Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Видеографтың айтуынша, бір фильм бір адамның тағдырын өзгертуге себепкер болған.
“Әуелі Алла! Одан кейін өзіңе тапсырдым, балам!” – бұл Мазари-Шарифтен шығарда Сабырдың анасы Бибігүл апамыздың маған айтқан сөзі еді.
Әсілінде адамды бір елден екінші елге көшірудің қиындығы баршылық. Әгәрәки ол адам 50 жыл соғыс көрген жерден шықса, мәселе тіпті көбейе түседі. Сабырды Қазақстанға қайтарудың дайындығы басталғалы алты айдан астам уақыт өтті. Құжат жинау, шақырту жіберу, тексеру дегендей жұмыстар біршама адамның жүйкесін тоздырғаны анық.
Әңгіме неден басталды?
Ауғанстанға барып, сол жақтағы қазақтар жайлы “Ауған қазақ” деректі фильмін түсіргенім естеріңізде шығар. Міне, сол фильм егіншілікпен айналысатын Сағадат Кабикенов ағамызға ерекше әсер етіпті. “Қандастарды елге көшіріп, жұмыс берсем қалай болар екен?” деген оймен жүргенде ол кісінің Ауғанстанға жолы түседі. Ағамыз кәсіпкерлер арасындағы кездесуге шақырту алады. Сол іс-сапарында Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігі өкілдерімен кездесіп, ауған қазақтарына қатысты ойын айтады. Елшілік бұл бастаманы қолдауға дайын екенін жеткізеді. Екі жақ сөйлесе келе алдымен жұмыс істейтін жастарды тартайық, олар елге орнығып алған соң ата-анасын көшіруге әрекет етеміз деген тоқтамға келген. Содан деректі фильмнің авторы ретінде маған хабарласып, елге көшті бастап баруымды сұрайды. Мен қуана келістім. Алғашында тізімде фильмдегі жастардың бәрі бартын. Бірақ көбі көшуден бас тартып, соңында атажұртқа тек Сабыр келді”, — дейді ол.
Оның айтуынша, атажұртқа оралған Сабыр тұрақты жұмыс және үй-жәймен қамтамасыз етілмек.
“Сабырға С10 – “этникалық қазақ” деген жазуы бар виза берілді. Бұл қағазбен ол қандас статусына ие болып, азаматтыққа тапсыра алады. Жұмысы егін шаруашылығында. Бейімделуге 2-3 ай уақыт беріледі. Кейін икемі бар мамандықты өзі таңдайды. Соған қарай жалақы бекітіледі. Тұратын үйі, үш уақыт тамағы дайын. Мұғалім жалдап, жазу-сызуды үйрету де жоспарланған.
Міне, бір фильмнің нәтижесі осы! Ауғанстанда құжат реттеп, ары-бері жүру шығынын толықтай елшілік өтеді. Ал елге қайтатын әуе билеті мен осындағы шығындарды, құжат жағын Сағадат ағамыз өз мойнына алып отыр. Азаматтыққа қатысты сұрақтар бойынша “Отандастар” қоры көмектеседі”, — деп жазды ол.
Сондай-ақ, Ернар Алмабек Ауғанстанда елге оралуға ниетті қандастардың жаңа тізімі жасалып жатқанын да жасырмады.
“Айтпақшы, Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігі сол елдегі жастардың жаңа тізімін жасап жатыр. Жақын арада тағы бір көш болып қалуы ықтимал”, — деп жазды ол.
Айта кету керек, Сабырдың Ауғанстаннан кетерде әке-шешесімен қоштасқан сәті желі кең таралып, желі қолданушыларының көңілін босатты.
“Ауғанстанда тұратын қазақтар Ташболат атамыз бен Бибігүл апамыз ұлы Сабырды атажұртқа шығарып салды. Өздері бармаса да елге балаларын жіберу – көптен бергі арманы еді. Міне, сол арманның орындалған сәті”, — деп жазды Ернар Алмабек.
Желі қолданушылары да Сабырдың ата-анасының да елге оралуына тілекші болуда.
”Ел болып, жұрт болып, ата-апаны да елге алдырайық”, “Дұрыс, өз қазақтарымыз келсін”, “Шетте жүрсе де тілін ұмытпаған қандастардан айналасың ғой”, “Енді елге келген қандастарда тіл мәселесі болмайтындай жағдай жасау керек”, “Әке-шешесін де бірге алдыруға болмады ма”, — деп жазды олар.