Ғ.Алпысбаевтың мәліметіне сәйкес, тамыздың алғашқы он күнінде Қазақстандық жұмыс берушілерден осында жұмыс істеп жүрген 7199 шетел азаматын легализациялау туралы өтініш келіп түскен. «Оның 78%-ін (5013 адам) Өзбекстан азаматтары, 11,2%-ін (722) — Қырғызстан, 3,8%-ін (245) — Тәжікстан, 2,5%-ін (159) — Ресей азаматтары құрайды»,- деді ол. Комитет өкілінің айтуынша, тағы 4,5%-ін (286 адам) басқа елдердің азаматтары иемденеді.
«Қазір тағы мыңға жуық өтініш қаралып жатыр. Өйткені, легализацияланатын адамның қандайбір қылмысқа қатыссыздығын тексеруге бес күн кетеді»,- деді Ғ.Алпысбаев. бірақ оның айтуынша, «легализацияланатын адамдарға қойылған талаптарға сай келмеу оқиғасы әзірге тіркелген жоқ».
Ғ.Алпысбаевтың айтуынша, заңдастырылған еңбек мигранттарының басым бөлігі Алматының (1048 адам), Алматы облысы (940) мен Қызылорда облысының (815) үлесінде. Астанада қазіргі жағдаймен 380 шетелдік еңбек мигранттары заңдастырылды. «Шара басталған алғашқы он күнде бұдан үлкен көрсеткішті күту аңғалдық болар еді. Жаңалық атаулыға адамдар күдікпен қарайтыны бар. Мұндай шара ТМД кеңістігінде алғаш рет өткізіліп отыр. Сол себепті біз адамдар көп кешікпей заңға бағынудың артықшылығын түсінеді деп сенеміз»,- деді Ғ.Алпысбаев.