Бұл туралы ZhambylNews ақпарат агенттігі хабарлайды.
«Біз қырғыз елінің екі облысымен тығыз қарым-қатынас жасап тұрамыз, ол Шу және Талас облыстары. Жақын арада біз Талас ауданына барып келісімшартқа қол қойған болатынбыз. Олар Жамбыл облысынан құрылыс заттарын, ал біз ауыл шаруашылық өнімдерін алуға келіскен болатынбыз. Мінекей, бүгін, Наурыз мерекесі қарсаңында Таластық бауырларымыз өздерінің коцерттік бағдарламаларымен келіп, облыс жұртшылығына өз өнерлерін көрсетуде. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған жәрмеңкенің басты мақсаты да екі облыс арасындағы ынтымақтастықты нығайту болып табылады», — дейді Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев.
Айыр қалпақты ағайын бұл жәрмеңкеге 60 тоннадан астам өнім алып келген. Оның ішінде 10 тонна алма, 12 тонна картоп, 15 тонна фасоль, 5 тонна пияз, 5 тонна қырыққабат,ет және сүт өнімдері сатуға шығарылды. Сондай-ақ, Жамбыл облысынан 32 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары облыс жұртшылығына ұсынылды.
Жалпы, жәрмеңкеге ұсынылған тауардың құны 43,4 млн.теңгені құраған. Ал жәрмеңке бағасы базар нарқынан 10-17 пайызға арзан.
Жәрмеңке барысында Орталық алаңда киіз үйлер тігіліп, Қырғызстан Республикасының еңбек сіңірген әртістерінің қатысуымен концерттік қойылым ұйымдастырылуда.