Таразда орталық базарға бомба қойылды деп жалған ақпар берген саудагерлердің бірі құрықталды - kaz.caravan.kz
  • $ 439.43
  • 473.31
+16 °C
Алматы
2024 Жыл
8 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Таразда орталық базарға бомба қойылды деп жалған ақпар берген саудагерлердің бірі құрықталды

Таразда орталық базарға бомба қойылды деп жалған ақпар берген саудагерлердің бірі құрықталды

Тараздағы көк базардың жыры жергілікті биліктің бас ауруына айналды. Даурыққан саудагерлер  «орталық базардан көшпейміз, ешқайда кетпейміз» деп наразылықтарын жалғастыруда. Ызалы топтың ашуын атқарушы билік 5 сағат көлемінде әзер дегенде басты. Ақыры, орталық базар 31-ші қазанға дейін толығымен көшірілуі керек деген тоқтамға келді.

  • 31 Қазан 2012
  • 353
Фото - Caravan.kz

Базардағы жұрттың бір аптадан бері мазасы қашты. Таң сәріден саудагерлер сауда саттыққа емес, базынасын айтуға жиналады. Нәпақасын көк базардан айырған қарашаның жылы орындарынан ауыcқысы келмейді. Ашуға мінген ағайын көздеріне жас алып та жан айқайын жеткізбек болды, бірақ бәрі бекер. Орталық базар қаулыға сәйкес қала сыртына көшірілуі керек. Ал бұған келіспеген саудагерлердің бірі кеше базарға бомба қойылды деп, қаладағы бүкіл құтқару қызметін аяғынан тік тұрғызған болатын. Жалған ақпарат берген қаскөй бір тәулік өтпей құрықталды.

Гаухар Сәрсенбаева, Жамбыл облыстық ІІД баспасөз хатшысы:

— 39 жасар Байзақ ауданының тұрғыны анықталып, құрықталды. Осы уақытқа дейін ол Орталық базарда сатушы болып істеген екен. Мұндай жалған ақпарат берген бірден-бір себебі — осы Орталық базардың көшірілуіне наразылық білдіріп, өзінің қарсы екенін білдіргісі келген бұл әйелдің.

Бүгін де қан базардың алдына қараша халық тағы жиылды. Себеп — жаңа сауда нысандарында 2 ай тегін беріледі деген жер де табылмай қалған.

 «Әліптің артын баққандар» ұлтарақтай жерді күн бұрын алып қойып, бүгінде удай бағаға сатып жатыр. Оның үстіне жаңа салынған базарларда мүлдем қолайлы жағдай жасалмапты.


Есім Мәлікбай, сатушы:

Онда орын дайын емес, жол жоқ. Қара жерге қалай барып отырамыз. Бізге ақпанға дейін уақыт берсін.

Жақсылық Сапаралиев, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:  

Әкімдік, прокуратура тарапынан түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Олардың заттарын, контейнерлерін бәрін тегін қамтамасыз етеміз, көшіруін. Меморандумға сәйкес 2 ай тегін отырады жаңа базарда. Қай базарға көшкісі келеді өздерінің құқықтары. Бәрін орынмен қамтамасыз етеміз. 

Қаулыға сәйкес, кәсіпкерлер үш күннің ішінде жүктерін жиып әкетпесе, жергілікті билік ескі базардағы жарық пен суды өшіреді. Есіктерге де арнайы мөр басып, қара құлып салынбақ.

Соңғы жаңалықтар