— КТК, ОРТ бәрін шақырыңдар. Тамақ жөнді бермейді, монша жоқ, ештеңке жоқ, бәрінен сұраңдар. Екінші үшінші барактардан. Ешқандай жағдай жоқ. Ер адамдардың бәрі алып тамырларын кесіп, прокуратуралар болмаса әрі кесеміз.
Кеше кешке басталған шу, бүгін әзер дегенде басылғандай. Ішімдікке әуес жандар мен нашаға тәуілділіктен мәжбүрлі түрде емдейтін бөлімшенің науқастары денелерін өткір затпен тіліпті. Жалпы саны 24 адам жараланған. Тіпті біреуі өз қарнын жарып жібермек болыпты.
— Дәрі-дәрмек, Жексенбиевтің өзінің аптекалары бар, сол жақта сатады. Мүлдем дәрі жоқ. Бас дәрігері осы жердің. Келесің, бес күн, өтірік- өтірік укол салады.
Әбден азап көрдік деген емделушілермен бетпе-бет тілдесу мүмкін болмады.Ал,есіктен қайырған мекеме басшылығы мән-жайды басқаша түсіндірді. Айтуларынша, науқастар бір азаматтың мүддесін қорғап, осындай қадамға барған. Яғни ішімдік ішіп, ішкі тәртіпті бұзғаны үшін, абақтыға қамалған араларындағы беделді азаматты босатуын талап етіпті.
Гүлмира Кәрімова, Жамбыл облыстық наркологиялық диспансері бас дәрігерінің орынбасары:
— Түрменің заңдары болады, бізге енгізгісі келеді. Сонымен қарайтын, тыңдайтын, соның ішіндегі бір қарайтын азаматтың бірі сол.
Осылай деп бар бәлені басқаға жапқан дәрігерлердің әп-сәтте масқарасы шықты. Мекеменің ішкі жағдайын мақтауға дайындалған науқастар, ойда жоқта даттауға көшті.
Дәулетбай Арыстанұлы, емделуші:
— Изоляторда 3 күзетші жабылып, ұрып-тепкілеп, қабырғамды сындырып, бүйрек ,бауыр бәрі езіліп кеткен ғой. Тұрып амандаспайсың ба деді. Амандаспағаным үшін сол жерде ұрып тастады. Аузымнан теуіп, ернімді жыртып жіберді мына жерімді.
Емделуші:
— Мен куәмін. Өз көзімізбен көрдік.
Әлбетте күзетшілер мұның бәрін жоққа шығаруда. Ал кешегі бүлік шығарған 24 адамды сол күйі көре алмадық. Ішін орып жібергеннен басқасының бәрі тәуір деп бет бақтырмады ақ халаттылар. Қазір осы жағдайды прокуратура тексеріп жатыр.