Талғар қаласының әкімдігі былтырғы селдің зардаптарын әлі жөнге келтіре алмай жүр - kaz.caravan.kz
  • $ 443.35
  • 475.54
+6 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Талғар қаласының әкімдігі  былтырғы селдің зардаптарын әлі жөнге келтіре алмай жүр

Талғар қаласының әкімдігі былтырғы селдің зардаптарын әлі жөнге келтіре алмай жүр

Әкімге іздеуге салды! Былтырғы селден жапа шеккен Талғар қаласының тұрғындары әлі күнге әкімін іздеп таппай жүр. Кезінде уәдені үйіп төккен шенеунік сол күйі төбе көрсетпепті. Ал селде опырылған өзен аңғары тұрғынүйлерге жақындап қалған. Су енді бір тасыса өзен маңындағы баспаналарды түгел ағызып әкетуі мүмкін. Тік жар болып опырылған жерді бекітуге тұрғындардың шамалары жетпейді.   

  • 1 Тамыз 2015
  • 498
Фото - Caravan.kz

— Мына жерге келіп ойнап кетеді. Біздің балалар ғана емес, көршінің балалары. Құлап кетеді деп ана жақа қорқамыз.

20 метрлік жар өткен жылғы тасқыннан қалған естелік. Сел кезінде опырылған өзен аңғары күн өткен сайын жылжып, үйлердің іргесіне жақындап келеді. Қазір өзен суы қаттырақ ақса мұндағы жұрт шошып оянатын болған.       

Әсет Есманов:

-Келіп мынаның бәрін өзгертеміз, жасаймыз деп еді, бір жыл өтті әлі ештеңе басталған жоқ.Бетондау керек. Өзгерту керек судың ағып жатқан жерін.

Биік жарды Әсеттің жасата алмай жүргеніне биыл тура бір жыл. Құздан қауіптенген отағасы құтқарушылардан бастап, жергілікті әкім-қараларға дейін түгел барған. Тек бәрінде бітпейтін бір уәде. Екі күннің бірінде өзен суы көтеріліп жатса да, аңғары сол күйі ашық-шашық жатыр. Талдар тамырымен жұлынып, онсыз да мүжілген жаға үгітіле түскен.

-Құлақ тұндырар бұл ағыс күні кеше ғана міне мына тал-дарақтарды тамырымен қоса жұлып түсіпті. Мұны көрген тұрғындардың жүректері шайлығып, ендігі жандарын шүберекке түйіп отыр. Аяқтың өзіне үгітіліп жатқан жағада қоныстанған жұрт ендігі құжаттарын жиып, төтенше жағдай орнай қалса қашуға да әзір тұр. 

Алтын Құтманбетова: 

-Жақында бір бала осы жерге кетті. Осыған кім жауап береді, біз ана болып ашынамыз ғой осыған? Сол жауап беретін адамды тауып берсін біздерге и уәде берсін қай уақытқа дейін жасайды осыны?

Бірақ жардан бала құлаған оқыс жағдай еш жерде жарияланбай қалып қойған. Ал бұл жайтқа қанық қала басшылығы тек уақытша шаралармен шектеліпті. Әкім бұл жолы да әдетінен айнымай, тағы уәде берді. 

Дәулет Батталғазиев, Талғар қаласының әкімі:

-Талғар қаласында үш жерде қауіпті жерлер бар деп есептеліп отыр. Үш жерде де жұмыстар жасалып жатыр. Мына Камазға былтырдан бері жобасы жасалды, құдай бұйыртса жұмыстары басталады…

Тек бұған тұрғындар әбден тойған. «Сылдыр сөзге» сенуден қалған жұрт әкімді де әрі қарай тыңдауға құлықсыз. Бірақ тұшымды жауап бұл жолы да жоқ. Соңында тіпті әкім қаржы тапшы деп әңгімеден тайқыды. Сондықтан тұрғындарға енді өзен деңгейін аңдып, буынып-түйініп отырудан басқа амал жоқ сияқты.       

Соңғы жаңалықтар