Осы орайда, Caravan.kz тілшісі Әлия Маратқызымен сұхбаттасып, жетістікке жетуінің сырын біліп көрді.
— Әлия Маратқызы, сізді Мәжіліс депутатынан бөлек, алдымен танымал журналист, көп балалы ана ретінде танимыз. Бәріне қалай үлгересіз? Балаларыңызға уақыт көп бөлесіз бе?
— Әрине әйел адам болған соң, бәріне үлгеруге тура келеді. Бірақ нәзік жандылар осы қасиеттерімен де ерлерден көш ілгері тұрады. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің өзі «Әйел адам бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербеткен» деп айтып кеткен емес пе? Ендеше, біз, ең алдымен, аналар балалардың, отбасының, елдің болашағы үшін, бәріне үлгеруге тиіспіз. Маған да өзіміздің апа-әжелеріміз, аналарымыздан осы қасиет дарыған болар. Яғни депутаттық мансабымнан бөлек, отбасыма, балаларға да барынша көңіл бөлуге тырысамын.
— Депутаттарға халық тарапынан сын көп айтылады, бұрын өзіңіз журналист болғанда да халық қалаулыларын талай сынаған боларсыз. Қазір депутаттардың жұмысын қалай бағалайсыз? Жалпы депутаттардың жұмысын сынауға негіз бар ма? Өзіңіз сынды қалай қабылдайсыз? Депутат мәртебесін алып жүру қаншалықты қиын?
— Иә, депутаттарға сын көп айтылады, бірақ олардың көбі негізсіз дер едім. Неге? Себебі Мәжіліс депутатының нақты немен айналысатынын білмей, оның ішкі кухнясымен, олардың қызметі, жұмысымен таныспай тұрып, қалай сынауға болады. Ең алдымен, Мәжіліс депутаттары – заң шығарушы орган өкілдері. Яғни, біздің жұмыс – заң жазу, шығару. Мәселен, мәслихат депутаттары өз жерлерінде тікелей халықпен жұмыс істесе, біздің де өз кестеміз бар. Ол бойынша депутаттар өңірлерді аралайды, халықпен кездеседі. Ал содан кейін барып анализ жасалып, барлығы ескеріліп, талқылаудан өтіп заң шығарылады. Ол оңай процесс емес. Мысалы адамдар біздің жұмысқа баға беріп жатады, ал өздерінен «Депутат немен айналысады?» деп нақтылап сұрасаң, жауап бере алмай қалады. Алайда Конституцияда біздің немен айналысатынымыз, бәрі жазылған ғой? Мен желіде жазылған әр пікірді оқимын, кейді тіпті өзіме «беймәлім» тұстарды да біліп жатамын. Жалпы маған теріс, оң пікірлер жазатын адамдардың бәріне ризашылғымды білдіремін. Адамдар ештеңенің анық-қанығына жетпей жатып, сынай жөнеледі, ондай адамдарға да рахметтен басқа айтарым жоқ және әркімнің өз санасы мен ұятына берсе деп айтар едім. Сол себепті маған жазылған әр пікірді оқимын және оларға тек алғыстан басқа айтарым жоқ. Себебі халықтың бәріне бірдей жағу мүмкін емес. Жалпы мен бұған дейін балаларға өзім бас-көз болатынмын. Қазір осы жұмыстың бәрі жолдасымның мойнында, әрине жан-жарымның қолдауынсыз мен мұндай жетістіктерге жетіп, бәріне бірдей үлгермес едім.
— Сұхбаттарыңыздың бірінде қатты арықтағаныңызды, аз уақытта қалай салмақ тастағаныңызды да айттыңыз. Не себепті осындай шешімге келдіңіз?
