Тағы бір ата-ана 4 жасар қызының өліміне дәрігерлерді кінәлауда - kaz.caravan.kz
  • $ 474.83
  • 515.38
+31 °C
Алматы
2024 Жыл
27 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Тағы бір ата-ана 4 жасар қызының өліміне дәрігерлерді кінәлауда

Тағы бір ата-ана 4 жасар қызының өліміне дәрігерлерді кінәлауда

Солтүстік Қазақстанда төрт жасар қыздың өліміне ата-аналары дәрігерлерді кінәлауда. Елена Бондарь облыстық балалар ауруханасында екі-ақ сағатта жедел өкпе қабынуынан мерт болған. Қазір сәби өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды. Әлі тергеу аяқталмаса да облыстық аурухана басшылығы екі дәрігерін жұмыстарынан босатыпты. 

  • 28 Желтоқсан 2012
  • 325
Фото - Caravan.kz

— Мынау Ленаның балабақшада 2013 жылға дайындаған күнтізбесі, алайда жаңа жылда ол бізбен болмайды…

4 жасар Ленаның сол күні кешке қызуы көтерілгенде жедел жәрдем дәрігері «баспа ауруы» деген диагноз қойған. Ол қызуын басатын дәрі егіп, керекті дәрі-дәрмектердің тізімін жазып беріп кетіпті. Алайда таң ата сәбидің қызуы тағы көтеріліп, тағы дәрігер шақыртуға тура келген. 40 минут дегенде әзер жеткен фельдшер баланың бозарған түрін көріп, оны бірден аудандық ауруханаға алып келіпті. Алайда ондағылар сәбиді облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізу керек деп шешеді. Әрі-берлі жүргенде сәбидің жағдайы одан бетер нашарлаған.   

Юрий  Бондарь, әкесі:

— Жедел жәрдем көлігінде оттегінің аз болғаны анық. Тіпті қалаға дейінгі 20 минуттық жолда балаға да жетпеген. Ал егер алыс ауданнан ересек адам қалаға жеткізілсе ше, бұл салғырттық емес пе? Неге олар баллонға оттегіні толтырып қоймаған?!

Облыстық балалар ауруханасында да хал үстінде жатқан бала бірден жансақтау бөліміне жеткізілмей, жарты сағат бойы түрлі дәрігерлердің қарауында болған. Тек сәбидің халі көз алдарында ауырлап бара жатқанда ғана, оны жансақтау бөліміне алып кетіпті.


Олег Завьялов, СҚО балалар ауруханасының бас дәрігері:

— Өкпеге оттегіні жіберу, жүрек маңын уқалау, түрлі дәрілерді егу сынды барлық реанимациялық шаралар толық атқарылды. Бірақ ол нәтиже берген жоқ. Өйткені бала бізге тым ауыр халде түсті. Жедел қоздырғышты өкпе қабынуы өкінішке орай осылайша тез өрбиді. Бала түгілі, үлкен адам да бұл дертке төтеп бере алмайды.

Қайғыдан қан жұтқан ата-ана қалалық ішкі істер басқармасына шағым жазған. Тәртіп сақшылары бұл оқиғаға қатысты «кәсіби міндетін дұрыс атқармады» деген баппен қылмыстық іс қозғапты. Тергеу әлі аяқталмаса да, сол күні кезекшілікте болған облыстық аурухананың екі дәрігері жұмыстарынан босатылды.