Жарияланды: 540

Талдықорған: жергілікті билік пен саудагерлер арасында дау туындады

Талдықорғандағы жергілікті билік пен саудагерлер арасында дау туындады. Оған басты себеп: қала көшелерінде еркін сауда-саттықпен айналысатындардың көбейіп кетуі. Атқамінерлер: «Қанша ескерту жасасақ та, олар өз орындарын босатқысы келмейді», - дейді. Ал сатушылар болса, біз тұрған «жерімізді таза ұстаймыз, салық және басқа да төлемдерді уақтылы төлейміз» дегенді алға тартады. Қалай болғанда да жергілікті билік қала көшелеріндегі сатушыларды күштеп таратуға кірісіп кетті. Саудагерлер де өз орындарын сақтап қалу үшін барынша қарсылық танытуда.

Сауда-саттық бар жерде дау-дамайдың болып тұратыны ешкімге жасырын емес. Ал  Талдықорғандағы жағдайдың өз себебі бар. Саудагерлер өз орындарына «үш жылға рұқсат алғанбыз» дейді. Ал жергілікті билік өкілдері оларға рұқсат тек бір жылға берілгенін алға тартты. Екі жақта да тиісті құжат бар. Әйтсе де сатушылар көше бойындағы тұрағымыз өзімізге ыңғайлы, сол үшін айналамызды таза ұстап, тіпті өз күшімізбен көгалдандырдық, сондықтан ешқайда да кетпейміз деп тас бекініп отыр.

Даудың ең басты себепшісі ресми сауда орындарының өкілдері екен. Тұтынушылардың көбі өздеріне керегін осы жол-жөнекей отырған сатушылардан ала салады. «Солардың кесірінен саудамыз тоқтап тұр»  деп облыс басшысына дейін шағым айтқан. Одан нәтиже болмаған соң Үкімет басшысы мен Президентке дейін хат жазыпты. Осыдан кейін жергілікті билік әрекетті күшейтіп, жол бойындағы сатушыларды тарату үшін бұл жолы полиция қызметкерлерін көмекке шақырыпты. Бірақ жолдағы сатушылар ешкімге бой берер емес; “біз де бәрін заңды істеп отырмыз” - дейді.     

Наташа есімді  әйел осындағы  бес-алты сауда орнын өз жауапкершілігіне алған.  Қолында жергілікті әкімдіктен алған рұқсаты да бар. Тіпті айналасына өсірген көгал мен гүлдерге сепкен су үшін де төлеген қағаздары қолында. Қасындағылар да оның шапағатын көріп отырғандығын айтады.

- Бұл жалғыз басына бола жүрген жоқ. 25 отбасыны асырап, 10 студентті оқытып отыр. Бұның бәріне салық төлегенбіз, ақша төлегенбіз!

Қарсылыққа қарамастанәкімдік қызметкерлері жол бойындағы барлық сатушыларды қуып жатыр. Көнбегендеріне полиция шақыртуда. “Ресми сауда орындарына барыңдар, сол жерден бәріңе орын тауып береміз” - дейді.

Жанат Байкебаева, Талдықорған қаласы МСЭБ бас маманы:

- Сендерде мына жерде ешкім жоқ болса,  клиенттеріңіз сіздерді тауып алады.

Сатушылар: «Жол бойында еріккеннен тұрған жоқпыз, қала кішкентай, өндіріс орны да, жұмыс та жоқ  болғандықтан, амалсыздан тұрмыз, сол себепті бұдан басқа жерге кетпейміз» - деп отыр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін