Табыт көтеріп билеген кімдер? - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-2 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Табыт көтеріп билеген кімдер?

Табыт көтеріп билеген кімдер?

"Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа».

  • 27 Сәуiр 2020
  • 107
Фото - Caravan.kz

Әлеуметтік желіде табыт көтеріп билеген төрт қара жігіттің танымалдығы күн сайын артуда. Ал, интернет қолданушылары болса, оларды трагедия мен өлімнің белгісі санап, бейнероликтерінде қолданып жүр. Бұл жағынан біздің елдегілер де қалысар емес. Ал осындай табыт пен өлім элементтерін оңды-солды пайдаланып, әжуаға айналдыру қаншалықты дұрыс? Алыстағы Африка құрлығын мекендейтін елдегі бұл діни үрдіс нені білдіреді?

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды. 

Бұл — пародия немесе қойылым да емес. Батыс Африканың бір түкпірін мекендейтін ганалықтарға тән діни рәсім. Мына жарық дүниедегі дәм-тұзы таусылған адамды ақтық сапарға шығарып саларда осылай дүркіретіп шоу жасау  олар үшін қалыпты үрдіс. Қазақы ұғыммен айтқанда ықылым заманнан бері ата-бабасынан қалған дәстүр.

Табыт көтерген, зіңгіттей биші қара жігіттер соңғы 2 айда танымалдықтың шыңына шықты. Әлем елдерінің назары, әлеуметтік желідегі бірнеше миллион көрілім мен тв шоуларда төбе көрсету — оларды әп-сәтте жұлдызға айналдырды. Бірақ, танымалдықтың да теріс қыры бар. Бүгінде бұл төрттіктің бейнесін — бейнероликтерде сәтсіздіктің символы, трагедия мен өлімнің жаршысы ретінде жаппай қолдану белең алды. Бұл дүрмектен біздің елдегілер де қалыс қалып жатқан жоқ.

Иә, бір қарағанда езуге күлкі үйіреді. Күнделікті өмірде ене мен келін арасындағы мұндай келеңсіздіктерге естіп-көріп жүргендіктен, еріксіз жымиясың. Алайда ажалды әжуәға айналдыру әуелден қазақтығымызға жат дүние. Асыл дініміздің де мұны құптамайтыны бесенеден белгілі. Алдыңғы толқын ағалар осындай ойсыз, мағынасыз, арзан дүниелердің ақыры неге әкеп соғарын ойлаудың өзі қорқынышты дейді.

ҚУАНДЫҚ ШАМАХАЙ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:
"Өлім деген адам баласының барлығына ортақ. Бұл — трагедия. Онымен ешкім ойнамайды. Жалпы бұл қазақы ырымға да жатпайды. Сондықтан белгілі бір елдің дүниесін алған кезде, оны әзіл-қалжың екен деп қабылдауға немесе оның мәнін білмей жатып, қолдану — бұл біздің ұлттық құндылығымызға сай келмейтін, ырымға да жаман нәрсе. Сондықтан мұндайды білместікпен алып, еліктей беруге болмайды деп есептеймін".

Еліктеу демекші, жұмыртқадан жүн қырыққан кей пысықайлар осындай қызмет түрін қолға ала бастаған тәрізді. Онысын жарнамалап, әлеуметтік желіде парақша ашып та үлгерген. Төлемді қайда жасайтынын көрсетіп қойғанына қарағанда ақшаның көзін таптым деп ойлаған сыңайлы. Ал, ашық ақпарат көздеріндегі деректерге сүйенсек, Ганада бұл діни рәсімнің құны едәуір екен. 800-1000 доллардың айналасында. Дүниеден қайтқан кісінің жақындары осы соманы төлесе болғаны, қызмет көрсетушілер табытты төбесіне көтерген күйі билеп, марқұмды ақтық сапарға мейілінше көңілді шығарып салады.

"Әр елдің салты басқа" деген тәмсіл осындайда айтылса керек. Батыс Африка тұрғындары қайтыс болған адамды Жаратушының құзырына осылай құрмет көрсетіп, мейлінше көңілді шығарып салуды міндет санайды.Онысы дүниегі шыр етіп келетін адам, мәңгілік мекеніне осылай аттануға лайық деген түсініктен туса керек. Ал мұндай жоралғы тәлім-тәрбиесі, наным-сенімі мүлдем басқа біздерге әлбетте ерсі көрінеді. Ақиретке қатысты дүниелерді оңды-солды орынсыз қолдану, онымен қоймай қылжаққа айналдырудың арты жақсы емес дейді парапсихологтар.

СӘУЛЕ ИБРАЕВА, ПАРАПСИХОЛОГ: «Бұл  қара күштер. Олар өз жұмысын істеп жатыр. Өзінің ырқына оңай бағынатын адамдардың санасын улауда. Нәтижесін көріп отырсыздар. Қазір жарық пен қараңғының күресі жүріп жатыр. Жарықтың жақтаушылары — махаббат, мейірім, қуаныш таратады. Ал қара күш керісінше әрекет етеді. Адамзат санасы түбегейлі өзгеріске ұшырап жатыр».

Бүгінде әлеуметтік желі орасан зор күшке ие. Тіпті, мейірім мен назарға мұқтаж кей жандар үшін ата-ананың рөлін алмастырып отыр десек, артық айтқандық емес. Өйткені мұнда жарияланған әр ақпарат, кез келген видео сана-сезімі толық қалыптасып үлгермеген жастардың тәрбиесіне тікелей әсер етері белгілі. Әр елдің салты басқа екенін жақсы түсінеміз. «Алайда дініміз бен салтымызға жат нәрсе жастарымыздың санасына сіңіп кетпесе екен» дейді қоғам белсенділері.