Caravan.kz медиа порталының тілшісі тақырыпты саралап шықты.
Әлемдік экономика жаңа геосаяси шиеленіс кезеңіне аяқ басты. АҚШ пен Израиль бір жағында, Иран екінші жағында тұрған қақтығыстың ушығуы жаһандық нарықтарға тікелей әсер етіп жатыр. Текетіреске тікелей қатыспайтын мемлекеттердің өзі оның салдарын сезінуде. Қақтығысың салдары мұнай бағасының күрт өзгеруіне, энергетикалық нарықтағы тұрақсыздыққа және әлемдік сауда жүйесіндегі тәуекелдерге әкелуде.
Сарапшылардың айтуынша, осындай геосаяси дағдарыстар кезінде ең бірінші зардап шегетін сала — мұнай нарығы. Соңғы күндері Таяу Шығыстағы әскери шиеленіс пен стратегиялық инфрақұрылымға төнген қауіп мұнай бағасының күрт өсуіне, кейін қайта төмендеуіне алып келді.
Мұнай бағасының күрт қымбаттауы
Аптаның басында әлемдік нарықта дүрбелең байқалды. Әскери қақтығыстар мен мұнай өндіру көлемінің қысқаруы туралы ақпараттардан кейін мұнай бағасы бірден шарықтап кетті.
Brent маркалы мұнайдың бағасы бір мезетте 29%-ға өсіп, барреліне 119,5 долларға жетті, ал америкалық West Texas Intermediate (WTI) мұнайы шамамен 31%-ға қымбаттады.
Саясаттанушы Асхат Қасенғали мұндай күрт реакцияның себебі өңірдегі жалпы саяси тұрақсыздық екенін атап өтті.
«Әлемдік экономика дүйсенбіні шокпен бастады. Мұнай бағасы шарықтап барады. Brent сұрыпты мұнай бағасы бірден 29%-ға қымбаттап, барреліне 119,5 долларға жетті. West Texas Intermediate мұнайы 31%-ға өсті. Кеше Иранда жаңа аятолла тағайындалды. Ол Хаменейдің ұлы Моджтаба болды. Әкесінің қатаң саяси бағытын жалғастыруы мүмкін деген болжам айтылды. Бұл саяси шешім мұнай бағасына тағы 5% қосты. Қысқасы әлемдік экономикада дүрбелең болып тұр», — деді ол.
БАҚ мәліметтеріне сәйкес, аймақта мұнай өндіру көлемі де айтарлықтай қысқарған. Мәселен, Иракта мұнай өндіру шамамен 60%-ға азайған, ал Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері және Бахрейн де өндіріс көлемін едәуір төмендеткен. Иранның өзінде бірнеше мұнай кешені уақытша жұмысын тоқтатқан. Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасу қиындап, танкерлерге шабуыл жалғасуда.
Ормуз бұғазы — мұнай нарығындағы негізгі тәуекел
Сарапшылардың пікірінше, әлемдік мұнай нарығы үшін ең үлкен қауіптердің бірі — Ормуз бұғазының маңындағы жағдай. Dasco Group компаниясының CEO-сы Дәрмен Сәдуақасовтың айтуынша, әлемдік мұнай тасымалының үлкен бөлігі дәл осы бұғаз арқылы өтеді. Экономикалық тұрғыдан алғанда, Ормуз бұғазы арқылы тәулігіне шамамен 15 млн баррель мұнай өтеді.
Оның айтуынша, бұл бағытты толық алмастыратын балама маршруттар өте шектеулі. Тәуелсіз энергетикалық кеңесшілердің бағалауынша, Ормуз бұғазын айналып өтетін бағыттар арқылы ең көбі тәулігіне шамамен 2,5 млн баррель мұнай ғана тасымалдауға болады. Бұл дегеніміз өңірдегі мұнайдың негізгі бөлігі басқа бағыттар арқылы тез арада шығарылмайды деген сөз.
«Қалған көлемді өңірден шығару іс жүзінде мүмкін емес. ОПЕК елдерінің өндірістік қуатын белгілі бір деңгейде арттыруға болады, шамамен тәулігіне 4–4,5 млн баррельге дейін, бірақ тасымалдау мен транзит тұрғысынан нақты физикалық шектеулер бар», — дейді сарапшы.
Сондықтан Ормуз бұғазындағы жағдай әлемдік нарыққа тікелей әсер етеді.
