Сот процессінде Шерзат Болатты қатыгездікпен өлтіру ісіне қатысты тың деректер жария етілді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Прокурордың айтуынша, «қоғамдық тәртіпке қауіп төндіріп, пышақты қару ретінде қолдану арқылы олар дүкен алдында тұрған Болатқа, оның әкесі Нұрымовқа, ағасы Ғайыпбаевқа және кәмелетке толмаған досына қарсы төбелес бастаған».
Сот алдында тоғыз адам жауап берді. Іс Жетісу облысының Талдықорған қаласындағы арнайы сот ғимаратында қаралды.
Тергеу нұсқасына сәйкес, Шерзат Болатты өлтірген деп танылған басты күдікті – Абзал Шынасыл. Прокурордың мәліметінше, дәл осы Шынасыл Шерзат Болатқа пышақпен жүрек тұсына соққы жасап, ажал құштырған.
«Төбелес кезінде Шынасыл Ғайыпбаев пен кәмелетке толмаған Болатты көреді. Бұған дейін Аскентайды жаралағаны үшін кек алмақ болған ол, алдын ала өзімен бірге алып келген қоңыр сапты пышақты қару ретінде қолданады. 00:42-де Болаттың жасөспірім екенін, оқиға орнында оның әкесі Нұрымов, анасы Бишімбаева мен әжесі Қадырова да бар екенін біле тұра, олардың көз алдында ерекше қатыгездікпен жүрек тұсынан пышақ салып, өмірлік маңызы бар ағзасына зақым келтіреді», – деді прокурор сотта.
Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, бұдан кейінгі сәтте топ Нұрғанат Ғайыпбаевқа да жабылады. Оны да пышақпен жаралаған. Прокурордың мәлімдеуінше, төбелеске қатысушылар Шерзатқа қайта оралып, аяқпен тепкілеп, ұрған.
Төбелестен кейін шабуыл жасағандардың барлығы оқиға орнынан қашып кеткен. Ал жараланған Шерзатты оның әкесі Нұрымов өз көлігімен Талғар аудандық ауруханасына жеткізеді, бірақ ол сол жерде көз жұмады.
Абзал Шынасыл ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі бойынша (Адам өлтіру) және 293-баптың 3-бөлігі (Бұзақылық) бойынша айыпталуда. Равиль Сакиевке 293-баптың 3-бөлігі және 99-баптың 2-бөлігі, 24-баптың 3-бөлігі (Адам өлтіруге оқталу) бойынша айып тағылған. Шыңғыс Белғожаев, Аскентай, Ильясов, Нұрбол Токтаубаев, Азамат Токтаубаев, Дидар Қалиахмет ҚР ҚК 293-бабы (Бұзақылық) бойынша айыпталып отыр. Думан Ысқаққа ауыр қылмыс туралы хабарламағаны үшін айып тағылған.
Еске сала кетейік, жасөспірім Шерзат Болат 4 қазанға қараған түні өлтірілген болатын. Алғашқыда полиция барлық қатысушылардың ұсталғанын хабарлағанымен, кейін марқұмның туыстары кейбір шабуыл жасаушылардың бостандықта жүргенін мәлімдеген еді.
Бұл іске Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жеке бақылау орнатты. Қанды оқиғадан кейін жеті адам екі айға қамауға алынғаны хабарланды. 7 қазанда марқұмның туыстары Талғар қаласында наразылыққа шыққан. Осыдан кейін Бас прокуратура тергеу барысын қайта тексере бастады.
8 қазанда қылмысқа қатысты жаңа деректер анықталды. 12 қазанға қараған түні Шерзат Болаттың отбасына тиесілі үй Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Азат ауылында өртелді. Полиция қылмыстық іс қозғап, отбасыны қорғауға алды. Өрт кезінде отбасы басқа жерде тұрғаны белгілі болды. Бас прокуратура бұл істі де бақылауына алып, Алматы облысы әкімдігі үйді қалпына келтіруге көмектесетінін мәлімдеді.
12 қазанда марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов: «Қан төгілгенін қаламаймын», – деп мәлімдеді. ІІМ өрттен кейінгі жағдайға байланысты бақылау орнатқанын жеткізді. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев шұғыл штаб отырысын өткізді.
Марқұмның әжесі Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовқа бейтаныс адамдар тарапынан қорқытулар болып жатқанын айтты. Полиция өртке байланысты барлық дәлелдерді жинап жатқанын хабарлады.
13 қазан кешкісін Ұлттық ұлан сарбаздары Талғар көшелерінде қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында патрульдеуге шыққаны белгілі болды.
9 желтоқсанда марқұмның нағашы ағасы өз үйінде өлі күйінде табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, ол өзіне қол салған.
Шерзат Полаттың қазасына қатысты алғашқы сот отырысы аяқталды. Келесі сот отырысы 17 сәуірге белгіленді. Процесс аптаның бейсенбі және жұма күндері өтіп тұрмақ.