Мәжіліске енгізілген заң жобасының басты мақсаты — Агенттікке кейбір негізгі бағыттар бойынша тариф қалыптастыруға бақылау қоюға мүмкіндік беру болып табылады, деді Ж.Ертілесова. Оның айтуынша, осындай негізгі бағыттарға монополистер тарапынан өз кірістері, шығындары мен активтері бойынша міндетті түрде дербес есеп жүргізу, табиғи монополия субьектілеріне басқа іс-қызметпен айналысуға шектеу қою, монополистерге иелігіндегі мүлікті жалға беруге тыйым салуды жатқызуға болады.
«Қазіргі таңда монополистердің кірістері, шығындары мен активтері бойынша дербес есеп жүргізбеуі салдарынан Агенттік тариф бекітуге берген есеп-қисаптардың дұрыстығын анықтай алмай отыр»,- деді Ж.Ертілесова. Заң жобасын жасаушылардың пайымдауынша, табиғи монополия субьектісінің бөтен іс-қызметпен айналысу көлемі тікелей кәсіби қызметінің жалпы көлемінің 5 процентінен аспауы тиіс. «Бұл монополистерді басы артық активтерден құтылуға мүмкіндік береді. Ал мұндай активтер тариф қалыптастыруға әсер етуде»,- деді Ж.Ертілесова. Оның айтуынша, монополистердің өз мүлкін жалға беруі де тарифті қымбаттауға түрткі болып отыр.
Монополияға қарсы күрес мекемесі ұсынған заң жобасын мәжіліс жұмыс жоспарына қамтыды.