«Бұл жағдайда жаһандық нарықта ұсыныстан сұраныс артып кетуі мүмкін. Ал мұндай жағдай мұнай бағасының өсуіне алып келеді».
Мұнай инфрақұрылымына жасалған шабуылдар
Аймақтағы энергетикалық инфрақұрылымға жасалған шабуылдар да нарықтағы тұрақсыздықты күшейтіп отыр. БАҚ-та әлемдегі ең ірі мұнай экспорттаушы компаниялардың бірі — Saudi Aramco нысандарына зымыран тигені туралы ақпараттар тарады.
Дәрмен Сәдуақасовтың айтуынша, мұндай шабуылдардың әскери мақсаттары да болуы мүмкін.
«Мұнай өңдеу зауыттарына шабуыл жасау арқылы қарсы тарап жердегі әскери операциялар кезінде қолданылатын жанармай жеткізілімін әлсіретуге тырысуы мүмкін. Себебі мұндай зауыттар танктерге, бронетехникаға және басқа әскери техникаларға отын береді».
Сарапшылар сондай-ақ басқа инфрақұрылым нысандары да нысанаға алынуы мүмкін екенін айтады.
«Кейбір сарапшылар тұщы су өндіретін тұщыландыру жүйелеріне де шабуыл жасалуы мүмкін деген қауіп айтады. Бұл жағдайда мәселе тек экономикада емес, бүкіл өңірдің тіршілік жүйесіне соққы болуы мүмкін».
Салдарынан аймақтың экономикалық әлеуеті де зардап шегуі мүмкін.
«Бұл туризмге, саудаға және инвестицияларға тікелей әсер етеді. Мысалы, егер Дубайға келген турист қонақүйде тұщы су жоқ екенін көрсе, өйткені тұщыландыру қондырғылары жойылған болса, бұл бүкіл туристік секторға соққы болады».
АҚШ президентінің мәлімдемесінен кейін баға төмендеді
Дегенмен мұнай нарығындағы жағдай тез өзгерді. АҚШ президенті Дональд Трамптың Ирандағы әскери операция жақын арада аяқталуы мүмкін деген мәлімдемесінен кейін мұнай бағасы төмендей бастады. Бұл туралы америкалық The Wall Street Journal газеті жазды. Басылымның мәліметінше, Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 90 доллардан төмен түсті, ал WTI шамамен 85 долларға дейін төмендеді, бұған дейін ол 119 доллардан жоғары көтерілген болатын.
Газеттің жазуынша, нарықтар АҚШ президентінің мәлімдемесіне бірден жауап берген. Сауда сессиясының басында қор нарықтары төмендегенімен, кейін мұнай бағасының құлдырауы баяулаған соң индекстер біртіндеп қалпына келген.
Мұнай бағасы тағы да өсуі мүмкін
Соған қарамастан сарапшылар нарықтағы жағдай әлі де тұрақсыз екенін айтады. Кейбір талдаушылардың пікірінше, егер қақтығыс одан әрі ушыға түссе, мұнай бағасы 150 доллардан да жоғары көтерілуі мүмкін.
Бұл туралы бірқатар халықаралық ақпарат агенттіктері жазды. Мәселен, «Интерфакс» агенттігі Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстың мұнай бағасының қымбаттауына себеп болғанын атап өтті. Агенттіктің хабарлауынша, 9 наурыздағы сауда барысында мұнай бағасы 26%-дан астам өсіп, 2022 жылдың ортасынан бергі ең жоғары деңгейге жеткен.
Ал Ресей президенті Владимир Путин соңғы апталарда мұнай бағасы 30%-дан астам өскенін айтып, Таяу Шығыстағы тұрақсыздық әлемдік энергетикалық жүйеге үлкен соққы болуы мүмкін екенін ескертті.
Сонымен қатар Польша премьер-министрі Дональд Туск журналистерге энергетикалық ресурстардың қымбаттауына қатысты сұрақтарды «басқа Дональдқа», яғни АҚШ президенті Дональд Трампқа қоюды ұсынған. Ол сондай-ақ Трамп Таяу Шығыстағы жағдайды реттеу туралы уәдесін орындайды деген үміт білдірген.
Қақтығыс Қазақстан мұнай экспортына қалай әсер етуі мүмкін
Дәрмен Сәдуақасовтың айтуынша, Қазақстан мұнайының экспорты бірнеше негізгі бағыт арқылы жүзеге асырылады.
