Таяу Шығыстағы қақтығыс: Мыңдаған қазақстандықтар елден жырақта қалып қойды - kaz.caravan.kz
  • $ 508.3
  • 592.17
0 °C
Алматы
2025 Жыл
9 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Таяу Шығыстағы қақтығыс: Мыңдаған қазақстандықтар елден жырақта қалып қойды

Таяу Шығыстағы қақтығыс: Мыңдаған қазақстандықтар елден жырақта қалып қойды

Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыстар салдарынан мыңдаған турист, соның ішінде жүздеген қазақстандық шетелдік әуежайларда қамалып қалды.

  • 27 Маусым
  • 10
Фото: видеодан алынған

Израиль мен Иран арасындағы зымыран соққылары көптеген елдердің әуе кеңістігін жабуына себеп болды. Әуе компаниялар ұшудан бас тартып, рейстерін тоқтатуда. Нәтижесінде мыңдаған жолаушы бірнеше тәулік бойы елдеріне орала алмай әлек. Олардың арасында Қазақстан азаматтары да бар. Caravan.kz медиа порталы жалғастырады. 

Дохадағы жағдай

Бұл кадрлар Катар астанасы Доха әуежайынан түсірілген. Жолаушылар бірнеше күн бойы транзиттік аймақта түнеуге мәжбүр болған. Көпшілігі қарапайым жағдайлардың жоқтығына, ұйықтайтын орын, тамақ пен ауыз судың тапшылығына шағымданды. Жолаушылар моральді тұрғыда шаршап, белгісіздік жағдайды одан әрі ушықтырып жатыр. Олардың қашан елге оралатыны белгісіз. 

Роман Честныхтың оқиғасы

Әуежайда қалып қойған азаматтардың бірі — Роман Честных, Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласының тұрғыны. Ол Германиядан Қазақстанға транзитпен ұшып бара жатқан. Ұшақ Дохада тоқтаған сәтте Иранның шабуылы басталған.

«Мен Германиядан Алматыға ұшып бара жатқан едім. Дохада екі сағаттық транзит болатын. Сол екі сағаттың ішінде Иран шабуылы басталды. Бізді ұшаққа мінер алдында автобустан қайтарып алды», – дейді Роман.

Оның айтуынша, рейс бірнеше сағатқа кешіктіріліп, жолаушылар әуежайда ұзақ күткен. Балалы жолаушылар үшін бұл тіпті қиын болған, олар балаларын еденде ұйықтатуға мәжбүр болды.

«Бұл оқиға кезінде ешбір әуе компаниясы да, елшілік те нақты әрекет жасай алмады. Бізге ештеңе түсіндірмей, жай ғана рейс тоқтатылғанын айтты», – дейді ол.

Қанша қазақстандық қалып қойды?

ҚР Азаматтық авиация комитеті мәліметінше, Дубай мен Дохада 1 мыңнан астам Қазақстан азаматы қалып қойған. Алайда бұл тек алдын ала мәлімет. Кейінірек анықталғандай, қалып қойғандар саны әлдеқайда көп. Туроператорлар арқылы демалуға шыққан туристерден бөлек, жеке өз бетімен жолға шыққандардың саны белгісіз. Оның үстіне, транзиттік жолаушылар да ресми санаққа ілінбей қалған.

«Қазір біз тек ресми туркодпен кеткен туристер туралы нақты ақпарат бере аламыз. Олар елдің көмегімен қонақүйлерге орналастырылған. Ал транзитпен кеткен немесе өз бетімен шетелге шыққандар туралы нақты мәлімет жоқ», – делінген ресми түсініктемеде.

Билік пен әуе компаниялары не дейді?

Кейіннен отандық авиакомпаниялар жағдайды бағалап, рейстерді қайта жалғастыру туралы шешім қабылдады. Эйр Астана өкілдерінің мәлімдеуінше:

«Қазіргі таңда 4 мыңға жуық қазақстандық сол жақта қалған. Оның 2 мыңы – Катарда, тағы 2 мыңы – Біріккен Араб Әмірліктерінде. Қазір біз 23–24 маусым күндеріне жоспарланған жолаушыларды қайтарамыз. Кейін кезекпен 25-і және келесі күндерге көшеміз. Әрине, бір уақытта барлығын қайтара алмаймыз».

Олармен бірге репатриациялық рейстер де ұйымдастырылды. Мәселен, 25 маусым күні «Boeing 767» ұшағы Дубай – Алматы бағыты бойынша KS8980 рейсін орындады. Бұл рейс ұшуға рұқсат берілген жаңа маршрут бойынша өтті. Ұшақтар Иран әуе кеңістігін айналып өтеді.

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің мәліметінше:

«Бейбітшілік режимі жарияланғаннан кейін, рейстер кезең-кезеңімен қайта басталды. Қауіпсіздік мәселесі басты назарда. Қосымша рейстер де жоспарланып отыр. 27-29 маусым аралығында. Жолаушылар әуе компанияларымен және елшіліктермен тұрақты байланыста болуы керек», – деді ведомство өкілі Ләззат Стамғазиева.

Мамандардың айтуынша, мұндай жағдай қайталанбас үшін қазақстандық туристер сақтандыру полисін рәсімдеуі тиіс.

«Кез келген азамат банк қосымшалары арқылы сақтандыру полисін оңай ала алады. Онда көрсетілген шарттарға сәйкес, төтенше жағдайлар кезінде туристке көмек беріледі-қонақүй, тамақ, көлік шығындары. Бұл assistance жүйесі арқылы жүзеге асады. Турист қай елде болмасын, сол жерде көмек көрсетіледі»,- дейді сақтандыру сарапшысы Медет Тұранов.

«Сақтандыру артық шығын емес, қауіпсіздік кепілі. Форс-мажор жағдайларында тек сақтандыру компаниясы қаржылай көмектесе алады. Үкімет емес. Бұл маңызды мәселе»,-деп қосты ол.

Перейти к новостям спорта