Енді тергеу жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр? Ішкі істер министрлігі не деп жауап берді? Caravan.kz медиа порталы тарқатады.
Депутаттық сауалда ҚР ІІМ, Бас прокурорға және ҚР Оқу-ағарту министріне ұсыныс-талаптар жазылған. Алғашқы жауап ҚР ІІМ келді.
«Сіздердің депутаттық сауалыңызды қарап, өз құзыретіміз шеңберінде мынаны хабарлаймыз:
Талғар қаласында орын алған Ш.Полаттың өліміне қатысты Алматы облысының Полиция департаменті Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігі (адам өлтіру), 293-бабының 3-бөлігі (бұзақылық), 115-бабы (қорқыту), 432-бабы (қылмысты жасырып қалу) және 434-бабымен (қылмыс туралы хабарламау) қылмыстық істер тіркеліп, тергелуде.
Тергеу барысы менің жеке бақылауымда, оқиға орнында министрліктің орталық аппаратының қызметкерлеріде жұмыс істеуде.
Алғашқыда оқиғаның себебіне қатысты әлеуметтік желілерде шындыққа жанаспайтын әртүрлі мәліметтердің көп таралуына байланысты министрлік белгіленген тәртіпте (Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сай) ағымдағы жылдың 15 қазанында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен брифинг өткізіп, кейбір тергеу мәліметтерін жария етті.
Брифинг қоғамды алаңдатқан кейбір мәселелерді қамтыды.
Қазіргі танда қасақана кісі өлтіруге қатысты күдікпен 8 адам және қылмыс туралы хабарламау бойынша 3 адам соттың санкциясымен қамауға алынды.
Тергеу жалғасуда, оның барысында оқиға болған жерде болған басқада адамдардың қатыстылығы тексеріліп, әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады.
Жалпы қазір еліміздегі криминогендік ахуал тұрақты, ішкі істер органдары Мемлекет Басшысының еліміздегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысты тапсырмаларын орындау аясында мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, кешенді шаралар атқаруда», — деп жауап жолдады Министр Е. Саденов.