«Қазақстанда үш негізгі құбыр бар: Қазақстан – Қытай бағыты, Атырау – Самара бағыты және ең бастысы — Каспий құбыр консорциумы. Бұл бағыт арқылы Қазақстан мұнайының негізгі бөлігі әлемдік нарыққа шығарылады», — дейді маман.
КҚК арқылы шамамен 70–72 млн тонна мұнай экспортталады. Бұл — отандық мұнайды жаһандық нарыққа шығаратын негізгі арна. Сарапшының айтуынша, егер бұл инфрақұрылым әскери әрекеттерден зардап шекпесе, Қазақстан экспортына тікелей қауіп жоқ.
«Егер бұл құбырға әскери операциялар немесе диверсиялар әсер етпесе, онда Таяу Шығыстағы жағдай бізге тікелей әсер етпеуі мүмкін».
Алайда Қазақстанның Иранмен Каспий теңізі арқылы шектесуі дипломатиялық саясаттың маңызын арттырады.
«Иранмен Каспий теңізі арқылы ортақ шекарамыз бар. Сондықтан барлық тараппен ашық диалог жүргізу және ешбір тараптың жағына шықпау маңызды».
Мұнай бағасының өсуі: пайда мен тәуекел
Қысқа мерзімде мұнай бағасының өсуі Қазақстан үшін пайдалы болуы мүмкін.
«Қысқа мерзімді кезеңде біз Ұлттық қорға түсетін мұнай-газ секторынан түсетін табыстың өскенін көреміз», — дейді маман.
Алайда ұзақ мерзімде тәуекелдер де бар.
«Орта және ұзақ мерзімде ең маңызды мәселе — сенім. Сауда тізбектерінің бұзылуы және экспорттық маршруттардың қауіпке ұшырауы бүкіл әлемдік экономикаға әсер етуі мүмкін».
Теңге бағамына қандай факторлар әсер етеді
Сарапшылардың айтуынша, теңге бағамына екі негізгі фактор әсер етеді — мұнай бағасы және ресейлік рубльдің бағамы. Бұл Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық байланыстардың тығыздығымен түсіндіріледі.
«Бізде Ресеймен ұзын шекара бар және іс жүзінде ортақ кедендік кеңістік бар. Сондықтан рубль бағамының өзгеруі тауарлық арбитраж арқылы Қазақстан нарығына әсер етеді. Ал мұнай бағасы да маңызды рөл атқарады. Көмірсутектерді сату елімізге шетел валютасының келуінің маңызды көзі. Сондықтан мұнай бағасының теңге бағамына әсері өте үлкен», — дейді Сәдуақасов.
Дегенмен нақты болжам жасау қиын.
«Егер мұнай бағасы шартты түрде 120 доллар болса, теңге бағамы шамамен 450 теңге деңгейіне дейін нығаюы мүмкін».
Инвесторлар үшін басты фактор — табыс
Сарапшылардың айтуынша, инвесторлар ең алдымен жобалардың табыстылығына қарайды.
«Инвестор ең алдымен пайда іздейді. Егер жоба жоғары маржиналдық табыс берсе, ол тұрақсыздық жағдайында да сол жерде қалуы мүмкін».
Қазақстан мен Иран арасындағы сауда
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы шамамен 430 млн долларды құрады. Сарапшылардың айтуынша, бұл Қазақстан экономикасы үшін аса үлкен көрсеткіш емес. Елдің негізгі сауда серіктестері — Қытай, Ресей, Еуропа елдері және АҚШ. Иран ұзақ жылдар бойы санкциялардың әсерінде болғандықтан, сауда мүмкіндіктері шектеулі болған.
Туризмге жаңа мүмкіндік пайда болуы мүмкін
Таяу Шығыстағы тұрақсыздық туристік бағыттарға да әсер етуде. Кейбір бағыттар қауіпсіздік мәселелеріне байланысты тартымдылығын жоғалтуы мүмкін. Мұндай жағдайда Қазақстан туристік ағымның бір бөлігін өзіне тарта алады. Сарапшылардың айтуынша, әсіресе Қытай мен Үндістаннан келетін туристер саны өсіп жатыр. Әуе рейстерінің көбеюі, «ашық аспан» саясаты және лоукостерлердің дамуы бұл үрдісті күшейте алады. Ал туризм өз кезегінде сауда мен инвестициялардың дамуына ықпал етіп, экономикаға мультипликативтік әсер береді.