Өзінің ұстазы Әл Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Биология ғылымдарының докторы, профессор Сұлтан Тілеуханұлы мен ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Мадина Сәдуақасова тұсауын кесіп, Ғазизхан мен Мәди өздерінің ән шашуларын тарту етті. Ал кешті белгілі актер, шоумен Дәулет Бижанов жүргізді. Бұл жиында бүгінгі күні әлеуметтік желінің кіл мықты блогерлері мен жеке кәсіпкерлер бас қосып, шара жайлы өз парақшаларында жарыса жазды. Сонымен қатар тек ашылу салтанаты емес, марапаттау рәсімі де орын алды. Республика бойынша екі толқын курс өткізіп, шәкірт тәрбиелеп үлгерген нутрициолог ханым ел алдында сертификаттарын табыстап, сыйлықтарымен де қуантты. Кеште арнайы дайындалған тәтті тортты өзінің сүйіктісі Елдар Серікқазыұлымен бірге кесіп, осы дүниенің бәрі жолдасы мен ата-аналарының қолдауының арқасында екенін айта кетті.
Талшын Артыққызы: Бұл менің еңбегімнің нәтижесі, неше жылдық арманым орындалды. Алайда, бұл бастамасы. Қазақты қазақ ойламаса, кім ойлайды? Денсаулық Алладан бізге берілген аманат, оған қиянат жасауға құқымыз жоқ. Дұрыс тамақтану арқылы қаншама ауруды да жеңе аламыз. Осы ұстанымымды менің отбасым да, ата-аналарымыз да ұстанады, менімен бірге. Әсіресе, менің жолдасымның еңбегі мен қолдауы зор.
Айта кетейік, Талшын Артыққызы бұл салаға өзінің баласының арқасында келген. Бір жарым айлық ұлына медицина қызметкерлері алты жасар баланың дозасын беріп, ішектері жабысып қалған-ды. Өзі мамандық бойынша био-физиолог болғандықтан, антибиотиктерді қабылдамай дұрыс тамақтануды зерттеп, ізденіп осы салаға бет бұрып, төрт жылдан бері тынбай еңбектенуде. Біз де редакция атынан құттықтап, батыр қызымыздың бастамасына сәттілік тілейміз.