Режиссер, кинооператор әрі "Өмірдің өзі" бағдарламасының жүргізушісі әкесі туралы сұрақтарқа жауап берді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Massaget.kz-ке сілтеме жасап.
Асылжан Абдумуталиевтің айтуынша, оның әкесі — ашық, ақкөңіл әрі әзілқой адам.
"Әкем халықтың алдында жүрген азамат қой. Бірде Мейрамбек Беспаевв ағам "сенің әкең өзгермейтін адам ғой" деп айтып еді. Жастығында қандай болса, қазір де сондай. Менің әкем — қолы ашық, ақкөңіл, адамға көмегін аямайтын кісі, ал сыртқы көзқарас маған маңызды емес. Менің көз алдымда ол — әзілқой, кейде аңқаулау, бірақ еркек мінезді азамат", — дейді ол.
Әкесімен қандай қарым-қатынаста екенін жасырмады.
"Жасөспірім кезде әкемнің тарабынан кеңестер жетіспеді. Бірақ өзім барып сұрасам, әрине, ол кеңес берер еді, Бірақ мен тәкаппарлықпен бара алмадым, ол да сұрамады. Есейе келе, шетелде оқып жүргенде "неге мен әкеммен сырласпаймын? Неге мен сырласа айлмаймын? Менде мүмкіндік бар ғой. Оның көзі тірі. Балалық шағымда бола алмай қалған сәттерімді еске түсіріп, ақыл-есім бар. Бәрі қолымда ғой" деп ойладым. Оқу бітіріп, Алматыға келгенде жақын араласа бастадық. Ол кісінің өімірінде жұмысына қатысты қиын жайттар болды, сол кезде көп сырластық. Ол өзінің өмірі жайлы, жіберген қателіктері туралы айтты. Мен өз жағдайымды айттым. Арамызда түсініспеушілік болады, бірақ әке мен бала ретінде қарым-қатынасымыз жақсы. Екеуміздің де "жынды" мінезіміз бар, кейде шайқасып қаламыз, бірақ сол үшін араласпай кеткеніміз болмады", — дейді ол.
Асылжан Абдумуталиевтің айтуынша, ол әкесін ұстаз ретінде санайды. Өйткені ол кісінің берері де, айтары көп. Режиссер әкесімен қызық оқиғаларын бөлісті. Оның айтуынша, Сәбит Әбдіхалықов бір кездері ұлының жұмысына көмектескен.
"Әкем менің шығармашылығыма араласпайды. Бірақ сол кезде қиын сахнаны түсіруге көмектесті. Сондай бір тәтті сезім болды. Жалғыз емес екенімді, артымда тірегім барын сезіндім. Бір күні түнде әкем хабарласып тұр. Сол кезде достарымен отырған болуы керек. Бір кезде "балам, мен сенімен мақтанамын! Құдайға сен сияқты ұл бергеніне қуаныштымын, рақмет" деп айтты. Бала кезде қасымда болмай-ақ қойсын, тәрбиелемей-ақ қойсын, лебізін осылай көрсеткеннің өзі күш береді", — дейді ол