Жарияланды: 490

Такси жүргізушісін соққыға жыққан дипломатқа қатысты алғашқы сот отырысы басталмай жатып аяқталды

Петропавлда такси жүргізушісін соққыға жыққан дипломатқа қатысты алғашқы сот отырысы басталмай жатып аяқталды. Істің мемлекеттік тілде жүруін талап еткен айыпталушы, судьяның орысша сұрақтарына жауап бермей қойды. Естеріңізге салсақ, Сыртқы істер министрлігінде кеңесші болып істейтін Мадияр Нұрханов осыдан үш ай бұрын досымен бірге Петропавлда такси жүргізушісін сабады деп айыпталған-ды. Төбелес-ішімдікке тойып алған сол екі азаматтың 400 теңгені төлеуден бас тартуынан соң шыққан. Сот залынан Гүлмира Тасболатқызы.

400 теңгеге бола такси жүргізушісін таяқтың астына алған дипломат сәуір айында тұтқындалған болатын. Осы іске қатысты алғашқы сот отырысы бүгін басталмай жатып кейінге қалды. Айыпталушы отырыстың орыс тілінде жүріп жатқанына қарсылық білдіріп, судьяның орысша қойған сауалына жауап беруден бас тартты.

Сондай-ақ дипломаттың адвокаты сотты жабық жағдайда өткізіп, залдағы журналистерді шығарып жіберуді талап етті. Айтуынша, Мадияр Нұрханов еліміздің ұлттық қауіпсізідігіне қатысты халықаралық келіссөздерге қатысады екен. Сондықтан бұл дипломаттың беделіне нұқсан келтіреді. Тіпті бұл еліміздің халықаралық деңгейдегі мәртебесіне кері әсерін тигізуі мүмкін - деп салды адвокат ханым. Бірақ судья өтінішті қанағаттындармай тастады. Сонымен қатар айыпталушының материалдарды әлі оқып үлгермедім деген өтініші де қараусыз қалды.

Жасұлан Қабыш, Петропавл қалалық сотының судьясы:

-Бұл өтініш қанағаттанбайды. Айыпталушы қазірдің өзінде іс материалымен таныса алады. Оның көшірмесін өз есебіңізден жасап, таныстыруыңызға болады.

Мадияр Нұрханов қызметінен әлі босатылған жоқ. Сыртқы істер министрлігінде халықаралық істер жөніндегі кеңесші ретінде тіркелген. Ал бүгінгі сот отырысы кейінге қалдырылды. Өйткені дипломаттың талап етуінен кейін шақырылған аудармашы, таяқ жеген такси жүргізушісінің жақын танысы болып шыққан. Сондықтан жаңа аудармашы табылғанша отырыс шегеріле тұрмақ.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін