Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, табиғи апат кезінде Пхукет аралында демалып жатқан Алексеевтер отбасының Олег, Оксана және Александр есімді үш адамы хабар-ошарсыз кеткен болатын.
С.Сейдуалиевтің айтуынша, «зардап шеккендерге жәрдем көрсету орталықтарында Қазақстанның үш азаматы туралы қажетті ақпараттардың бәрі бар». Қазір ҚР дипломатиялық миссиясының қызметкерлері Бангкокке кері оралып, зілзала ошағында жұмыс істеп жатқан іздестіру қызметтерінен ақпарат күтуде. «Аралда демалып жатқан Қазақстандықтар цунами сәтінде суда болғандықтан, оларды іздестіру аса қиынға түсуде»,- деді уақытша сенімді уәкіл. «Адамдар тірі немесе өлі деп тап басып айта алмаймыз, тың мәліметтер күтудеміз»,- деді ол.
БҰҰ-ның соңғы мәліметі бойынша, Оңтүстік Шығыс Азиядағы цунами құрбандарының жалпы саны 210 мың адамнан асты.
Дүниежүзінен зардап шеккендер үшін қайырымдылық көмек ретінде 2,4 млрд. доллар жиналды. Жалпы қайырымдылық көмек ауқымы 11 млрд. евродан асты.