— Ол сұхбатта мен 40 келі тастағанымды айтқан едім. Ал қазір 50 келі салмақ тастадым. Қазір мен өзім қалаған 67 келі салмаққа келдім. Ендігі мақсатым тағы 3 келі тастап, 64-65 келі болсам деймін. Не себепті бұлай арықтауға шешім қабылдадым десем, себебі денсаулығыма байланысты деп айтар едім. Жалпы кез келген табысты адам, бәрінде де табысты болуы керек. Ол ең алдымен өзі және денсаулығы үшін қажет. Саясатта жүрген адам болғандықтан, маған қарап бой түзейтін жастар, бойжеткендер менен үлгі алса екен деймін. Бізде жалпы ауылдың әйелі немесе көпбалалы ана болса, өз-өзін күтпейтін, үнемі шаршап жүретін, өмірден түңілген, қажыған немесе асүйден басқа жерге шықпайтын, ал саясатпен мүлдем араласпайтын әйел көз алдымызға елестейді. Ал, керісінше, өзін-өзі күткен, әдемі әйел болса – демек сен біреудің тоқалысың деген, қатып қалған түсінік қалыптасқан. Мен онымен келіспеймін. Көп балалы аналар да, өзін-өзі күтіп, адал еңбегімен, саясатта да, қоғамда да өз орнын таба алады. Ол үшін біреудің тоқалы немесе байдың әйелі болып керек емес.
— Ел біле бермейтін қандай сүйікті ісіңіз, қасиетіңіз бар?
Мен ән айтқанды, қолымнан келсе көмектескенді жақсы көремін. Психологияны зерттеймін. Сол сияқты жылқы малын ұнатамын. Мен ат үстінде шаба аламын, бірақ осыны кәсіби тұрғыда меңгерсем деймін, бұл менің басты арманым. Болашақта өз сәйгүлігім болса деймін.
— Бұрынғы Әлия мен қазіргі Әлияның қандай айырмашылығы бар?
— Әрине бұрынғы және қазіргі Әлияның арасында жер мен көктей айырмашылық бар шығар. Негізі мен бұрынғы Әлиямын, бірақ рухани тұрғыда өстім деп айтсам болады, яғни әлеуетім қазіргіден де жоғары екенін түсіндім. Өз өмірің өз қолыңда екенін және оны қалай сүресің, ол да өзіңе байланысты екенін түсіндім. Сыртқы келбетімде де едәуір өзгерістер болып, 50 келі салмақ тастадым. Кез келген жайтқа тереңінен үңіліп қарауды үйрендім. Сосын адамның ортасына байланысты деген рас, мен осы екі жылда өте тәжірибелі, білікті мамандармен жұмыс істеп, олардан көп нәрсе үйрендім. Осы екі жылда талай оқиғаны бастан кешірдік, былтырғы «Қаңтар оқиғасының» өзі қайда жатыр?
— Өмірде нені кешіре алмайсыз?
Мен сатқындық пен енжарлықты, немқұрайлылықты кешіре алмаймын. Осыларды мен ешқашан кешіре алмаспын.
— Жаныңыз жабырқап, көңіліңіз құлазыған сәтте неден демеу табасыз?
Көңілім құлазыған сәтте, сыртқа шығып, серуендегенді жақсы көремін. «Унисенные ветром» романында Скарлетт О’Хараның «Ол туралы ертең ойланамын» деген сөзі бар, сол пікірді мен де ұстанамын.
— Жас қыз- келіншектерге аяулы жар, ардақты жар ретінде айтар ақыл-кеңестеріңіз?
— Қазақтың қыз-келіншектері өзіне, денсаулығына мән беріп, күнделікті қым-қуыт тіршілікте өзіне аз да болса уақыт, көңіл бөліп үйренсе екен деймін. Себебі әйел бақытты отбасында балалар да, ер адам да бақытты. Бірақ бұл дегеніміз, бәрін бір әйелдің мойнына артып қою деген сөз емес. Екі жақтан да бір-бірін бақытты етуге ұмтылыс, соған деген ынта болуы шарт. Сол кезде ғана ол отбасы өз шаңырағын сақтай алады. Ер адамдарға, осы ретте, құлақтарыңызға алтын сырға, үйдегі балаларыңыздың анасын, ұрпағыңызды жалғастырып отырған жұбайларыңызды сыйлап, оларға сый-құрметпен қарасаңыздар екен. Себебі әйелдеріңіз бақытты болса, ұрпағыңыз, ұл-қыздарыңыз да салиқалы, саналы ұрпақтың қатарынан болатыны сөзсіз.
Әңгімеңізге рахмет!