Айгүл Үлкенбаева мен Бекболат Тілеуханов секілді елімізге кеңінен танымал өнер шеберлерінің домбыралары қойылған.
«Осындағы 40-қа тарта домбыра коллекциясының қатары енді төрт домбырамен толықты. Жақында Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов белгілі күйші Камал Мақайұлының домбырасын, жазушы Мақсұт Неталиевтің домбырасын ұлы Шеген тапсырды. Ал танымал өнер зерттеушісі, композитор Илья Жақанов өзінің «Ағады Жайық, ағады», «Оралдың ерке самалы» және өзге әсем сазды әндерін шығару кезінде қолданған домбырасын ұсынды. Мұражай төрінен орын алған осындай құнды жәдігерлер қатарына Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің анасы, халық композиторларының күйлерін кейінгі ұрпаққа жеткізіп, кеңінен насихаттаған ұлттық өнер жанашыры Әсима Қалиқызының көзі тірісінде қолына ұстаған қара домбырасы да қосылды», — делiнген мақалада.
Қазақстанда болашақта ең жоғары сапалы бензин құны 40 теңге ғана болуы мүмкін! Бұған еліміз инновацияның арқасында қол жеткізбек. Бұл туралы «Айқын» басылымы «Нұрлы жол — инновация жолы» атты мақаласында мәлiм еттi.
Газетте жазылғанындай, кеше Астанада ұйымдастырылған жиында Үкімет өкілдері мен отандық ғалымдар еліміздің жаңа экономикалық саясатын жүзеге асыру барысында «ғылым мен өндірістің өзара әрекеттесуі» мәселелерін қарады.
Отырыста айтылғанындай, «Нұрлы жол» бағдарламасын ғылыми-техникалық қамтамасыз етуге, оның негізгі бағыттарына — көліктік-логистикалық, индустриялық және энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға Қазақстан ғалымдары кең ауқымда тартылатын болды.
— Біз 2014 жылы ғылыми зерттеу жұмыстарының бірінші циклын тәмамдадық, ол үш жыл бойы жүзеге асырылған еді. Оның барысында бүкіл Қазақстан бойынша 1 мың 557 жоба, 49 ғылыми-техникалық бағдарлама аяқталды. Таяуда осы ғылыми-зерттеу жобаларының қорытындылары арнайы жинақ болып шығады. Онда әрбір жоба бойынша, инновациялық технологиясының артықшылықтары мен жаңалықтары, тиімділігі мен пайдасы жан-жақты сипатталады. Бұл жинақ-каталог барлық ірі компанияларға жолданады. Ендігі мақсат — ғылым мен бизнестің өзара ынтымақтастығының нақты тетігін іске қосып, біздің жобалардың нәтижелерін, жетістіктерін кәсіпорындарға ендіру,- дейді Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Амандық Төлешев.
«Айқын» газетi «Сырдың суында не сыр бар?» атты мақаласында Сырдария суының ластануы соншалықты, оны ауыл шаруашылығына да, балық өсіруге де пайдалануға жарамайды деп отыр.
«Оңтүстік Қазақстандағы Шардара су қоймасының зерттеген ғалымдар судың құрамында сынап, қорғасын, мырыш, мыс, хром, никель, молибден сияқты ауыр металдар барын анықтады. Олардың айтуынша, Сырдария өзенінің суы ауыл шаруашылығына да, балық өсіруге де пайдалануға жарамайды екен», — делiнген аталмыш материалда.
Жағасында Худжанд, Сырдария, Бекабад, Шардара, Қызылорда, Байқоңыр, Қазалы қалалары орналасқан Сырдария — Орта Азиядағы ең ұзын өзен. Дарияның арнасы Тәжікстандағы Қайраққұм, Қазақстандағы Шардара және Көксарай су қоймалары арқылы өтеді. Орта Азиядағы ең ірі Сырдария өзені суының сапасына зерттеу жұмыстарын жүргізуге 2011 жылы НАТО Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне 600 мың евро грант бөлген болатын. Соңғы үш жыл бойы зерттеумен айналысқан М.Әуезов атындағы ОҚМУ эколог мамандары жұмыстарының алғашқы нәтижелерін жариялады. Зерттеу нәтижелері бойынша, өзеннің суы, тіпті егістікті суғаруға да жарамайтын болып шықты. Профессор Үйлесбек Бестерековтің мәлімдеуінше, улы заттардың көп жиналған жері Өзбекстанмен шекаралас тұста екен. Бірақ Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан арқылы Қазақстанға келетін дарияның суын қай ел көп ластап жатқаны белгісіз. Егер өзен суын зиянды заттармен ластап жатқан көздерді анықтап, оны бүгіннен бастап тазалаған күннің өзінде ол енді он жылдан кейін ғана пайдалануға жарамды болмақ.
Ресми тiлдегi «Экспресс К» газетi болса, ғалымдар «қазақ пен қазақ кездессе, бiрiне-бiрi туыс болып шығады» деген халық арасындағы заңдылықтың шешiмiн тапты деп жариялады.
«Америкалық және отандық ғалымдардың ауқымды генетикалық зерттеуi көрсеткендей, қазақтардың 1 миллионнан астамы 600 жыл бұрын өмiр сүрген бiр атадан тарайтын көрiнедi», — делiнедi аталмыш мақалада.
Жақында батыстың Plos one атты танымал ғылыми журналы қазақтың Арғын руына қатысты мақаласы жарыққа шықты. Оның авторлары ретiнде Shejire DNA жобасының негiзiн қалаушылары, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ тарихшылары, «Назарбаев Университетiнiң» ғалымдары болды. Бүгiнде 1 миллионға жуықтайтын қазақтың Арғын руының 80 пайызы Алтын орда билеушiсi Тоқтамыс ханның оң қолы болған Қарақожа әмiрдiң тiкелей ұрпағы көрiнедi.
— Бiз мұндай қорытындыға мыңдаған Арғынның ДНК-сын тексеру барысында анықтадық, — дейдi Shejire DNA жобасының ғылыми жетекшiсi, PhD докторы Жақсылық Сәбитов. — Оның iшiнде қазақтың батыры Талғат Бигелдинов те бар. Айтпақшы, Қарақожа әмiр Арғын руының негiзiн қаламаған. Оның арғы тегi Арғын атты атадан тарағаны белгiлi. Толығырақ «Как родить миллион» атты мақаладан оқи аласыздар.